Шымкент жастары бірлік пен татулықты нығайту жолдарын талқылады

Еліміздің болашағын қалыптастыруда Шымкент қаласының жастары да айтарлықтай рөл атқарып, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосып келеді. Қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылықпен татулықты сақтау тек ересектердің ғана емес, жас буынның да жауапкершілігінде. Жастардың белсенділігі, саналы ұстанымы және патриоттық сезімі қоғамның дамуы мен ұлттық бірліктің нығаюына тікелей әсер етеді. Сол себепті оларды рухани, мәдени және азаматтық жағынан тәрбиелеу – еліміздің тұрақты дамуы мен келешек ұрпаққа қалатын басты құндылықтардың бірі болып табылады.
Бүгін Аймақтық-инновациялық университетінде жастардың рухани және азаматтық санасын арттыруға бағытталған танымдық кездесу өтті. Шараның мақсаты – жас буынның бойында елжандылық сезімін қалыптастырып, қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтарын дәріптеу. Іс-шараға Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Нұржан Абдукаримов, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Outreach және NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің маманы Жансая Аманбаева, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Нұрхан Әбдіманап, сондай-ақ университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Дәурен Керімбаев қатысты.
Кездесу барысында еліміздегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің маңызы, мемлекеттік тілді дамыту, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану, сондай-ақ кереғар діни ағымдардың алдын алу мен Отан алдындағы борышты өтеудегі азаматтық жауапкершілік тақырыптары кеңінен талқыланды.
– Қоғамдық келісім мен бірліктің негізі – жастардың белсенділігі мен жауапкершілігі. Бүгінгі буын тек әлеуметтік желі арқылы емес, нақты істерімен де елдің дамуына үлес қосуы керек. Әр жас өз орнында бейбітшілік пен татулық құндылықтарын насихаттаса, бұл – ел болашағына жасалған үлкен инвестиция, – деді Нұржан Абдукаримов.
Іс-шара соңында қатысушылар жастарды патриоттық рухқа, қоғамдық белсенділікке және саналы азаматтық ұстанымға шақырды. Сонымен қатар, әрбір жас азаматқа қоғамдағы бейбітшілікпен тұрақтылықты сақтау міндеті түсіндіріліп, саналы және жауапты ұрпақ тәрбиелеудің маңызы айрықша айтылды. Осы іс-шаралар арқылы Шымкент жастарының ой-өрісі кеңейіп, олар қоғамдық өмірге белсенді араласып, бірлік пен татулық құндылықтарын насихаттайды. Сонымен қатар, бұл бастамалар жас буынның қоғам алдындағы міндетін айқындап, ел болашағын нығайтуға бағытталған.








