Шымкентте әлеуметтік нысандар жаңарып, спорт инфрақұрылымы қарқынды дамуда

Бүгін Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған кезекті баспасөз мәслихатын өткізді.
Брифинг барысында ол қала өміріндегі бір апта көлемінде атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, әлеуметтік сала, құрылыс және спорт бағыттарындағы өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдары туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, жиында аталған салаларда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар да талқыланды.
Алдымен ресми өкіл қаладағы әлеуметтік салада жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістерге тоқталды.
Атап айтқанда, биыл №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы толық күрделі жөндеуден өтті. 1967 жылдан бері ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсетіп келе жатқан бұл орталық 240 орынға арналған.
Сәрсен Құранбектің айтуынша, қала әкімінің бастамасымен қолға алынған бұл жоба аясында ғимараттың ішкі және сыртқы келбеті түгел жаңартылып, инженерлік жүйелер, жылу және су тарту желілері ауыстырылған. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жаңа жабдықтар орнатылып, бөлмелер заманауи стандарттарға сай жабдықталған.
Жөндеу жұмыстарына 1,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде ғимараттың бұрынғы ескі келбеті жаңарып, қазіргі заман талаптарына сай жарқын әрі қолайлы орта қалыптастырылды. Енді орталық ерекше күтімді қажет ететін балалардың сапалы әлеуметтік қызмет алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тынысқа ие мекеме болып отыр.
Бұдан бөлек, №5 «Аялы алақан» орталығында демеушілердің қолдауымен ойын алаңының шатыры жабылып, аумағы көгалдандырылуда. Алдағы уақытта мұнда ерекше балалар демалатын шағын саябақ жасалады екен.
Спикердің сөзіне сүйенсек, №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 50 орындық қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. 1,9 млрд теңге қаржы қарастырылған нысанды «Риголит» ЖШС салып, оны биыл желтоқсанда тапсыру жоспарланған.
Сонымен қатар, Бозарық шағынауданында 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталды. Жалпы құны — 13,8 млрд теңге. Қазір құрылыс алаңында 75 жұмысшы еңбек етуде. Орталық ерекше жандарды оңалтуға арналған заманауи кешен болмақ.
Брифинг соңында ресми өкіл журналистердің сауалына жауап берді.








