Ерекше» фильмі 19 наурыздан бастап барлық кинотеатрларда

Ерекше фильмі 19 наурыздан бастап көрермендерге жол тартады. Бүгін аталған фильмнің презентациясы таныстырылды. Бұл фильм — махаббат пен адалдық, үміт пен жігер, арман мен табандылық туралы түсірілген туынды. Фильм Қазақстан бочча федерациясының қолдауымен және «Tiger Films» продюсерлік компаниясының демеушілігімен түсірілген.
Жоба авторы —Сержан Серікбай, режиссері — Ернар Нұрғалиев. Ернар Нұрғалиев көрерменге «Келінжан», «Жаным, ты не поверишь» және «Менің папам-тигр», «Алға» спорттық драмасы арқылы таныс. Бұл фильм –бочча спортшыларының өмірі мен немен айналысатынын көрерменге көрсету мақсатында жүзеге асқан. Басты рөлді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан сомдайды.
Бочча спорты 1984 жылдан бері Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енген. Бұл ойын ауыр мүгедектігі бар адамдарға арналған. Ал Қазақстанда бочча федерациясы 2021 жылы құрылған. Қазіргі уақытта еліміздің 13 өңірінде ұйымның аймақтық филиалдары жұмыс істейді. Сонымен қатар 250-ден астам спортшы аталған спорт түрімен айналысады. Бұдан бөлек, 47 спортшы Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп жүр.
Фильмнен түскен барлық қаражат мүгедектігі бар балаларды қолдауға бағытталады. Өмір тауқыметін тартқан жандардың өмірі мен мұқалмас жігеріне, болашаққа деген үмітіне куә болғыңыз келсе, «Ерекше» фильмін көруге шақырамыз.








