Астанада «Ғылым мен индустрия» диалогы атты дөңгелек үстел өтті

Dala.camp
29 мамыр күні Астанада NU Impact Foundation қоры мен «Тұран» Қазақстан мал өсірушілер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған «Ғылым мен индустрия диалогы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Шара барысында Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясының қорытындысы бойынша әзірленген аналитикалық есеп таныстырылды. Есептің негізгі тақырыптарының бірі Қазақстанның жаңа ветеринариялық мәртебесі болды. 22 мамырда еліміз Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының вакцинация жүргізілетін аймақта аусылдан таза ел мәртебесін алды.
Есеп деректеріне сәйкес, Қазақстанда ірі қара мал саны 9–9,2 миллион басқа жеткен. Елдегі ет өндірісі 1,2 миллион тоннаны құраса, қой еті экспорты 92,8%-ға, ал сиыр еті экспорты 59,1%-ға артқан. «Тұран» қауымдастығы басқарма төрағасы, Dala.Camp экспедициясының негізін қалаушы Жәнібек Кенжебаев саланың сандық өсімі әзірге сапалық серпілісті білдірмейтінін атап өтті.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ірі қара малдың шамамен 90%-ы әлі де индустриялық өндіріс жүйесінен тыс қалып отыр. Оның 45,5%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарға, 44,1%-ы фермерлік шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлерге тиесілі болса, 10,4%-ы ғана ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына шоғырланған.
Есеп барысында Қазақстанның әлемдегі жетекші ет экспорттаушы елдермен салыстырмалы талдауы да ұсынылды. АҚШ-та бір малдан алынатын ұша салмағы 380–420 келіні құраса, Канада мен Францияда бұл көрсеткіш шамамен 370 келіге жеткен.
Әлемдік көшбасшылардан қалып қою мал басының санымен емес, бір басқа шаққандағы өнімділікпен өлшенеді дейді қауымдастық басшысы. Аталған алшақтықты мал санын көбейту арқылы емес, генетика, жемшөп базасы және технологиялар арқылы ғана қысқартуға болады.
Есеп авторлары саланың экспорттық бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш негізгі шартты атап өтті. Олар — өнімнің қадағалануын қамтамасыз ету, қаржыландыруға қолжетімділік және шағын әрі орта бизнесті кооперативтер мен қауымдастықтар арқылы біріктіру. Бұдан бөлек, есеп барысында алдағы 12–24 айға арналған бес басым бағыт ұсынылды. Олардың қатарына генетика және эмбриондық зертханалар бағдарламаларын іске қосу, елдің нарықтағы орнын нығайту және өнімді қадағалау жүйелерін енгізу бар.
Дөңгелек үстел отырысы қорытындысы бойынша NU Impact Foundation қоры, «Тұран» Қазақстан мал өсірушілер қауымдастығы, «Асыл-Түлік» мал шаруашылығындағы асыл тұқым ісі жөніндегі республикалық орталығы» АҚ және National Laboratory Astana жеке мекемесі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Еске сала кетейік, мамыр айының 1–16 күндері елімізде Dala.Camp экспедициясы өткен болатын. Экспедицияға қатысушылар 7500 шақырымнан астам жол жүріп, еліміздің 12-ден астам өңіріндегі мал шаруашылығы кәсіпорындарына, қайта өңдеу зауыттарына және туристік нысандарға барды

Dala cump
.







