Қоғамда патриоттық сана қалыптастыруымыз қажет

0
83

Қазақстан тарихында 25 қазан – ел жадында алтын әріппен жазылған айтулы күндердің бірі. Бұл күн – халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманын жүзеге асыру жолындағы Тәуелсіздікке ұмтылған тарихи бетбұрыстың бастауы болды. Дәл осы күні, 1990 жылдың 25 қазанында, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Тәуелсіздікке апарар жолдағы аса маңызды құжат – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылдады. Мемлекеттік дербестік туралы жарияланған декларация болашақты өз қолына алуға деген ұлттың нық сенімінің заңдық көрінісі еді. 

Еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына арқау болған бұл құжат – өз еркімізбен шешім қабылдауға бағытталған алғашқы заңды қадам еді. Қазақстан аумағының тұтастығы, ел ішіндегі биліктің дербес болуы, сондай-ақ экономикалық, саяси және мәдени мәселелерді тәуелсіз түрде шешу құқығы декларацияда алғаш рет ресми түрде танылды. Тарихи құжат – ұлттық бірегейлік пен мемлекеттілік идеяларын жаңғыртып, қазақ халқының тәуелсіздікке деген талпынысын анық айқындайды. Алайда, маңызды мейрам 2009 жылы ресми мерекелер тізімінен алынып тасталды. Кейіннен, уақыт өте келе қоғамның талабы мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру қағидасына сай, 2022 жылы 25 қазан – Республика күні қайтадан мемлекеттік мереке ретінде белгіленді. Бұл шешім – ел тарихына, ұлттық санаға және егемендік жолындағы күреске деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Осыған орай, Республика күнінің тарихи, рухани және патриоттық мәнін өскелең ұрпаққа терең әрі жан-жақты ұғындыру – баршамыздың маңызды міндетіміз. Бұл мереке – тек өткенге тағзым емес, сонымен қатар ел ертеңіне сеніммен қараудың, бірлік пен тұтастықты дәріптеудің белгісі. Сонымен қатар бұл – «Жаңа Қазақстан» идеясы аясында тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің нақты символы санаалды.
Бүгінде Республика күні – Қазақстанның егемендігін жариялаған күн ғана емес, ел азаматтарына өз мемлекеттігін сезінуге, ұлттық бірегейлік пен патриоттық сезімді нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды дата ретінде атап өтіледі. Оның қазіргі тойлану форматы да ерекше маңызға ие болғандықтан, еліміздің барлық өңірлерінде түрлі іс-шаралар арқылы аталып өтеді. Атап айтқанда, маңызды мереке қарсаңында мектептер мен жоғары оқу орындарында тарихи-танымдық сабақтар, ашық пікірталастар, көрмелер және патриоттық форумдар ұйымдастырылады. Бұл – жас ұрпаққа еліміздің егемендік жолындағы тарихи белестерін таныстыруға және ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі. Бұдан бөлек, мереке күндері қала алаңдарында салтанатты концерттер, отандық өнер жұлдыздарының қатысуымен қойылымдар мен көптеген арнайы көрмелер өтеді. Мұндай іс-шаралар ел тұрғындарын ортақ тарих, ортақ құндылықтар төңірегінде топтастырады.
Республика күнімен қатар елімізде Ту, Елтаңба, Әнұран секілді Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігінің негізгі нышандары – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру да басты назарда. Бұл қасиетті белгілер халқымыздың тарихи жадын, мәдени болмысын және ұлттық бірегейлігін бейнелейді.
Ел тарихы мен рәміздері туралы білім беру, патриоттық сана қалыптастыру – тек мектеп пен университеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан Республика күні аясында бұл рәміздерге деген құрметті арттыру, олардың мән-мағынасын жас ұрпаққа жеткізіп түсіндіру – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігінің көрсеткіші болуы тиіс. Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде жас ұрпақтың рәміздерге деген құрмет танытуы мақсатында түрлі мазмұндағы тәрбиелік және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Білім беру ұйымдарында арнайы тәрбие сағаттары, патриоттық тақырыптағы сынып сағаттары, шығарма және сурет байқаулары, викториналар өткізу арқылы жас ұрпақтың рәміздерге деген құрметін қалыптастыру ерекше маңызды.
Мәселен, биыл Шымкент қаласында, Республика күніне арналған бірқатар іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, қаланың басты алаңында оқушылар мен жастардың қатысуымен мемлекеттік Туды көтеру салтанаты ұйымдастырылып, Әнұран бір мезетте шырқалды. Сонымен қатар, «Мен – Қазақстан патриотымын!» атты форум мен патриоттық шерулер өтті. Мектептерде «Мемлекеттік рәміздер – мақтанышым» атты ашық сабақтар ұйымдастырылды.
Ал Атырау қаласында да аталмыш мерекеге орай кең көлемде салтанатты жиындар өтті. Жайық жағалауында оқушылар мен студенттердің қатысуымен Ту көтеру флешмобы ұйымдастырылып, онда жүздеген жас қолдарына көк Туды ұстап, бір мезетте Әнұранды орындады. Бұдан бөлек, қаланың мәдениет үйлерінде патриоттық концерттер, сурет және эссе байқаулары өтті.
Сонымен қатар, Ақтөбе, Тараз, Қарағанды, Өскемен, Қостанай сынды өңірлерде де осындай шаралар кеңінен жүзеге асырылып келеді. Мысалы, Қарағанды қаласында бір мезгілде бірнеше мектептің ауласында Ту көтеру салтанаты өтіп, оқушылар рәміздердің мәні туралы сахналық қойылымдар көрсетті. Мұндай салтанатты шаралар тек мерекелік сипат қана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, рәміздерімізге деген терең құрметті нығайта түсетіні анық
Әобір өскелең ұрпақ үшін Республика күнінің маңыздылығы өте жоғары. Себебі, бүгінгі жастар – мемлекеттің ертеңгі болашағы, ал болашақты дұрыс бағытта дамыту үшін алдымен тарихи сананы қалыптастыру қажет. Бұл күн – жас ұрпаққа тәуелсіздікке жеткізер жолдың жеңіл болмағанын, оның әрбір кезеңінде үлкен жауапкершілік пен батыл шешімдер тұрғанын түсіндіруге мүмкіндік береді. Оның тәрбиелік мәніне тоқталар болсақ, жастарды елжандылыққа, жауапкершілікке, отансүйгіштікке баулитын белгілі. Өйткені өз елінің тарихын білетін және бағалайтын ұрпақ қана болашақта мемлекет тағдырына адал қызмет ете алады.
Мемлекеттік маңызы зор бұл күн елдің тұтастығын қамтамасыз етіп, ұлттық болмысты ұлықтайды. Және барлық этнос өкілдерін бір ту астына біріктіріп, ортақ тарих пен ортақ мүдде жолында жұмылуына ықпал жасайды. Қазақстан – көпэтносты мемлекет, ал мұндай елде ортақ рәміздер мен ортақ мерекелер арқылы ұлттық бірлік пен келісімді нығайту аса маңызды. Сол себепті Республика күнінің қайта жаңғыруы – тарихи жадыны жаңғырту ғана емес, еліміздің болашағына бағытталған стратегиялық қадам саналады. Мерекенің мәні тек тарихи оқиғаларды түгендеп, оларды еске алумен шектелмейді. Елдегі саяси мәдениетті жетілдіруге, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және демократиялық қағидаларға негізделген жаңа қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға күш салады. Ендеше, біз бұл мерекені тек тарихи күнді еске алатын емес, қоғамның саяси әрі азаматтық даму деңгейін айқындайтын, ортақ құндылықтарға қайта оралатын, болашақты зерделейтін сәт ретінде бағалауымыз қажет. Бұл барша азаматты ел болашағына сеніммен қарауға, жауапкершілік пен бірлікке саналы түрде мән беруге жетелейді. Тәуелсіздікке деген адал көзқарас әр адамның өз елінің болашағына енжар қарамауымен, нақты іс-әрекетімен дәлелденеді. Демек, Республика күні – өткенге құрмет, бүгінге сын, болашаққа бағыт. Ал болашаққа бағыт дегеніміз – ертеңгі Қазақстанды елестету ғана емес, оны бірге құруға ұмтылу ұғымын білдіреді.
Қазіргі таңда егемен еліміз демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде даму жолын жалғастырып келеді. Сондықтан еліміздің демократиялық және әлеуметтік бағытта орнықты дамуы – әрқайсымыздың ел алдындағы ішкі жауапкершілігімізге, тарихи тамырымызды қаншалықты терең сезінетінімізге, және сол негізде бүгінгі күнге қандай үлес қоса алатынымызға байланысты. Бұл – тек биліктің не саясаттың ғана емес, әрбір саналы азаматтың ортақ міндеті. Себебі, мемлекет қаншалықты қарыштап дамығанымен, егер қоғам ішінде азаматтық жауапкершілік пен ортақ мүдде қалыптаспаса, мұндай даму тұрақты болмайтыны анық.
Республика күні – бұл жай мерекелердің бірі емес, елдің болмысын толық танып білуге, ұлттық құндылықтарды қайта саралауға мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық белес. Мерекенің мазмұны тәуелсіздіктің шынайы мәнін терең ұғындырумен қатар, демократиялық құндылықтарды күнделікті өмірмен сабақтастыру қажеттігін көрсету арқылы азаматтық мәдениеттің дамуына ықпал етеді. Республика күні осы тұрғыда азаматтық жауапкершілікті нығайтып, еркіндік пен әділеттілікке негізделген сананы қалыптастыруға жол ашады. Қоғам өз болашағын белсенді, ойлы және жауапкершілікті сезіне алатын азаматтар арқылы ғана баянды ете алады.

