Астана әкімі: LRT- жемқорлық символына айналған сақалды құрылыс

jibek.joly
«Уәде» бағдарламасының кезекті қонағы — Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек. Қала әкімі бағдарламада елорданың дамуы мен қала төңірегіндегі мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берді.
Астана қаласы соңғы жылдары халық саны мен құрылыс көлемі жағынан қарқынды дамып келеді. Сарапшылар: «Қала инфрақұрылымнан тез өсіп кетті», — деген пікірде. Қала әкімі бұл пікірді растады. Оның сөзінше, қалада тұрғындар саны жылына кем дегенде 100 мыңға дейін өседі. Яғни жыл сайын халық санының өсуі 7%-ды құраса, дүниеге келетін нәрестелер саны 30-40 мыңды құрайды.
Халық санының өсуіне байланысты инфрақұрылымдардың санын арттыру қажет. Бұл жөнінде Жеңіс Қасымбек былай дейді:
«Ең бастысы — ол мектептер мен медициналық нысандар. Әлеуметтік нысандарды арттыру мақсатында 2 жыл бұрын жылына 24 мектеп салынса, ендігі уақытта 10-15 мектеп артық салуымыз керек»
«Астана витриналық мегаполис пе, әлде адамдардың өмір сүруіне ыңғайлы қала болуы керек пе?» — деген сұраққа қала әкімінің жауабы төмендегідей болды:
«Қаланы тек витрина деп айта алмаймыз. Астана экономикасының 60-65%-ын орта және шағын бизнес құрайды. Қала — мемлекетіміздің келбеті. Бір жағынан, халықтың сапалы өмір сүруіне мүмкіндік жасайтын қала».
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, алдағы уақытта қаланың бас жоспары қабылданады. Жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін қалада 2,3-2,4 миллион адам өмір сүреді деп күтілуде.
2023 жылы Астана ауыз су тапшылығынан зардап шекті. Мәселені шешу мақсатында №3 сорғы-сүзгі станциясы іске қосылған. Аталған станция алдағы 3-4 жылға халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жаңа жоба басталып кетті. Қаныш Сәтбаев атындағы канал арқылы Ертіс өзенінен су құбыры тартылып жатыр. Аталған жоба 2028-2029 жылдары аяқталады. Сондай-ақ қалада төртінші жаңа станция пайда болады. Аталған жоба аяқталған соң су қоры алдағы он жылда да жеткілікті болады, — дейді қала әкімі.
«Қала әкімі тұрғындардың талабын қаншалықты орындайды, тұрғындар талабымен қанша жоба тоқтатылды?» — деген сұраққа Жеңіс Қасымбек былай жауап берді:
«Тұрғындар «Тоқтату керек», — деген жобалардың саны 30 болған. Қазіргі таңда аталған жобалардың 90%-ы тоқтатылды. Оның ішінде ұзақ мерзім бойы құрылысы бітпеген «сақалды құрылыстар» да бар».
Әкім өз сөзінде мектепке баратын оқушылар саны жыл сайын өсіп жатқанын айтты. Осы орайда, қалада үш ауысымдық мектептер мәселесі туындаған болатын. Бұл туралы қала әкімі былай дейді:
«Президент бастамасымен қалада 24 жайлы мектеп салынды. Соңғы жылдары салынған мектептер саны 50-ге жетті. Қазіргі таңда үш ауысымдық мектептер жоқ. Аталған мәселені болдырмау үшін жыл сайын 5 мектеп салынып отыруы керек».
Бағдарлама барысында құрылысы он жылға созылған LRT жобасы да назардан тыс қалмады. Әкім жобаның ұзақ уақытке созылу себебі бюджетке байланысты екенін айтты.
Аталған жоба — жемқорлықтың символына айналған «сақалды құрылыс» болатын. 2023 жылы Президент LRT-ны алдағы екі жылда аяқтау керек деп тапсырма берді. Екі жыл ішінде жоба аяқталып, 6 ай тест режимінен өтті. «LRT-ның екінші жобасы Қосшы қаласына жоспарланып жатыр. Аталған жоба келесі жылы аяқталады», — деді Жеңіс Қасымбек.
Қаланың экологиялық мәселесі бойынша Кіші Талдыкөл мәселесі сөз болды. 2023 жылы сулы-батпақты көлдер жүйесін сақтап қалу мен оның орнына тұрғын үйлер салу бойынша тартыс басталған болатын. Ұзаққа созылған тартыстан кейін сот шешімінің нәтижесінде бірнеше көлдің қалуы міндетті деп танылған. Қазіргі таңда көлдер маңайында экопарк құрылысын бастау қолға алынған.
«Қаланың жаңа дизайн коды қабылданған. Аталған код бойынша қала бойындағы жарнама тақталары мен нысандардың тақтайшаларын біріздендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, қаланы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде», — деді қала әкімі.
Бағдарлама соңында қала әкімі жастарға кеңесін айтып, келесі жылдың соңына дейін Қосшыға баратын жолды аяқтауға, қаланы абаттандыру жұмысын жалғастыруға, құрылыс жұмыстарын тұрғындардың талабына сай жүргізуге уәде берді.
Тастанбек Аяулым Шалхарқызы
Warning: A non-numeric value encountered in /var/www/www-root/data/www/democracy.kz/wp-content/themes/rubik/inc/libs/single_core.php on line 250







