Шымкентте жастарды қоғамға бейімдеуге бағытталған спорттық сайыс өтті

0
98

Бүгінгі таңда жастарды қоғамға бейімдеу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын насихаттау – мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта Шымкент қаласында бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – құқықтық және әлеуметтік тұрғыда қолдауды қажет ететін жастармен жұмыс істеуге бағытталған «Жаңа өмір» жобасы.
Осы жоба аясында Шымкент қаласында пробация қызметі есебінде тұрған жастар арасында кіші футболдан турнир ұйымдастырылды. Іс-шара Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде, «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өтті.
Жарыстың басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарды қоғамға бейімдеу, олардың өмірге деген құштарлығын арттыру және спорт арқылы тәртіп пен ынтымақ рухын нығайту.бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Турнирге қаладағы бес ауданнан іріктелген 10 құрама команда қатысты. Әр команда құрамында пробация қызметі есебінде тұрған жастар мен олардың тәлімгерлері болды. Бұл олардың өзара ынтымақтастығын арттырып, бір мақсат жолында бірігуіне мүмкіндік берді.

Ойын басталмас бұрын төрешілер қатысушыларды жарыс ережелерімен таныстырып, әділдік пен спорттық әдебін сақтау қажеттігін атап өтті. Кейін жеребе тарту рәсімі өтіп, қарсыластар жұбы анықталды.

Жарыс барысында алаңда нағыз тартысты ойын өрбіді. Командалар жеңіске жету жолында бар күш-жігерін салып, шеберліктері мен төзімділіктерін көрсетті. Әрбір гол мен сәтті пас көрермендердің ыстық қолдауына ие болды. Жастардың бойындағы спорттық рух, өзара құрмет пен бірлік жарыстың басты ерекшелігіне айналды.
Турнирдің жабылу салтанатында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Оспан мен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Нұрлыбек Әлібекұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңімпаздарды марапаттады.
Мұндай спорттық сайыстар қатысушылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың бойында тәртіп, төзімділік, командалық рух және өмірге деген оң көзқарас қалыптастыруға үлкен үлес қосады.


ПІКІР ЖАЗУ