51 жылдан бері кран тізгіндеп жүрген ана
«Адал еңбек адамды қанаттандырады» деген сөз Шәрбан Тайшиковаға арналғандай. Олай дейтініміз, 51 жылдан бері ауыр жүк көтеретін кран көлігін тізгіндеген ана бүгінде жасы жетпіске таяса да, алға ұмтылып, алып техниканы әлі де жүргізіп жүр. Мұның сыры істеген ісіңнен қуаныш таба білуде шығар, бәлкім. Қалай десек те, көпбалалы ананың еңбекпен өрілген өмірі кімді болсын, бейжай қалдырмайды. Кейіпкерімізбен кешкі уақытта сөйлесуге тура келді. Өйткені күндіз Шымкенттегі темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыттағы қайнаған жұмыстың белортасында жүретін кран жүргізушісінің осы кезде ғана қолы босайтын.
Шәрбан апа кішкентайынан көлік жүргізуге қызыққанымен, кран айдаймын деп ойламапты. «Түсімде ылғи машина алып, соны жөндеп жүретінмін», – дейді күліп. Оқуға құжат тапсырған сәті өз алдына бір қызық хикая.
«Мұғалім болайын деп педагогикалық институтқа оқуға тапсырып едім, түсе алмадым. Зертханашылар даярлайтын училище бар еді. Соған тапсырмақшы болып, мекенжайын алып, бара жатқанмын. Екі училище қатар тұр екен. Жазуына қарамай, бірінші тұрғанына кіріп кетіппін. Кірсем, қабылдау комиссиясында орыс әйел отыр. Құжаттарымды өткізіп, сұрасам, «Бізде зертханашы деген жоқ. Кейінгі тұрған училищеде» деді. Ары қарай «Бізде қыздарға мынадай мамандықтар бар» деп, тоқтамай түсіндіріп жатыр. Кран дегенді өмірі естімегенмін, көрмеппін де. Негізі, Кентауда бар ғой, соған зер салмаппыз. Кішкентай қала еді. Содан «Құжаттарымды беріңіз, тапсырмаймын» деп айтқым келді. Бірақ соны орысша жеткізе алмадым. Ақыры, құжаттарым сол жерде қалды», – дейді Шәрбан апа.
Сонымен, қыркүйекте оқу басталады. Шәрбан апа кран машинисі мамандығы бойынша білім алуға келеді. Бір топта он төрт қыз, он төрт бала оқиды. Он төрт қыздың ішінен төртеуі ғана қазақтың қаракөздері еді. Ал он төрт ұлдың оны қазақ, төртеуі орыс болатын. Оқуды бітіргеннен кейін Шәрбан ападан басқа қазақ қыздары өзге мамандыққа ауысып кетеді. Өйткені бұл істі алып жүру қыз балаға оңай емес еді. Ал ол бұл салаға кездейсоқ келсе де, мамандығына адалдық танытып, әрбір ісін абыроймен атқарып келеді. Бүгінде 69 жастағы Шәрбан апа ең алғаш кран рөліне отырған кезін ерекше тебіреніспен еске алады. Үйдің қасындағы қырға шығуға қорқатын қыз үшін бұл шынында жүрек толқытатын сәт еді. Ол кезде небәрі 17 жаста болатын.
«Басында онша ұнамады, несін жасырайын. Кранның құрылысын, қызметін жаттап алып оқыдық. Содан практикаға төрт-бес айға жіберетін болды. Көбін Шымкенттегі мекемелерге жіберді. Айлық төленетін. Мен практикадан Кентауда өткім келетінін айттым. «Ол жаққа барсаң, ештеңе төленбейді» деді. Мен үшін айлық маңызды болмады. Үйімді сағынған шығармын. Ағам институтта оқитын, әпкем тұрмыста. Анамның қасына бару керек болды. Әкемнің қайтқанына екі жыл болған. Сөйтіп, Кентауға бардым. Мұнаралы кран жүргізетін құрылысқа жіберді. Бірінші күні біраз қобалжыдым. Кранға алғаш шығуым. Төбеге көтеріліп, кран рөліне отырғанда қуанышымда шек болмады. Бірінші күні тек қарап тұрдым. Кран жүргізушісі орыс әйел екен. Ертесіне келгенімде «Бұлай қарап тұра берсең үйренбейсің, отыр мына жерге» деп, қалай жасау керегін көрсетті. Айтқанын істедім. Ал жұмысшылар «Өзің отыр, анау жас, жай істеп жатыр» деп айқайлап жатыр. Ал әйел айтқанынан қайтпай, «Жоқ, бұл үйрену керек» деп тұрып алды. Бір күн қасымда тұрды да, ертесіне жұмысқа келмеді. Сөйтсем, кішкентай баласы бар екен. Ауырып қалыпты. Содан амал жоқ, жұмысшылар менің істегеніме көнді», – дейді Шәрбан апа күліп.
Сол жерде төрт ай практикадан өткеннен кейін қорқынышы да басылады. Ары қарай оқуын жалғастырып, ойдағыдай тәмамдайды. Бітірген соң Кентаудағы комбинатқа жолдама алып, темір-бетон зауытына барады. Ағаш өңдейтін цехта мұнаралы кран айдайды. Жанындағы есік-терезе шығаратын цехқа училищеден практиканттар келген болатын. Сол жерде бір бала станокқа саусағын кесіп алған соң комиссия келіп, он сегізге толмағандардың бәрін жұмыстан шығарады. Жұмысқа жаңадан кіріскен жас қызметкер Шәрбан Тайшикованың он сегізге толуына бір жарым айдай уақыт бар. Осыдан кейін ол он сегізге толғанша дайын болған есік-терезелерге бояу жағып жүреді.
