Клиптік сана дәуірі: қытай зерттеушілері не дейді?

0
113

21 ғасырды нағыз технология дәуірі деп айтсақ қателеспеген болармыз, күн өткен сайын ақпараттық кеңістік бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Әлеуметтік желілер, қысқа бейнематериалдар мен жаңалықтардың көптігі адам санасының ақпаратты қабылдау тәсілін өзгертті. Осы бір құбылыс біздің қоғамға «клиптік сана» деген жаңа түсінікті алып келді.

Бұл экраннан экранға, бейнеден бейнеге ауысып отыруға үйренген ми қызметінің нәтижесі. Әлеуметтік желідегі reels, stories пен Тик-Токтағы қысқа видеолардың барлығы дерлік санаға осындай форматты қалыптастырып үлгерді. Мұндай жағдайда адам бір мезетте бірнеше ақпарат көзін пайдаланғанмен, олардың ешқайсысының мәніне терең назар аудармайды.

Қысқа бейнелерді үздіксіз «swipe» жасау әрекеті мидың назар мен өзін-өзі бақылау жүйесіне қалай әсер ететінін 2024 жылы Қытай зерттеушілері «Frontiers in Human Neuroscience» журналында жариялаған еңбегінде нақты нейрофизиологиялық тұрғысынан жауап іздеді.

Зерттеушілердің басты мақсаты — ұялы телефондағы қысқа видеоларды жиі пайдалану назар ұстап тұру функциясы мен мидың когнитивтік бақылау жүйесіне қалай әсер ететінін анықтау болды. Бұрынғы зерттеулер тек психологиялық сауалнамалар арқылы өлшеген болса, бұл жолы ғалымдар ми белсенділігін электроэнцефалограмма құралы арқылы тіркеп, нақты физиологиялық деректер жинады. Зерттеуге орта жасы 18-33 шамасындағы 48 адам қатысты. Алдымен олардың қысқа видеоға қаншалықты тәуелді екенін арнайы сауалнама арқылы анықтады, кейін назарды өлшейтін тапсырмалар берілді. Осы кезде қатысушылардың ми белсенділігі жазылып отырды.

Нәтижесінде қысқа видеоларды жиі көретін адамдардың өзін-өзі бақылау деңгейі төмен екені белгілі болды. Олар тапсырмаларды орындау кезінде назарын ұзақ ұстай алмады және ойларын бір тұсқа шоғырландыруда қиындық көрді. Ми белсенділігін талдау кезінде, әсіресе орындаушы бақылауға жауап беретін аймақта префронтальды қыртыстағы тета-толқындардың белсенділігі азайғаны байқалды. Бұл — назар мен ойды басқару жүйесінің баяулай бастағанын көрсетеді.
Ғалымдар қысқа видеолардың миға ерекше әсер ететінін айтады. Мұндай видеолар миға жылдам дофамин әсерін беріп, оның табиғи тепе-теңдігін тез бұзады. Әр бейне бірнеше секунд қана болғандықтан, ми үнемі жаңа әсер күтеді. Сол себепті адам ұзақ мәтінді оқығанда тез жалығып, ақпаратты терең түсінбей, үстірт қабылдағыш болады.

Бірақ зерттеушілер бұл әдеттен арылу үшін қысқа видеоларды қарауды бірден алып тастау керек демейді, оларды бақылаумен және мөлшермен пайдалану маңызды дейді. Біріншіден, бейнелерді көруге нақты уақыт белгілеу керек — мысалы, күніне 15-20 минуттан артық емес. Уақытты шектеу миды артық ынталандырудан сақтайды. Екіншіден, кейде ақпараттық демалыс жасап, бірнеше сағатқа немесе бір күнге әлеуметтік желіден үзіліс алған пайдалы. Мұндай тыныштық кезінде ми қалыпты жұмыс ырғағын қалпына келтіреді. Оның үстіне қосымша ұзақ мәтін оқу және белсенді спорт жаттығулары — мидың дамуына арналған тамаша мүмкіндік. Бұл әрекет ойды тереңдетіп, есте сақтау мен назарды күшейтеді. Өз назарыңды бақылауды да үйрену керек: телефонды ашқанда «мен нені іздеп отырмын» деген сұрақты өзіңе қою — саналы қолданудың алғашқы қадамы.

Осылайша ғалымдардың зерттеуі қысқа видеоларды шамадан тыс көру ми жұмысына зиян тигізетінін көрсетті, бірақ бұл әдетті әрдайым басқарып, өзіңе тиетін апаттан сақтануға болады.

Кейінгі кездері клиптік сана жеке адамның ойлау ерекшелігін ғана емес, тұтас қоғамның қарым-қатынас тәсілі мен мәдени бағытын да өзгертуде. Себебі бүгінде адамдарға терең ойдан гөрі көз алдына бірден әсер қалдыратын суретті бейнелер жақынырақ болып барады.Бұл құбылыс қоғамдағы пікірдің үстірттенуіне және жалған ақпараттың жылдам таралуына себеп болады. Бүгінде әдебиет, өнер және журналистика салалары да барынша қысқалыққа бейімделіп, «short news», «microfiction» сияқты жаңа форматтарды қабылдауда.

Клиптік сана — адамзаттың жаңа дәуірге бет бұрғанының белгісі. Әрине, бұл үдерісті түбегейлі тоқтату мүмкін емес. Ал оны саналы түрде тиімді басқара білу — біздің басты борышымыз.

Болатбек Күннұр


ПІКІР ЖАЗУ