Маңғыстау жастары және дәстүр сабақтастығы: мүмкіндіктер мен сын-қатерлер

0
165

Қазіргі таңда өңірлік дамудың басты бағыттарының бірі – экономикалық өсумен қатар әлеуметтік және мәдени әлеуетті тиімді пайдалану. Бұл тұрғыда Маңғыстау өңірі – өзіндік тарихи ерекшелігімен, мәдени кодымен және жас буынның белсенділігімен ерекше көзге түсетін аймақ.Осыған орай біз Маңғыстау облысындағы қоғамдық үдерістерге талдау жасап жүрген социолог Әбидин Әбубәкір Нәдірқожаұлымен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында аймақтың қазіргі экономикалық жағдайы, жастардың басты мәселелері, мәдени жаңғырудың бағыттары және қоғамдық ұйымдардың рөлі төңірегінде өзекті ойлар қозғалды.

Маңғыстау өңірінің қазіргі әлеуетін қалай сипаттар едіңіз? (экономикалық, әлеуметтік, мәдени тұрғыдан)

Маңғыстау – Қазақстанның батысындағы ең стратегиялық маңызы бар аймақтардың бірі. Экономикалық тұрғыдан бұл өңірдің мұнай-газ секторы арқылы ел экономикасындағы орны ерекше. Бірақ біз әлеуетті тек шикізатпен өлшеуге болмайтынын түсінуіміз керек. Қоғамдық құрылым, әлеуметтік серпін мен мәдени энергия – өңір дамуының негізгі ішкі ресурстары.

Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, урбанизация, көші-қон, жастардың белсенділігі сияқты үдерістер жүріп жатыр. Бұл – бір жағынан даму, екінші жағынан – жаңа әлеуметтік мәселелердің пайда болуына жол ашатын фактор. Мәдени аспектіге келсек, Маңғыстау – өзіндік тарихи-рухани кодын сақтап қалған сирек аймақ. Бұл әлеумет үшін күшті біріктіруші фактор саналады.

Маңғыстау мәдениетінің ерекшеліктері неде? Бұл салада қандай оң үрдістер бар?

Маңғыстау мәдениеті – тұтас бір әлеуметтанулық құбылыс. Мұнда ритуалдық қатынастар, жыраулық дәстүр, киелі орындарға деген көзқарас – бәрі тек эстетикалық мұра емес, сонымен қатар ұжымдық жад пен әлеуметтік тәртіпті сақтау механизмі.

Оң үрдістерге келсек, соңғы жылдары мәдени мұраны жаңғыртуға бағытталған қозғалыстар күшейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі орындарды зерттеу, тарихи тұлғаларды таныту, ұлттық өнерді дәріптеу бойынша ауқымды істер жасалды. Бұл – мәдени капиталдың қайта активтенуі.

Өңірде ұлттық салт-дәстүрді сақтау және дамыту қалай жүргізілуде? Қандай қолдаулар қажет?

Салт-дәстүрлер ауылдық жерлерде көбіне табиғи жолмен сақталып отыр. Бірақ урбанизация мен ақпараттық кеңістіктің ықпалымен бұл дәстүрлердің кейбірі өзектілігін жоғалту қаупіне ұшырауда.

Сондықтан оларды сақтаудың жалғыз жолы – бейімделу. Мысалы, жастарға түсінікті тілде, заманауи форматта дәстүрлерді түсіндіру. Бұл жерде медиа құралдарының, әлеуметтік желілердің рөлі орасан. Сонымен қатар, мектептер мен колледждерде интерактивті форматта салт-дәстүр сабақтарын енгізу, ұлттық өнерді кәсіп көзіне айналдыру керек. Яғни дәстүр – тек мұра емес, өмір сүру салтына айналуы қажет.

Жастармен жұмыс бағытында қандай жобалар жүзеге асып жатыр?

Жастарға арналған бірнеше институционалды бағдарлама бар. Олар – «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», волонтерлік қозғалыстар және түрлі тренингтік жобалар. Жастар ресурстық орталықтары да өз жұмысын жалғастырып келеді.

Алайда, бұл жобалар жастардың нақты сұранысы мен күнделікті өмірлік контекстіне толық сай келе ие деген ол екінші сұрақ. Кейде жасалып отырған жобалардан формалды сипатты көріп, яғни олардың шынайы әлеуметтік әсері әртүрлі болуы мүмкін.

