Ұлттық қолөнер шеберлерінің көрме-сабақтары өтті

0
90

Бүгін Шымкенттегі «Қазақ хандығына 550 жыл» алаңында Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастырған «Ер-тұрманым күмістен» республикалық шеберлік сағаты өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген шеберлер, өнертанушылар, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

Бұл шараның басты мақсаты – қазақ халқының ер-тұрман жасау дәстүрін насихаттау, ұмыт бола бастаған өнерді жаңғырту, жастардың ұлттық қолөнерге қызығушылығын арттыру және мәдени мұраны сақтау идеясын дәріптеу. Алаңдағы шеберлер көрерменге ер шабу, былғарымен қаптау, күміспен өрнектеу, қамшы өру сияқты ұлттық өнерді тәжірибе жүзінде көрсетті. Әр өңірдің шеберлері туындыларын таныстырып, олардың жасалу жолы, қолданылған материалдар мен ерекшеліктері туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар көрмеде күміспен көмкерілген ер-тұрмандар, өрме қамшылар, сүйек, былғары, ағаштан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен әшекейлер көпшілік назарына ұсынылды.

Ұлы шебер Дәулет Дәркембайұлы өз сөзінде әкесінің өнегесін еске алып, ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізуге бел байлағанын айтты. Ол көрмеге бірнеше жәдігерін ала келгенін атап, олардың тарихы мен ерекшеліктерін таныстырды. Мысалы, «ашамай» – бала сүндетке отырғызылғанда қолданылатын ерекше ер түрі. «Керей» ері Шығыс Қазақстанның Алтай өңірінде кең тараған, бірнеше бөліктен құрастырылады. Ал Алматы өңірінде ағаш жеткілікті болғандықтан, ерді біртұтас етіп жасайды. Сонымен қатар мал терісі мен сүйегінен жасалған қауға, сусын құятын торсық, кесеқап сияқты тұрмыстық заттар да көрерменге таныстырылды. Ал алты өрім қамшының сабы сиыр мүйізінен, өрімі тобылғыдан өрілген. Бүркіт пен жылқы бейнесі қамшыда қазақ рухының символы ретінде көрініс табады. Шебердің айтуынша, бір ер-тұрманды жасау тәжірибеге байланысты бір айдан үш айға дейін уақыт алады, ал бағасы қолданылған материал мен безендіру деңгейіне қарай өзгереді.

Белгілі шебер Құрбанәлі ата ат ерттеу өнерін кезең-кезеңімен көрсетіп, әр жабдықтың қызметін егжей-тегжей түсіндірді. Ердің алдыңғы және артқы қасы, қапталы, керсені, құйысқан мен өмілдірігі ат үстіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Үзеңгінің тарихы біздің дәуіріміздің IV ғасырынан басталып, Еділ патша заманына дейін жетеді. Ердің әр бөлшегі қазақ шеберлерінің ерекше талғамы мен шеберлігін көрсетеді.

Сахнада ат ерттеу, үзеңгі астынан өткізу, тоқым қағар рәсімі және көкпардағы ептілік көрініс тапты. Сонымен қатар ұлттық ойындар – аударыспақ, асық ату, арқан тарту ұйымдастырылып, халық әндері мен күйлері орындалды.

Бұл іс-шара ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңғыртудың маңыздылығын көрсетеді. Ер-тұрман қазақ халқы үшін тек ат әбзелі ғана емес, мәдени код, ерлік пен сұлулықтың белгісі. Мұндай шеберлік сабақтары арқылы жастар ата-баба өнеріне бауланып, ұлттық рухын бойына сіңіреді. Бұл көрме – өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын көпір, ұлттық мәдениет пен дәстүрдің тірі куәсі, ұрпаққа аманат ретінде жеткізілетін қазына.


ПІКІР ЖАЗУ