Пластик пайдалы өнертабыс па, өмірге төнген қауіп пе?

Біз өмірімізде күн сайын пластик бөтелкеден су ішеміз, пластик қапқа салынған азық-түлік аламыз. Бірақ оның ұсақ бөлшектері ертең өз қанымыздан табылатынын білеміз бе? Бүгін біз осы және жалпы пластик тақырыбы төңірегіне толығырақ тоқталатын боламыз.
Пластик — бұл адамзаттың ХХ ғасырда ойлап тапқан ең пайдалы әрі ең қауіпті өнертабыстарының бірі. Бүгінде ғалымдар пластиктің адам ағзасына дейін еніп, онда ұзақ уақыт сақталатынын дәлелдеп отыр.
Микропластик деп аталатын бұл бөлшектердің көлемі 5 миллиметрден кіші, кейде нанометр деңгейіне дейін жетеді. Көзге көрінбейтін бұл пластиктер қазір қаннан, өкпеден, мидан тіпті жүректен де табылып отыр.
2022 жылы Environment International журналы жарияланған зерттеуде микропластиктің алғаш рет адам қанының құрамынан табылғаны жайлы зерттеу шыққан еді. Ғалымдар 22 адамның қан үлгісін талдап, олардың 77 пайызында пластик бөлшектері бар екенін анықтаған. Ең жиі кездескен түрлері:
● полэтилентерефталат (ПЭТ);
● полиэтилен (ПЭ);
● полистирол (ПС).
Бұл материалдар бөтелкелерде, тағам қаптамаларында және косметикалық өнімдерде кездесіп, қанмен бірге бүкіл ағзаға таралып, дененің әртүрлі мүшесінде жиналуы мүмкін екен.
Science of The Total Environment журналындағы зерттеу микропластиктің адам өкпесінен де табылғанын көрсетті. Бұл бөлшектер киім талшықтарынан, үй шаңынан және маскалардан бөлінуі мүмкін. Ғалымдар кей үлгілерден 2 микроннан кіші бөлшектерді анықтаған — олар өкпенің ең терең қабаттарына дейін жетіп, биологиялық тіндерге жабысып қалуы ықтимал.
Ал 2025 жылы Nature Medicine журналында жарияланған зерттеу бойынша микропластик алғаш рет адам миында табылғанын дәлелдеді. Бұған дейін қан-ми барьері пластик сияқты бөгде заттарды өткізбейді деп санаған. Алайда зерттеу нәтижелері оның әлсірегенін көрсетті.
Ми үлгілерінен полипропилен, полистирол бөлшектері табылды. Зерттеушілер микропластиктің жүйке жасушаларына әсер етіп, қабыну реакциясын туғызуы мүмкін екенін айтады. Бұл нейродегенеративті аурулар қаупін арттыруы ықтимал. 2024 жылы JAMA Network Open журналында жарияланған зерттеу мұрын қуысы мен иіс сезу жүйесінің тіндерінен микропластик бөлшектерін анықтады. Бұл пластиктің мұрын арқылы тікелей миға өтуі мүмкін екенін дәлелдеді.
Ал көрші Қытай ғалымдары Environmental Science & Technology журналында жариялаған зерттеуінде жүрекке жасалған операция кезіндегі тіндерден микропластик тапқаны жайлы жазған. Науқастардың барлығында пластик бөлшектері анықталып, ең жиі кездескен түрлері — поливинилхлорид (PVC) және ПЭТ екені расталған. Бұл пластиктің қан айналым жүйесіне еніп, жүрек пен тамыр тіндерінде жиналуы мүмкін екенін дәлелдеді.
Қазіргі таңда микропластик адам ағзасының кем дегенде жеті бөлігіне енетіні белгілі, олар : қан, өкпе, ми, асқазан-ішек жолы, мұрын, сілекей және жүрек.
Микропластик жасуша қабықшасын бұзып, тотығу стрессін күшейтіп, созылмалы қабыну процестерін тудыруы мүмкін екен. Бұл жаңалық пластиктің тек экологиялық емес, биологиялық және медициналық мәселеге айналғанын көрсетіп отыр. Сондықтан ғалымдар алдағы жылдары микропластиктің:
● ми мен жүйке жүйесіне ұзақ мерзімді әсерін;
● жүрек-қан тамыр ауруларымен байланысын, ағзада қанша уақыт сақталатынын зерттеуді жалғастырады.
Ғалымдардың айтуынша, микропластиктің адам ағзасына әсері темекі мен ауаның ластануы сияқты жаһандық қауіпке айналуы мүмкін. Сонда да пластикті өмірімізден толық алып тастау мүмкін болмаса да, оның зиянын азайтуға бағытталған экологиялық бағдарламалар мен технологиялар әзірленуде деседі.
Бүгінде бұл мәселенің бүге-шүгесін зерттеу — экология, медицина және биотехнология салаларының ортақ миссиясына айналды.
Бірақ пластиктің өмірімізге енуі – өркениеттің жеңісі сияқты көрінгенімен, әсіресе, ең өзекті экологиялық қауіптердің бірі саналып отыр. Әрине, микропластиктің адам ағзасына дейін еніп, оның жұмысын баяу бұзатыны – бүгінгі ғылыми шындық. Сондықтан бұл өнім алдағы уақытта біздің өміріміздңң ажырамас бөлігіне айналмауы үшін оны тұтынуды азайту, қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру және экологиялық баламаларды дамыту – әр адамның және тұтас қоғамның ортақ міндеті. Табиғатты қорғау – өз денсаулығымызды қорғау екенін ұмытпауымыз керек.
Болатбек Күннұр








