Иран дрондары бағытынан жаңылды ма?

0
10

5 наурыз күні Ираннан ұшырылған екі әскери дрон Әзербайжанға құлады. Ұшырылған аппараттардың бірі елдің Нахчыван әуежайына түссе, екіншісі Шекеребад елді мекеніндегі мектептің жанына құлаған. Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жарылыстан 4 адам зардап шеккен.

Баку билігі Иранның бұл әрекетін қатаң айыптады. Ел Президенті Ильхам Әлиев бұл қадамның жауапсыз қалмайтынын хабарлады. Алайда Тегеран көршілес елдің бұл айыптауымен келіспейді. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Әзербайжан министрі Джейхун Байрамовпен сөйлесу барысында дрондардың өз аумағынан ұшырылмағанын айтты. Иран тарапынан болған оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Аббас Аракчи өз сөзінде бұл шабуылды екі ел арасындағы қарым-қатынасты бұзуға бағытталған әрекет болуы мүмкін деп сипаттады. Сонымен қатар оқиғаға Израиль мемлекеті жауапты болуы мүмкін деген болжам айтты.

Алайда Әзербайжан билігі Иранның берген жауабына қанағаттанбады. Ресми Баку қарсы тараптан кешірім сұрауды талап етіп, екі ел арасындағы транзиттік және әуе жолдарын жапты. Әзербайжан Президенті қазіргі таңда Иранда тұтқында отырған этникалық әзербайжандардың жағдайы туралы сөз қозғап, Ирандағы әзербайжан диаспорасын Тегеранға қарсы күш біріктіруге шақырды деп хабарлайды BBC ақпарат агенттігі.

Бұдан бөлек, 4 наурыз күні Иран аумағынан Ирак пен Сирия әуе кеңістігі арқылы Түркия бағытына баллистикалық зымыран ұшырылғаны анықталды. Зымыранды НАТО-ның зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі атып түсірген. Тегеран ұшырылған зымыран Түркия бағытына қарай емес деп ресми мәлімдеме жасады. Оған жауап ретінде Түркия СІМ Иранды аймақтық шиеленісті арттырмауға шақырды.

Сарапшылардың қазіргі геосаяси жағдайға берер пікірі қандай?

Саясаттанушы Жангелді Шымшық «Адырна» порталына берген сұқбатында қазіргі әлемдік жағдайларға байланысты пікір білдірді. Сарапшының пікірінше, қазіргі мемлекетаралық қақтығыстар үшінші дүниежүзілік соғыс қаупін тудырып отыр. Сонымен қатар, болып жатқан жағдайлардың дінаралық соғысқа қатысы жоқ екенін алға тартып, бұл — диктаторлық жүйенің билікке таласы екендігін жеткізді. Саясаттанушы бұл текетіресті «гибридтік», яғни ақпараттық соғыс деп атап, әлеуметтік желілердегі шындыққа жанаспайтын бейнематериалдарды мысалға келтірді.

«Халықаралық тұрақтылықты кім бұзды?» деген сұраққа саясаттанушы аймақтық шиеленістердің себеп-салдарына тоқтала келіп, Иран мемлекетінің ішкі және сыртқы саясатының қарама-қайшылығы мен Трамптың Иранға қатысты мәлімдемелерін назарға ала отырып, бұл жағдаятта бір жақты айыптау қисынсыз деді. «Трамп он күнде Иранды жеңе ала ма?» деген сұраққа сарапшы Иран халқының көптігі мен әскери жүйесінің қуаттылығы және ислам фанатизмі Трамп жоспарының жүзеге асуына кедергі келтіруі мүмкін екенін жеткізді.

Сарапшы Жангелді Шымшық айтқандай, Таяу Шығыс елдері арасындағы геосаяси жағдай қазіргі уақытта өршіп тұр.  Мемлекеттер арасындағы қақтығыс қанша уақытқа созылатыны және немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Ал бағытынан жаңылған дрондар, өз кезегінде, соғысқа қатысушы мемлекеттердің қатарын көбейтуі мүмкін. Ұшу аппараттарының өзге бағытқа бет алуы техникалық ақау ма, әлде әдейі жасалған араңдату ма? Бұл сұрақтарымыздың жауабын алдағы тергеу амалдары көрсетеді.

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы


ПІКІР ЖАЗУ