15 наурызда өтетін референдумға халықтың көзқарасы қандай?

0
186

Ақпан айының 12-сі күні Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы жарияланып, Негізгі Заңға біршама өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, Заңның 77-бабына қайта түзетулер ұсынылған. Соның ішінде «Адам бостандығы», «Білім және ғылым», «Жаңа технологиялар мүмкіндіктерін дамыту», «Отбасы» секілді заңның бірнеше бөлімдеріне өзгерістер енгізіліп, қайта қаралады.
Сонымен қатар жобада мемлекеттік басқару жүйесінде де біршама өзгерістер орын алмақ. Атап айтсақ, басқару жүйесі бір палаталы жүйеге ауысып, «Халық кеңесі» органы құрылып, вице-президент лауазымы пайда болады.
Жаңа заң жобасы жарияланған күннен бастап түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, БАҚ беттерінде жаңа заң жобасы таныстырылды. Ал 15 наурызда жаңа заң жобасын іске асыру мақсатында саяси референдум өтеді. Референдум бойынша халықтың көзқарасы мен пікірі қандай?
Осы сұрақ төңірегінде қоғамның түрлі санатындағы азаматтардың пікірін білген едік.
Біздің алғашқы кейіпкеріміз — Сейдахмет Шапағат, бөбекжай-балабақшасының дефектолог маманы.
1. Жаңа заң жобасы бойынша 15 наурызда өтетін референдумда дауыс бересіз бе?
— Иә, мен 15 наурыздағы референдумда дауыс беремін.
2. Жаңа Конституциядан не күтесіз?
— Жаңа Конституциядан әділдік пен тұрақтылықты күтемін.
3. Сіз үшін қандай заңға өзгеріс енгізілетіні оң жаңалық болды?
— Мәселен, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмекті күшейту туралы өзгеріс мен үшін жақсы жаңалық болды. Бұл өзгеріс олардың материалдық жағдайын жақсартуға, балалардың сапалы білім мен медициналық көмек алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай қолдау қоғамдағы әлеуметтік теңдікті сақтауға және отбасы институтының беделін арттыруға ықпал етеді.
4. Аталған Конституция ел болашағына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
— Аталған Конституция ел болашағына оң әсер етеді деп ойлаймын.
Референдумға бәрі де дауыс беруге құқылы, бірақ міндетті емес. Референдумға қатысу немесе қатыспау — әр азаматтың өз еркі. Мәселен, Нұржан Сәдірбекұлы бұл жолы референдумға қатыспауды жөн көрген. Кейіпкеріміз оған себеп ретінде өз жеке басының жағдайын атап өтті. Ал біздің қоғамда әр азаматтың пікірі мен көзқарасына құрметпен қаралады.
Кезекті кейіпкеріміз — Айша апай, көпбалалы ана.
Айша апай жақында болатын референдумда дауыс бермекші. Ол жаңа заң жобасын қабылдау ел болашағына көптеген мүмкіндіктер мен нәтиже беретініне сенеді. Сонымен қатар кейбір талаптардың, соның ішінде жол қозғалысына арналған ережелердің күшеюі жол-көлік оқиғаларын азайтады деп үміттенеді.
Қорытындылай келе, жақында болатын референдумның нәтижесі қазақстандықтардың дауысына байланысты болмақ. Елде жаңа заң жобасынан үміт күтетіндер де, бұны кезекті сайлау деп қабылдайтындар да жетерлік. Жаңа заң жобасы Конституция ретінде қабылдана ма, әлде тек жоба болып қала ма — бұл қазақстандықтардың шешімі мен таңдауына тікелей байланысты болмақ.

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы


ПІКІР ЖАЗУ