Домбыра үнімен үндескен Астана: Елордада Ұлттық домбыра күнінде ауқымды шара өтті

6 шілде күні Атырау көпірінде Ұлттық домбыра күніне арналған бұрын-соңды болмаған мәдени іс-шара өтті. Бұл мереке – дәстүр мен заманауилықтың, дыбыс пен бейненің, ұлт рухы мен жаңа технологиялардың жарасым тапқан көрінісі болды. Осынау шара арқылы елордалықтар мен қала қонақтары қазақтың қасиетті мұрасына – домбыраға деген құрметін тағы бір мәрте паш етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің ерекше маңыздылығын атап өтіп:
«Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы. “Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра” деп бекер айтылмаған. Әсіресе, өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды. Бұл – өте жақсы үрдіс. Өйткені ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі», – деді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, мәдени шараға 20 000-нан астам адам қатысқан. Бұл – қазақстандықтардың өз мәдениетіне деген шынайы сүйіспеншілігінің айғағы. Қатысушылардың көптігі мен белсенділігі мерекенің сәтті өткенін көрсетті.
Мерекелік бағдарламаның басты ерекшелігі – домбыра пішініндегі алып арт-инсталляция болды. Ол арқылы қонақтар «Алтын қорда» сақталған күй мұрасымен танысып, ерекше дыбыстық атмосфераға енді. Инсталляция ішіндегі жұмсақ жарық пен акустика бабалар үнімен тілдескендей әсер қалдырды.
Күйші мен серілер шеруі көпір бойындағы ең әсерлі сәттердің бірі болды. Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ақан сері сынды қазақ музыка өнерінің жарық жұлдыздарына айналған тұлғалардың бейнесіндегі әртістер көпшіліктің арасымен жүріп өтті. Олардың көрермендермен еркін тілдесуі – өнер мен тарих арасындағы шекараны жойғандай болды. Бұл көрініс шын мәнінде ұрпақтар үндестігінен туған рухани диалог еді.
Домбыра шеберханасы — жастар үшін таптырмас тәжірибе алаңы. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге арнап домбыра тартудың бастапқы әдістері үйретілді. Ұлттық музыканы алғаш рет қолына ұстап, дыбысын тыңдап, өз бетімен үн шығаруға тырысқан әрбір қатысушы үшін бұл шеберхана ерекше әсер қалдырды.
Интерактивті аймақтар болса, мерекелік алаңды ойын арқылы танымдық ортаға айналдырды. «Күйді тап», домбыра-пазл құрастыру, музыкалық викториналар – мұның бәрі әрбір адамды белсенді қатысуға ынталандырды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығы жоғары болды.
Ал «Желмен жеткен үн» инсталляциясы — көркемдік пен символиканың керемет үйлесімі. Қазақ күйлерінің атаулары мен күйшілердің есімдері жазылған мыңдаған лента желмен тербеліп, халық жадындағы әуендерді көзге елестеткендей болды. Бұл тек көрнекі бейне емес, көрерменнің ішкі рухани кеңістігіне әсер етер поэтикалық жұмыс болды.
Ең таңғаларлық аймақтардың бірі – Ұлы домбырашылар архиві. Жасанды интеллект көмегімен Құрманғазы, Дина, Нұрғиса Тілендиев секілді күй өнерінің алыптары LED экранда қайта тірілді. Көрермен бұл тұлғалармен жүздескендей әсер алды. Заманауи технологиялардың көмегімен өткенді сөйлету – болашаққа жол ашар әдіс.
Сондай-ақ, «100 кітап» жобасы аясында домбыра туралы әдебиеттер, ғылыми зерттеулер мен фотоальбомдар топтастырылып, электронды көрме ұйымдастырылды. Бұл рухани білім мен эстетикалық ләззатты қатар ұсынған тың бастама болды.
Домбыра кино аймағында ұлттық ауыл стилінде безендірілген ашық аспан астындағы алаңда қазақ музыкасына арналған деректі және көркем фильмдер көрсетілді. Бұл – күй мен әуен тек сахнада ғана емес, бейне арқылы да жаңа өмірге ие болатынының дәлелі.
Кештің шарықтау шегі – мерекелік концерт. Амфитеатр сахнасында өткен гала-концертте дәстүрлі күйлер мен халық әндері орындалып, ұлттық музыканың ғасырлар тереңінен жеткен әуені қазіргі заманда да тыңдарман жүрегіне жол тапты.
Бұл шара – тек көңіл көтеру емес, мәдени таным мен ұлттық сананы арттыруға бағытталған тың қадам болды. Әрбір аймақ – көрерменнің жүрегіне рухани дән еккен алаңға айналды. Қазақтың қара домбырасы арқылы елорданың жүрегі – көпір бойы ұлт рухымен, күй әуенімен толқыды.








