Қысқы Олимпиада 2026:32жыл күттірген жеңіс

0
63

Италияда өткен Қысқы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Ресми деректерге сәйкес, жарысқа әлемнің 92 елінен 900-ден астам спортшы қатысқан. Соның ішінде Қазақстан құрамасынан 36 спортшы жарысқа жолдама алып, 10 спорт түрі бойынша ел намысын қорғады. Нәтижесінде Қазақстан өз қанжығасына бір алтын медаль байлады.

sports.kz

Бұл алтын медаль қазақ спорт тарихындағы көптен күткен жеңіс ретінде тарихқа енді. Бұл тарихи сәтті жасаушы 21 жастағы мәнерлеп сырғанаушы – Михаил Шайдоров. Спортшы — 32 жыл уақыт аралығындағы мәнерлеп сырғанау спорты бойынша алғашқы алтын иегері. Кәсіби деңгейде өнер көрсеткен спортшы тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді өз өнерімен таңғалдырды. Спортшыны жеңіс тұғырына жетелеген — ең қиын деңгейдегі «бес рет төрттік секіру» каскадын жоғары деңгейде орындауы еді. Жас спортшы бұған дейінгі жарыстарында «үштік аксель», «төрттік тулуп» аталатын қиын каскадтарды жарыс сахнасында алғашқылардың бірі болып орындаған. Жас спортшының тарих сахнасында осындай із қалдыруына оның төзімділігі мен еңбекқорлығы сеп болғаны айдан анық. Спортшы «Қазақстан» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында соңғы бес жылда 9 күн ғана демалыс алғандығын айтты. Спортшының темірдей ерік-жігері оның әлемдік аренада танымал болуына септігін тигізді. Отандық БАҚ қана емес, шетелдік басылымдар да спортшының жеңісі туралы жарыса жазуда. Спортшы жарыстан кейін «CGTN Sports Scene» атты қытайлық, ағылшын тіліндегі бағдарламаға сұхбат берді.
Спортшының жеңісімен бірге креативті идеясы да тарихи сәттердің біріне айналды. 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаушы ерекше образымен көзге түсті. Спортшы «Кунг-фу панда» костюмімен өнер көрсетіп, әлем назарын тағы да өзіне аударды. Бұл өнерін әйгілі киножұлдыз Джеки Чан тамашалап, концерттен кейін қазақстандық спортшыға өз алғысын білдіріп, сыйлық ұсынды. Спортшы бұл сәттің күтпеген әрі кездейсоқ екенін алға тартып, таңданысын жасыра алмады.

фото sportbox

Спортшы «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында жеңіске жетуге күш берген — жанкүйерлерінің қалтқысыз сенімі мен шексіз қолдауы екенін мақтанышпен айтты. Ол ерекше сәт ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын атап өтті. Тоқаев әлем чемпионын II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын.
Бұдан бөлек, кәсіпқой боксшы, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин жеңімпазды жеңісімен құттықтады. Сонымен қатар, әнші Димаш Құдайберген спортшыны жеңісімен құттықтап, оған автокөлік пен пәтер сыйға тартатынын жеткізді. Еске салсақ, спортшы 2026 жылғы Олимпиада ойындарында өнер көрсету үшін Димаш Құдайбергеннің орындауындағы композициялардың бірін таңдаған.
Қорытындылай келе, Қысқы Азия ойындары ел тарихында көптен күткен жеңіспен есте қалды. Ширек ғасырдан астам уақыттан кейін келген жеңіс көп дайындық пен үмітті талап етті. Бұл — тарихи сәттің бастамасы ғана. Алдағы уақытта бұдан да биік тұғырлы жеңістеріміз көп болғай!

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы

 


ПІКІР ЖАЗУ