Тіл – ұлт ғұмыры

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл мереке – тілдің қоғамдағы маңызын айшықтап қана қоймай, әрбір азаматқа өз ана тілін қастерлеу керек екенін еске салады. Осыған байланысты бүгін Шымкент қаласы, Абай ауданына қарасты Көкбұлақ ауылында «Тіл – ұлт ғұмыры» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Басқосу көкбұлақтықтардың сүйікті мәдени ордасына айналған жаңа Мәдениет үйінде өтті. Бұрынғы ескі ғимараттың орнына еңселі, сәулеті келіскен, екі қабатты мәдениет шаңырағы көтеріліп, пайдалануға берілгеніне небәрі бір жыл болғанымен, қазірдің өзінде ол ауыл руханиятының жүрегіне айналып үлгеріпті. «Ашылғанына бір жыл толса да, халықпен бірге түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеміз» деген директор, белгілі айтыскер ақын Карима Оралованың сөзі соның дәлелі.
Кеш барысында тілдің тағдыры, оның мемлекет өміріндегі орны мен ұлт болашағындағы рөлі кеңінен сөз болды. Журналист Айгүл Мамыт, №118 «Көкбұлақ» жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжанат Қожамұрат, Мәдениет үйінің басшысы Карима Оралова жәнеосы жолдардың авторы өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Тіл туралы сөз қозғалғанда А.Байтұрсынұлыныңеңбегі ерекше еске алынуы тиіс. Бұрын тілдер күні 1998 жылғы 22 қыркүйекте аталып өтсе, араға 19 жыл салып, яғни, 2017 жылы 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның негізгі себебі: бар өмірінқазақ халқының тағдыры мен тіліне арнаған, Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне байланысты өзгертілді.
Ол – қазақ әліпбиінің негізін жасап, «Тіл – құрал» атты оқулығын жазып, ана тіліміздегі ғылым тілін қалыптастырған тұлға. «Тілі жоғалған жұрттың өзіде жоғалады» деп тіл мен ұлтты біртұтас қарастырған ойшылдың осы сөзі бүгін де өзекті. Байтұрсынұлының бар ғұмыры – қазақтың тілінсақтау мен өркендетуге арналды. Бүгінгі тілдер күні соның заңды жалғасы екені даусыз.
Жас ұрпақтың өнері кештің көркін аша түсті. Қарақат Сапарбек, Қазына Сенхан, Бағым Райымсынды мектеп оқушылары ақындардың тіл жайлы жырларын жүрекпен оқып, тыңдармандысүйсіндірді. Ал «Қазына» әжелер ансамблі мен жас өнерпаздар әсем әндерімен мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Тіл жай ғана қарым-қатынас құралы емес. Ол – халықтың ойлау жүйесі, дүниетанымы, ата-баба рухының айнасы. Әрбір сөздің ар жағында ғасырлар ізі, елдің тарихы мен тағдыры жатыр. Сондықтан тілге деген құрмет болашаққа деген құрмет екені даусыз.
Осылайша «Тіл – ұлт ғұмыры» атты басқосу мерекелік сипаттағы жиыннан гөрі ұрпақ санасына тілді сүюдің, оны қорғаудың маңызын сіңірген рухани сабаққа айналды. Өйткені тілін қадірлеген халық өз тарихын, өз болашағын қадірлейді.
Б.ҚАЛБЫР








