«Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы азаматтық сектордың рөлі» тақырыбында ҮЕҰ күніне арналған шара өтті

civil.alliance
27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) күні. Мереке қарсаңында Астана қаласындағы «AIFC Property Offices» ғимаратында ҮЕҰ күні аталып өтті. Аталған шара «Қазақстанның Азаматтық Альянсы», «Астана қаласының ҮЕҰ альянсы» және «Астана азаматтық орталығы» ұйымдарының бастамасымен ұйымдастырылды. ҮЕҰ күні «Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы азаматтық сектордың рөлі» тақырыбында өтті.
Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі А. Құрманова, ҚР Оқу-ағарту министрі Ж. Сүлейменова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Б. Жексенбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М. Әбенов және Астана қаласы әкімінің орынбасары Е. Байкен (Е. Берікұлы) қатысты.
Жиынға қатысушылар ҮЕҰ-дың қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, ұйымдардың жыл ішінде атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.
Парламент депутаты М. Әбенов: «Жаңа заң жобасы – елдің 50 жылдық тағдырын шешетін құжат», – деп атап өтіп, қатысушыларды саяси науқанға белсене қатысуға шақырды.
Шара соңында Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиеваны және басқа да ұйым мүшелерін алғыс хатпен құттықтады.
Тастанбек Аяулым Шалхарқызы








