Шымкентте Ауғанстан тауарларының көрмесі ресми түрде ашылды

0
85

Бүгін Шымкент қаласында «Қазақстан–Ауған бизнес форумы» аясында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қатысуымен Ауғанстан тауарларының көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері, сондай-ақ инвестициялық және сауда ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин форум қатысушыларына сәттілік тілеп, екі ел арасындағы өзара сенімді серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

«Ауғанстанның жоғары басшылығына біздің шақыруымызды қабыл алып, форум мен көрмеге Үкімет пен бизнес өкілдерінің қатысуына қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Ауған халқына бейбітшілік пен өркендеу тілеймін. Сондай-ақ дәстүрлі өнімдері ұсынылған бұл көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мұнда кондитерлік өнімдер, шырындар, алкогольсіз сусындар, көкөніс пен жеміс-жидектер, асыл тастар, зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, былғары және кілем өнімдері, құрылыс материалдары мен өзге де тауарлар ұсынылған», – деді министр.

Биыл көрменің ауқымы айтарлықтай кеңейіп отыр. Шымкентке ауған бизнес қауымдастығының шамамен 180 өкілі келіп, өз өнімдері мен инвестициялық жобаларын таныстырып жатыр. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің өзара ынтымақтастық пен сауда байланыстарын дамытуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастырады. Әлемдік экономикалық қиындықтарға қарамастан, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тұрақты түрде дамуда. Мәселен, Қазақстан Ауғанстанға астық, ұн, май және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізіп келеді. Сонымен қатар, еліміз ауған кәсіпкерлерінің өз өнімдерін қазақстандық нарыққа шығаруына мүмкіндік жасап отыр.

Министрдің айтуынша, Шымкент қаласында төрт күнге жоспарланған бұл көрме – өзара тиімді серіктестіктің нақты көрінісі және екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға тың серпін береді. «Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Қазақстан Ауғанстанды тұрақты, гүлденген және көршілерімен бейбіт қатынаста болатын мемлекет ретінде көргісі келеді. Барша қатысушыларға табысты келіссөздер мен жемісті серіктестік тілеймін», – деді Серік Жұманғарин.


ПІКІР ЖАЗУ