Этномәдени бастамалар ел бірлігін бекемдейді

Шымкент қаласы – түрлі ұлт пен ұлыстардың бейбіт қатар өмір сүріп, мәдени дәстүрлерін сақтап отырған шаһар. Мұнда әр этнос өз ерекшелігін сақтай отырып, ортақ қоғам құндылықтарына үлес қосып келеді. Қоғамдағы бірлік пен этносаралық татулықты нығайту – қазіргі замандағы маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Осы мақсатта Шымкенттегі Достық үйінде Қазақстан күрділерінің республикалық «Барбанг» қауымдастығының төрағасы, ҚХА Кеңесінің мүшесі Азиз Алиев қалалық этномәдени бірлестіктердің белсенділерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында жүктеген тапсырмаларын іске асыру жолдары талқыланып, қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау, этносаралық қарым-қатынасты нығайту мәселелері қаралды.
Этнос белсенділері басқосқан жиында ҚХА қызметінің негізгі бағыттары, этносаралық татулықпен қоғамдық келісімді сақтау, этномәдени бірлестіктердің белсенділігін арттыру, мемлекеттік тілді дәріптеу, қайырымдылықты үйлестіру сынды мәселелер жан-жақты айтылды. «Барбанг» қауымдастығы мүшелерінің ел бірлігін нығайтуға бағытталған бастамалары мен әлеуметтік жобалары жұртшылық назарына ұсынылды.
Жиын соңында кездесуге қатысушылар елдегі этносаралық татулықты нығайту, мәдениет пен руханият арқылы қоғамның тұрақты дамуына үлесқосуды көздейтін ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықтыnнығайту ісіне үлес қосқан бірқатар белсенді азаматтар қауымдастық төрағасының алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, кездесу аясында қауымдастық мүшелері Достық үйіндегі жаңғыртудан өткен этномұражайды аралап жергілікті этностардың ұлттық құндылықтарын айқындайтын құнды жәдігерлерді тамашалады. Комьюнити орталығының қызметімен танысып, қалалық күрді этномәдени бірлестігінің жұмыс кабинетін аралап көрді. Сонымен қатар, қатысушылар болашақта жастар арасында мәдениет пен татулықты насихаттау бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді.
Жергілікті билік тарапынан этномәдени бірлестіктерге жасалған жағдайды жоғары бағалап, елдің бірлігін бекемдеу бағытындағы ауқымды жұмысты бірлесе іске асыруға шақырды. Мұндай кездесулер қоғамдағы татулық пен келісімді сақтаудың, әр ұлттың мәдени мұрасын құрметтеудің маңыздылығын арттыра отырып, Шымкенттегі этномәдени өмірді жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.






