Қорғаныс министрі Шымкент гарнизонында жауынгерлік дайындық пен қызмет жағдайларын тексерді

0
131

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жұмыс сапары аясында Шымкенттегі бірқатар әскери бөлімдер мен мекемелерді аралап, олардың қызметімен, инфрақұрылымымен және әскери қызметшілерге жасалған жағдайлармен танысты.

Елімізде 2 қыркүйекте азаматтарды күзгі әскерге шақыру науқаны басталғаны белгілі. Осыған орай,министр қалалық шақыру пунктіне барып, әскерге шақырылушыларға жасалған жағдайлар мен медициналық комиссиядан өту тәртібін зерделеді. Сондай-ақ, алғашқы шақырылушылармен және Қарулы күштердің ардагерлерімен сұхбаттасты.Отан алдындағы жауапкершілігін арттырып, патриоттық рухын нығайтқан болатын.

Қорғаныс ведомствосының басшысы жауынгерлерлің Отан алдындағы жауапкершілігін арттырып, патриоттық рухын нығайту мақсатында Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің инфрақұрылымын және жауынгерлік дайындық деңгейін тексерді. Оқу-жаттығу кешенінде оған ғимаратты шабуылдау және қала жағдайында ұрыс қимылдарын жүргізу элементтері көрсетілді.

Қалалық аумақтық қорғаныс бригадасында министр резервтегі әскери қызметшілерді қайта даярлау іс-шараларының орындалуы жөнінде баяндаманы тыңдап, практикалық сабақтар өткізуге арналған инфрақұрылыммен, оның ішінде арнайы шабуылдау жолағымен танысты. Ол мұндай жаттығулардың жеке құрамның кәсіби дайындығын арттырып, күрделі жағдайларда үйлесімді әрі тиімді әрекет етуіне ықпал ететінін атап өтті.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің ең ірі құрамаларының бірі – механикаландырылған бригадада министр мерзімді әскери қызметшілерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға ерекше назар аударды. Сарбаздар жеке гигиеналық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Әр тумбочкада қажетті заттардың толық жиынтығы бар. Сонымен қатар, Дәурен Қосанов жеке құрамды медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырудағы оң тәжірибені атап өтті.

Бөлімде әр сарбазға арналған жеке медициналық карта жүргізіледі. Онда денсаулық жағдайы туралы барлық мәліметтер тіркеліп отырады. Бұл жүйе сарбаздардың қажеттіліктерін анықтап, оларды тиісті дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Министр төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларының маңыздылығын да атап өтті.

Сапар қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды сапалы іріктеу, жеке құрамды оқыту және жауынгерлік дайындық әдістерін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.


ПІКІР ЖАЗУ