Біз Республика күні арқылы ұлттың өткені мен бүгінін байланыстыра отырып, болашаққа деген көзқарасты айқындаймыз. Бұл күн – ұрпақ жадына тек тарихи датаны ғана емес, еліміздің басты құндылықтарын сіңіруіне, оларды өмірлік ұстанымға айналдыруына мол мүмкіндік береді. Сондықтан да Республика күні – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа серпін беретін, ұлт болашағын айқындайтын маңызды рухани, ортақ таным алаңы.
25 қазан – Қазақстан мемлекетінің жаңа кезеңін айқындайтын, халықтың тарихи жады мен ұлттық санасының айнасы іспеттес маңызды күн. Бұл күннің қайтадан ұлттық мереке ретінде белгіленуі – егемендіктің алғашқы қадамына деген құрмет қана емес, тарих алдындағы әділеттілікті қалпына келтірудің нышаны ретінде есептелелі. Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасудың бастауы болған осы тарихи күнді лайықты түрде атап өту – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы.
Оның мазмұндық салмағын тереңдету, елдік сана мен ұлттық рухты арттыру құралына айналдыру – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Өйткені өткенін бағалаған, тарихын таныған ұрпақ қана болашаққа нық қадам баса алады.
Биыл еліміздің егемендігі  туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толып отыр.
Әлия ӘУЕСБЕКОВА


ПІКІР ЖАЗУ