Кран жүргізу әйел адам түгілі, ер адамның өзіне оңай жұмыс емес. Бұл істі шебер меңгерген Шәрбан апа Кентаудағы құрылыс материалдары комбинатынан кейін Шымкентке келіп, осы салада талай жыл тер төгіп, еңбек етеді. Манап Өтебаев атындағы колледждің, бірнеше тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына қатысады. Қазір Шымкент қаласындағы темір-бетон өнімдерін шығаратын зауытта жұмыс істейді. Бұл жерде еңбек етіп жатқанына 18 жыл болыпты. Екі ауысыммен жұмыс істейді. Жұмыс таңғы 9-да басталып, кешкі сағат 5-терде аяқталады.
«Зауытқа келгенімде жасым 50-ден асып кеткен еді, сонда да жұмысқа алды. Қазір де жасыңыз жетпіске таяды деп шеттетпейді. Керісінше, «үйде отырғанда не істейсіз, мүмкіндік болса жұмыс істей беріңіз» деп айтады. Осындай құрмет көрсетіп жатқанына ризамын. Былтыр да ел-жұрттан ұят шығар, қояйын деп ойладым. Бірақ жұмысқа келсем, ауырғанымды ұмытып кетемін. Уақыттың қалай өткенін білмей қаласың, қызық әрі пайдалы өтеді. Зауытта кран жүргізуші үш адамбыз. Қасымдағы әріптестерімнің бірі – әйел, екіншісі – ер адам адам, 56 жаста. Өзімнің есіл-дертім жұмыс болып тұрады. «Ертең ананы істеу керек, плитаны шығарып, құю керек» деп ойлап отырамын. Әлі де шамам келсе, жұмысымды тоқтатқым келмейді. Біздің жұмыс ауыр ғой. Бәрі кранмен істеледі. Әкелген бетонды қалыпқа құямыз. Кейін қалыптан алып, жүк машинасына тиеп, құрылысқа жібереміз», – дейді кран жүргізушісі.
Бетон заттар ауыр. Бірақ өте нәзік. Абайламасаң, сынып қалуы мүмкін. Сындырып алсаң, ешкімге керек болмай қалады. Ал оның ішінде қаншама материал бар. Бетонды қойғанда асты тегіс болуы керек. Сол үшін кран жүргізушісіне жүктелетін жауапкершілік зор. Алған затты ештеңеге тигізбей апарып қою барынша мұқият болуды, ұқыптылықты талап етеді. Қорықсаң, сасқалақтап, не істегеніңді білмей қалуың мүмкін. Сондықтан өзіңе сенімді болу маңызды. Сырттағылар мұның бәрін бақылап тұрады.
Әріптесі Мария Әділбекқызы Шәрбан Тайшикованың ерік-жігері мықты, еңбекқор жан екенін айтады. Еке-уінің бірге жұмыс істегеніне 10 жыл болыпты.
«Мен зауытқа жұмысқа келгенде Шәрбан апай зейнетке шыққан. Көпбалалы ана болған соң ерте шыққан ғой. 59 жаста еді. Бірақ олай ойламайсың. Қазірге дейін бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Қимылы шапшаң, шаршауды білмейді. Адамдармен тез тіл табысады, бәрінің көңілін таба білетін жан. Маған ұнайтын қасиеті – адам баласын алаламайды. Үлкенмен де, кішімен де сөйлесіп, қажет кезде ақылын айтады. Түсінбесе, ұрысып та алатыны бар. Жұмысына адал. Үйінен шыққан кезде үйдің мәселесін сол жерде қалдырып кетеді. Жұмысқа келгенде ешқандай проблема туралы айтпайды. Бар ойы тек жұмыста. Кран айдағанына биыл 51 жыл болыпты. Жұмыс істегеніне қарап таңғаламын. Ол кісіден бес жас кішімін. Мен де зейнеттемін. Зертханада жұмыс істеп жатырмын. Шәрбан апайға «Қасыңызда көбірек жүре берейікші, сіздің бойыңыздағы күш-қуат, жағымды энергия бізде жұға берсін» деп айтамыз. Денсаулық болмаса, бәрі бекер ғой. Сондықтан бұл Жаратушының берген сыйы деп ойлаймын», – дейді әріптесі Мария Әділбекқызы.
Шәрбан Тайшикова – алты баланың анасы, күміс алқа иегері. Бүгінде Құдай қосқан жолдасымен бірге немере, шөбере сүйіп отыр. Қыздары мұғалімдік жолды таңдаған, саудамен айналысатыны да бар. Ал ұлы менеджер болып жұмыс істейді. «Балаларым жолымды қуып, кран айдауға құлшынбады», – дейді кейіпкеріміз. Ең бастысы, олардың амандығын тілейді. Жастарға да айтары бар.
«Талаптанып, алдына мақсат қойған адам дегеніне жетеді. Адам еңбекпен шыңдалады. Қимылдаған денсаулыққа да пайдалы. Сондықтан еңбектен қашпау керек, ең бастысы мұратың айқын болсын», – дейді Шәрбан Тайшикова.