Теріскей бос қалмасын»: «Тәуекел» қоры Солтүстікке қалай ел шақырып жатыр?

0
79

Бурахан Даханов – қоғам белсендісі, «Тәуекел» қорының жетекшісі.

«Тәуекел» қоры солтүстік өңірлердегі көші-қон мәселелерімен айналысады. Соның ішінде солтүстікке қоныс аударған азаматтар мен қандастарымызға материалдық көмек беріп, әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсетеді. «Теріскей бізге аманат, Елдің теріскейі бос қалмасын» деп ұран еткен Бурахан Даханов «Democracy» ақпараттық сайтына сұқбат берді.

1.  Елге көшіп келген қандастар мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Осы орайда, қандастар мен солтүстікке қоныс аударғандарға көмектесу мақсатында құрылған «Тәуекел» ұйымы туралы жалпылама айтып кетсеңіз?

– Мен Оңтүстіктен Солтүстікке 2021 жылы көшіп келдім. 2022–2023 жылдардан бастап Солтүстіктің әсем жерлерін халыққа насихаттап, осы өңірге ел шақырумен айналыстым. Қарап отырсам, солтүстікке көшіп келген азаматтарға қарайласатын, олардың мұңын тыңдайтын ешқандай ұйым жоқ екенін байқап, «Тәуекел» ұйымын құруға шешім қабылдадым.

–Мен өзім Оңтүстіктен келгендер мен елге келген қандастарды «мақсаттастар», «үзеңгілестер» деп атаймын. Сол үзеңгілестердің арқа сүйері болсын деп, 2023 жылы «Тәуекел» ұйымын ресми тіркедім. Осы ұйым арқылы Оңтүстік өңірлерге – Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жетісу жерлеріне, тіпті Моңғолияға дейін бардық. Солтүстік өңірлерді насихаттау барысында, сол өңірлерге қазақтың қаны мен санын көбейту мақсатында осындай орасан зор еңбек жасадық.

2024–2025 жылдары Солтүстікке ішкі қоныс аударғандарға қарағанда, сырттан келген қандастардың ұзақ өмір сүретініне көзіміз жетіп, серіктесім Жанислам Талғатұлы екеуіміз ұйымның негізгі бағытын – қандастарға қызмет ету деп өзгертіп, осы бойынша жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

2. «Тәуекел» ұйымы арқылы қанша қандас туған еліне табан тіреді?

– Біз ұйым арқылы көшіп келгендердің саны туралы нақты айта алмаймыз. Оны айтатын ақпараттық ресурс бізде жоқ. Бірақ бір айтарым – елге келген екінші немесе үшінші қандастың біздің елге шақырған бейнежазбаларымыз арқылы келгені анық. Өйткені кез келген қандастан біз туралы: «Бурахан мен Исламды, «Тәуекел» ұйымын білесіздер ме?» – деп сұрасаңыз, олардың бізді танитынына кәміл сенімдімін.

3. Елге көшкен қандастардың басты мәселесі қандай?

– Дәл қазіргі уақытта елге көшіп келе жатқан қандастардың келер жолын Үкімет қиындатып жіберді. Елімізде қандастарға арналған пилоттық бағдарлама іске қосылды, сол бағдарлама бойынша көптеген өзгерістер болып, елге келген қандастардың жапа шегіп жатқаны – рас. Бұрын «азаматтық беріңдер» деп сөйлейтін қандас, қазір «виза берсеңіз болды» деп сөйлейтін болды.

–Визаның өзін қазір үш-ақ айға береді. Визаны алу үшін ҚАЗТЕСТ тапсырады. Ал ҚАЗТЕСТ-ті кез келген адам бірден тапсыра алмайды. Осыған байланысты біз ұсыныстар жасаған болатынбыз.

«60–65-тен асқандарды ҚАЗТЕСТ-тен босатайық, ҚАЗТЕСТ-ті виза алу режимінен алып тастап, қандас немесе ықтиярхат алу мәселесі бойынша келгенде ғана ҚАЗТЕСТ-ті қолданайық» дедік. Елге келген қандас үш айдың ішінде әріп үйреніп, ел қатарына қосылады, сосын ҚАЗТЕСТ-ті қиындықсыз тапсырып, заңды құжатты алатын еді.

4. Елімізде Солтүстікке қоныс аударғандар үшін көптеген бағдарламалар жұмыс істейді. Алайда әлеуметтік желілерде өңірдегі су, жылу мәселелері де жыл сайын айтылып келеді. Аталған мәселелер Солтүстікке қоныс аударушылардың кері қайтуына ықпал ете ме?

– Жалпы, мына нәрсені түсіну керек. Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлық облыс. Яғни жер шаруашылығы мен мал шаруашылығына ыңғайлы. Мен әрқашан айтамын: «Солтүстік Қазақстан облысы – түрме емес». Мұнда келіп көп адам ойлайды, осы өңірде өмір сүрсе, ешқайда жібермей, байлап қояды деп. Қазақстан Республикасы азаматының кез келген жерде өмір сүруге құқығы бар. Бір айтатыным, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығымен айналысатын адамға инфрақұрылым аса қажет емес. Оған құнарлы жер, өзен, көл, шөп болса жетеді. Ал бұның бәрі бізде бар.

5. Сіз өз блогыңызда қандастардың азаматтық алуы мен ҚАЗТЕСТ мәселесін жиі көтересіз. Бұл мәселе жоғары органдарға жетті ме, әлде шешімі жоқ мәселе ретінде қалды ма?

– Біз Президентке хат жібердік, бейнеүндеу де жасадық. Біздің айтқан ұсыныстарымыз жоғары жақта қаралып жатыр. Пилоттық бағдарлама біткеннен кейін, көп нәрсе біздің ұсыныстарымыздың арқасында өзгеретініне кәміл сенімдіміз.

6. Солтүстіктегі көші-қонды арттыру үшін мемлекет және қоғам тарапынан қандай жағдай жасалынуы қажет?

– Елге келетін қандастарға байланысты мына нәрсені түсіну керек. Көбісі ойлайды қандастарға үй керек, көмек керек деп. Бірақ шын мәнінде көмек бізге қажет. Қоғам осыны түсінсе деймін. Яғни сырттан келетін қандас өзге тілде сөйлейтін, экономикасы ақсап тұрған мекендерге ауадай қажет! Келіп жатқан қандасқа біз көмек, келіп жатқан күш деп қарауымыз керек, сонда бізде көп нәрсе өзгереді.

–Қазіргі кездегі пилоттық жоба тым асығыс шешім бе?–деп ойлаймын. Себебі кейбір өңірлерде халық саны белгілі деңгейден асқан жоқ, белгілі экономикалық жетістікке де жете қойған жоқпыз. Сол себепті сырттан келген әр қандасқа айтамын:

«Келгенде елге кәсіп ала келіңдер, білім ала келіңдер және ең бастысы, елге ел қосатын өз ұрпағыңды алып кел»

Сұқбат соңыңда  Бурахан Даханов қандастарды мына бір өлең шумақтарымен елге шақырды!

 

Сен ешкімге қарамай,

 Ештеңеге қарамай,

Көшің түзе!

Бұқараңды баста, кел.

Азаппен кел, тозақпен кел,

Қаш та кел,

Ұрым-Қырым ас та кел.

Көшің түзе!

Күтпесе де ұлығы,

Көзі төрт боп тосқан ел.

Көрсек – бірге,

Туған елдің тойында

Бостандықтың шәрбат дәмін татайық.

Өлсек – бірге,

Туған жердің сайында

             Құшағымыз ажырамай жатайық!

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы


ПІКІР ЖАЗУ