Шымкенттік жастар татулық пен тұрақтылықты сақтау жолдарын талқылады

Қазіргі уақытта қоғамның тұрақтылығы мен дамуы жастардың саналы көзқарасына, азаматтық жауапкершілігіне және ұлттық құндылықтарды түсінуіне тікелей байланысты. Жастардың патриоттық сезімі, өз мемлекетіне деген сүйіспеншілігі және қоғамдық өмірге белсенді қатысуы елдің болашағын айқындайтын маңызды міндет саналады. Сол себепті олардың рухани және мәдени дамуына көңіл бөлу, азаматтық тәрбие беру, бейбітшілік пен келісім қағидаларын дұрыс түсіндіру – қазіргі заман талабына сай қоғамның басты бағыттарының бірі. Осыған орай, Шымкент қаласында жас буынға бейбітшілік, ынтымақ және келісім ұғымдарын дұрыс жеткізу мақсатында түрлі ақпараттық-тәрбиелік кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар жастардың дүниетанымын кеңейтіп, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Осы бағытта бүгін «Отырар» колледжінің студенттерімен өткізілген ақпараттық-түсіндіру кездесуі де олардың бейбітшілік, ынтымақ және келісім ұғымдарын терең түсінуіне, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың маңызын сезінуіне жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Шымкент қаласының «Қоғамдықкелісім» КММ қызметкерлері Нұржан Абдукаримов пен Тимур Бөрібаев, «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Жансая Аманбаева және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Нұрхан Әбдіманап қатысты.
Кездесуде еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың маңызы, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану мәдениеті, Отан алдындағы борышты өтеудің азаматтық жауапкершілігі, мемлекеттік тілді дамыту мен кереғар діни ағымдардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Бұдан бөлек, басқосу барысында жастарға ұлттық бірлік пен келісімнің маңыздылығы, әр түрлі әлеуметтік топтар мен ұлт өкілдері арасындағы татулықты сақтау қажеттілігі кеңінен түсіндірілді. Бұл оларға қоғамдағы өз орнын сезініп, дұрыс шешім қабылдауға және болашақта бейбіт өмірді нығайтуға үлес қосуға жол ашады.
Бүгінгі кездесу жас буынның патриоттық рухын арттырып, олардың қоғам алдындағы рөлін терең түсінуіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар жастарға әр азаматтың қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы міндеті түсіндіріліп, саналы әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығы атап өтілді.








