Қазақстанда ипотека жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі?

0
5

Қазақстанда ипотекаға қатысты біршама өзгерістер енгізіледі. Үкіметте өткен баспасөз брифингінде «Наурыз», «Отау» секілді бағдарламаларды бір жүйеге келтіру ұсынылды. Сондай-ақ үлестік құрылыс саласында өзгерістер күтіп тұр. Премьер-министр Бектеновтің мәлімдеуінше, енді құрылыс компаниялары арнайы рұқсат пен мемлекеттік кепілдіксіз тұрғындардан ақша тарта алмайды және мұндай тұрғын үйлерге банктер де ипотекалық несие бермейді.
«Отбасы банк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, алдағы уақытта «Ұмай» ипотекалық бағдарламасын қайта іске қосу мәселесі қаралып жатыр. Бағдарлама шілде-тамыз айларында іске қосылуы мүмкін. Азия даму банкі ипотекалық бағдарламаларға 90 млрд теңге қарастырған. Оның 50 пайызы — «Жасыл ипотека», қалған 50 пайызы «Ұмай» бағдарламасына бөлінеді деп хабарлайды Inbusiness. Аталған бағдарлама 18-65 жастағы табысы бар және соңғы 6 айда зейнетақы жарнасын үздіксіз төлеген әйелдерге арналған.
Бұдан бөлек, Қазақстанда Ислам ипотекасы енгізілмек. Ләззат Ибрагимованың сөзінше, «Отбасы банк» Пәкістандағы Meezan Bank Limited банкімен Ислам ипотекасына қатысты меморандумға қол қойды. Қазіргі таңда аталған құжат бойынша бес мемлекеттік орган өз келісімін берген. Мәжіліс жобаны мақұлдаса, елде жаңа ипотекалық бағдарлама қосылуы мүмкін деп хабарлайды Astana TV.
Аталған ипотека жүйесі қазіргі ипотекалық бағдарламалардан өзгеше. Ислам ипотекасы пайызсыз қаржыландыру қағидатына негізделген. Аталған бағдарлама Мурабаха моделін пайдаланады. Бұл модель бойынша банк жылжымайтын мүлікті сатып алып, қарыз алушыға қосымша үстемақымен сатады.
Бұдан бөлек, Бектенов облыс әкімдеріне әлеуметтік осал топтарға арналған коммерциялық ипотекалар санын көбейтуді тапсырды. Сарапшылар бұл баспана бағасының төмендеуіне еш әсер етпейтінін жеткізді.


ПІКІР ЖАЗУ