Қазақстан және әлем: Балалар онкологиясындағы ортақ күрес

0
96

Әрбіріміздің өмірімізде рак ауруынан өмірі құрбан болған танысымыз бар не болмаса күнделікті ауруына ем іздеп қаражат іздестіріп жатқан жандарды жиі кездестіреміз. Кейде ол ауру бізден алыста жүргендей көрінеді, алайда бұл қатерлі ісікке кез-келген адам душар болуы мүмкін, өкінішке қарай балалардың өзі де.

Өскелең жас ұрпақ арасындағы рак ауруы қазіргі заманғы медицина үшін ең күрделі және көпқырлы мәселелердің біріне айналып үлгерді. Оның алдын алу, ерте анықтау және кешенді емдеу шараларын қалыптастыру — денсаулық сақтау жүйесінің ең басты стратегиялық жоспарына еніп отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2025 жылғы деректері бойынша, 2024 жылы Қазақстанда балалар арасында жаңа қатерлі ісік жағдайлары бойынша 638 жағдай тіркелген. Елдегі балалардың онкологиялық орталықтарына жыл сайын шамамен 5 000 пациентке дейін медициналық көмек көрсетіледі. Соның ішінде балалардың бес жылдық орташа өмір сүру көрсеткіші шамамен 75% -ды құраған, бұл дамушы елдер үшін салыстырмалы түрде қолайлы деңгей болып есептелінеді.

Қазіргі балалардағы қатерлі рак ауруының ішінде ең жиі кездесетін түрлері: лейкоздар, ми және орталық жүйке жүйесінің ісіктері, лимфомалар және сүйек ісіктері. Осы секілді әртүрлі аурудың алдын алып, емдеуге арналған негізгі орталықтарға Алматыдағы «Педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығы» мен Астанадағы «Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығы» жатады. Бұл орталықтарда стандартты химиотерапия мен радиотерапиядан бөлек, химиорезистентті және күрделі ісік түрлерін емдеуге арналған кешенді бағдарламалар жүзеге асырылады.

Ал әлемдік статистика бойынша жыл сайын шамамен 300 000 бала қатерлі ісікке шалдығады. Дамыған елдерде балалардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 80%-ға дейін жетсе, дамушы елдерде бұл көрсеткіш 50–60% аралығында. Мысалы АҚШ-та балалардағы лейкоз бойынша бес жылдық өмір сүру деңгейі 85–90%-ды құраса, ал Еуропада орташа көрсеткіш 78–82% шамасында.

Дамыған елдерде балалар онкологиясы бойынша кешенді жүйе жақсы қалыптасқан, олардың барлық емдеу кезеңінде мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді, оған педиатр онколог, гематолог, радиолог, психолог және әлеуметтік қызметкердің еңбек үлесі кіреді. Емдеу орталықтарында кешенді химиотерапия, радиотерапия, трансплантация, инновациялық дәрі-дәрмек және биологиялық терапия әдістері қолданылады.

Балалардағы қатерлі ісіктің пайда болуына бірқатар факторлар әсер етеді. Мәселен генетикалық мутациялар жасушалардың бақылауынсыз бөлінген жағдайда, отбасылық генетикалық бейімділік осылайша қатерлі ісікке әкеледі екен. Оған қоса қоршаған орта факторлары — радиация, химиялық заттар және токсиндер қатерлі ісіктің даму ықтималдығын күшейтеді. Иммундық жүйенің әлсіздігі рак жасушаларын танымай қалуына ықпал етсе, кейбір вирустар (ВПЧ, гепатит B және C, Эпштейн-Барр вирусы) аурудың пайда болуына қосымша бір фактор болмақ.

Қатерлі ісіктің алдын алу толық мүмкін болмаса да, одан келер тәуекелді айтарлықтай төмендетуге болады. Дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті сақтау, вакцинация (ВПЧ, B гепатиті), медициналық тексерулер мен иммундық жүйені қолдау — ең негізгі профилактикалық шараларға жатады.

Қазақстанда балаларға дәрі-дәрмек мемлекет есебінен тегін қамтамасыз етілсе де, кейбір отбасылар үшін емнің жоғары құны және диагностикаға кеш қаралуы әлі де өзекті мәселе ретінде қалып отыр. Бірақ сонда да балаларға психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және педагогтар арқылы психологиялық қолдау көрсетіліп, емдеу барысында білім алу мүмкіндігі қамтамасыз етілген, бұл балалардың психологиялық тұрақтылығы мен әлеуметтік бейімделуіне оң әсер етеді.

Бұл аурумен күресу үшін көбірек шетелдік тәжірибені алға тартуымыз керек, мәселен дамыған елдерде балалар онкологиясында бірнеше маңызды қағидат қолданылатынын айттық.

Біріншіден, барлық емдеу кезеңінде мультидисциплинарлық тәсіл қолданылады: әр пациенттің жағдайын педиатр онколог, гематолог, хирург, радиолог, психолог және әлеуметтік қызметкер бірігіп бағалайды.

Екіншіден, инновациялық терапиялар қолданылады: химиотерапиямен қатар таргеттік терапия, иммунотерапия және ствол жасушаларын трансплантациялау кеңінен қолданылады.

Үшіншіден, пациенттің сапалы өмірін сақтау үшін психологиялық және әлеуметтік қолдау маңызды рөл атқарады. Осындай уақытылы кешенді қадағалау мен тексеріс, технология санын арттыру сияқты әрекеттер біздің де медицинамызға керек екені сөзсіз.

Балалар арасындағы онкологиялық аурулар – медицина мен қоғамның ортақ күресін талап ететін маңызды мәселе. Қазақстанда бұл бағытта ерте анықтау мен емдеудің жаңа тәсілдері енгізіліп, сауығу көрсеткіші жақсарып келеді. Дегенмен, өңірлік теңсіздіктер мен инновациялық терапиялардың қолжетімділігі әлі де өзекті. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кешенді ем, психологиялық қолдау және ата-аналардың сергектігі – әр баланың өмірін сақтап қалудың басты кепілі.

Күннұр БОЛАТБЕК


ПІКІР ЖАЗУ