Ғаламдық жылыну: қызыл сызыққа жақындап келеміз

0
83

Бір кездері ғаламдық жылыну алыстағы қауіп сияқты көрінсе, бүгінде оның салдары қатты білінуде. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутеррештің баяндауынша жаһандық жылыну үдерісі «қызыл сызыққа» жақындап келе жатыр екен және бұл әлем үшін қауіпті климаттық дағдарыс екенін де айтады.

Осы жағдайға байланысты басқа да шетелдік ғалымдар алаңдаушылық білдіруде. Халықаралық метеорология ұйымының маманы Селесте Сауло: «Климаттың өзгеруі – бұл қорқынышты фильм емес, қазірде бұл біздің шынайы өміріміз» дейді. Бұл сөзбен ол климат өзгерісінің тек болашаққа қатысты емес, қазіргі кезде адамдар мен табиғатқа тікелей әсер ететінін көрсетеді: жыл сайын орын алып жатқан қуаңшылықтар, селдер мен егіннің бұзылуы, адамдардың денсаулығына келіп жатқан қауіптің бар екені анық. Ал АҚШ ғалымы Джеймс Хансен: «2 °C мақсаты мүлде орындалмады, шығарындылар өсіп жатыр, ал климат жүйесі жылдамырақ өзгеруде» дейді. Бұл тұжырымға Француз климатологы да келісе : «Ғаламдық жылынуды 1,5 °C деңгейінде шектеу мүмкін емес, себебі қалған көміртек қорының таусылып қалғанын» айтады.

Бұл үрдіс елімізде де сезіледі, жаз ыстық болып, қыс қысқарып барады. Тянь-Шань тауларындағы мұздықтар біртіндеп азайып, Балқаш, Іле және Шу өзендерінің су көлемі кеміп отыр. Қуаңшылықтар мен шаңды дауылдар егінге, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Мысалы, Қырғызстандағы Ақ-Шырақ мұздықтары соңғы он жылда шамамен 6 %-ға, Ақсу бассейні 9 %-ға дейін қысқарған.

Халықаралық деректер де алаңдатарлық. Африкадағы Килиманджаро мен Кения тауларындағы мұздықтар тартылып қалуы мүмкін деседі, ал Еуропадағы Доломит пен Пиренеев мұздықтары қауіп үстінде тұр. UNESCO-ның  ескертуінше: Дүниежүзілік мұра объектілеріндегі мұздықтардың үштен бірі жойылуы мүмкін. Жер бетіндегі орташа температура индустриалды дәуірге қарағанда 1,4 °C жоғарылаған, CO₂ концентрациясы рекордтық 417,9 ppm, метан 1923 ppb жеткен. Экстремалды ауа райы оқиғалары жиілеп барады, бірақ әлем елдерінің жартысы ғана тиімді ескерту жүйелеріне ие болып отыр.

Ғаламдық жылыну күнделікті өмірімізге тікелей әсер етеді: егін мен судың азаюы, селдер мен өрт қаупі, соған орай қалада тұру алдағы уақытта қолайсыз болуы мүмкін. Егер тез арада іс-әрекетке көшпесек, әлем бойынша жағдайдың ушығуы ықтимал.

Сонда да жаһандық жылынудың алдын-алуға арналған шараларды жүргізуге болады. Мәселен шығарындыларды азайту, жаңартылған энергия көздеріне көшу, электр мен отынды үнемдеу.

Тауарды саналы түрде тұтыну: пластикті азайту, қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық өнімдерді қолдауға көшу керек. Сонымен қатар тұрақты түрде ауыл шаруашылығын дамытуымыз керек, қуаңшылық пен су тасқынына қарсы жүйелерді енгізіп алдын ала ескерту бағдарламаларын қолдану қажет.  Әрқайсымыз жергілікті қалаларды жасылдандыру, экологиялық жобаларды қолдау мен пайдалы ақпарат тарату сияқты түрлі бастамаларға қатысуымызға болады. Қаншалықты жылдам әрекет етсек, қайтымсыз салдардың ықтималдығы соғұрлым азаяды, сол кезде ғана келер ұрпаққа өмір сүру әлдеқайда қауіпсіз болмақ.

Күннұр БОЛАТБЕК


ПІКІР ЖАЗУ