Шымкентте қазақ руханиятының көрнекті тұлғаларына арналған жылжымалы көрме ашылды

Шымкент қаласындағы Хакім Абай музейінде бүгін мәдени өмірге қатысты маңызды шара ұйымдастырылды. Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бастамасымен Алматы облысы музейлер бірлестігінің «Тарих пен сөз үндестігі» атты жылжымалы көрмесі ашылып, қатысушыларға арнайы экскурсия жүргізілді. Бұл шара қаланың мәдени өмірін байытуға, музей ісін дамытуға және жастарды ұлттық руханиятпен таныстыруға бағытталған маңызды бастама болып саналады.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары М. Оңдасынова мен Алматы облысы музейлер бірлестігінің директоры Т. Келімбетов құттықтау сөз сөйлеп, көрменің тұсаукесер рәсімін жасады. Көрме Шымкент қаласы мен Алматы облысының мәдени байланысын нығайту, музей ісін дамыту және шығармашылық ынтымақтастықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Экспозицияда қазақ руханиятының көрнекті тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, Сүйінбай Аронұлы, Үмбеталы Кәрібаев сынды туғанына 200 жылдан асқан ақындарымыздың өмірінен сыр шертетін естелік бұйымдар, сондай-ақ Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жеке заттары мен сырт киімдері көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ көрмеде ақындардың қолжазбалары, қолтаңбалары, фотосуреттері мен хаттары, дәуіріне тән тұрмыстық заттары қойылып, келушілерге олардың шығармашылық өмірін жан-жақты сезінуге мүмкіндік берілді. Бұл экспозициялар тарихты сақтау ғана емес, сондай-ақ жастарға ұлттық мұраға деген қызығушылықты арттыруға, мәдени құндылықтарға құрметпен қарауға ықпал етеді.
Көрмедегі ең ерекше экспозициялардың бірі ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жеке заттары, қолжазбалары, аудармалары және ақынның өзі киген киімдері болды. Бұл жәдігерлер келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Көрменің негізгі мақсаты ғасырлар бойы ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтап келген рухани және мәдени құндылықтарды дәріптеу, жастардың бойына ұлттық мұраға деген құрмет сезімін ұялату, сондай-ақ музей қорындағы бай экспонаттар арқылы ақындар әлемін жаңа қырынан таныстыру болып саналады.
Айта кетейік, «Тарих пен сөз үндестігі» көрмесі Хакім Абай музейінде аптаның соңына дейін жалғасады. Көрме барысында келушілер қазақ руханиятының көрнекті тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына арналған құнды жәдігерлермен танысып, арнайы экскурсия арқылы әр экспонаттың тарихи және мәдени мәнін толық түсіну мүмкіндігіне ие болады. Бұл шара қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық мұраға құрметпен қарауға, мәдени құндылықтарды бағалауға және шығармашылық әлемге деген қызығушылықты арттыруға бағытталған.