Маңғыстау жастарының басты мәселелері қандай және оларды шешудің жолдары қандай болуы мүмкін?

Қазіргі таңда Маңғыстау жастары бірнеше өзекті мәселеге тап болып отыр. Ең алдымен – жұмыссыздық. Көптеген жастар жоғары оқу орнын бітірсе де, мамандығына сай жұмыс таба алмай жатады. Бұл – еңбек нарығы мен білім беру жүйесі арасындағы алшақтықтың көрінісі.

Екінші мәселе – ауыл мен қала жастары арасындағы теңсіздік. Қаладағы жастар үшін мүмкіндіктер көбірек болса, ауыл жастары сапалы білім мен қосымша ресурстарға шектеулі қол жеткізуде.

Үшінші – бос уақытты тиімді өткізуге арналған инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Яғни шығармашылықпен айналысатын немесе спорттық бағыттағы орталықтар аз.

Сондай-ақ тұрғын үйге қолжетімділік те жастар үшін өзекті. Әсіресе жас отбасылар мен жас мамандар баспана мәселесінде көп кедерсуларға ұшырайды.

Бұл мәселелерді шешу үшін:

  • Жастар кәсіпкерлігі мен жұмысқа орналастыруға бағытталған нақты бағдарламалар қажет;
  • Ауыл жастарына қолжетімді онлайн білім беру мүмкіндіктерін кеңейту керек;
  • Шығармашылық пен спорттық орталықтар, коворкингтер ашылуы тиіс;
  • Жас отбасыларға арналған тұрғын үй жобалары қолға алынуы қажет.

Сіздің ойыңызша, «Рух жаңғырығы» секілді қоғамдық қорлар мен ұйымдардың бұл процеске араласуы не үшін маңызды?

«Рух жаңғырығы» секілді ұйымдар мемлекет пен қоғам арасындағы делдал бола алады. Бұл ұйымдарда әлеуметтік сенім деңгейі жоғары, себебі олар көбінесе жергілікті халықтың ішінен шыққан, олардың мүддесін түсінеді. Олар нақты әлеуметтік мәселелерді жергілікті деңгейде анықтай алады және оған нақты шешім ұсынады.

Бұл тек мәдениет саласындағы емес, қоғамның әлеуметтік тұтастығын сақтауға бағытталған жұмыс.

Жергілікті мәдениетті қолдауға бағытталған жобалардың өңір үшін қандай нақты пайдасы болады деп ойлайсыз?

Жергілікті мәдениетті қолдауға бағытталған жобалар өңірге мынадай нақты пайда әкеледі:

  1. Әлеуметтік тұтастықты күшейтеді – ортақ құндылықтар мен бірегейлік сезімін қалыптастырады.
  2. Жастардың дамуына ықпал етеді – бос уақытты тиімді өткізуге, шығармашылықты дамытуға мүмкіндік береді.
  3. Экономикалық пайда әкеледі – этнотуризм мен креативті индустриялар арқылы жаңа жұмыс орындары пайда болады.
  4. Адами капиталды сақтайды – жастардың өз өңірінде қалуына себеп болады.
  5. Азаматтық белсенділікті арттырады – халықтың қоғамдық өмірге араласуын күшейтеді.

Бұл жобалар – тек мәдениет емес, өңірлік дамудың маңызды құралы.

Сұхбат барысында белгілі болғандай, Маңғыстау өңірінің дамуы тек табиғи ресурстармен емес, оның адам капиталымен, мәдени байлығымен және қоғамдық белсенділігімен тығыз байланысты.
Социолог Әбидин Әбубәкір Нәдірқожаұлы көтерген мәселелер – жастардың жұмыссыздығы, салт-дәстүрдің заманауи қоғамдағы орны, мәдени жобалардың әлеуметтік маңызы – бүгінгі өңірлік саясат үшін өзекті бағыттар екенін көрсетіп отыр.
Маңғыстаудың болашағы – оның халқында, әсіресе жас буында. Сондықтан аймақтық даму тек экономикамен шектелмей, мәдениет пен қоғамның сұраныстарын да ескеруі қажет. Бұл жолда мемлекеттік құрылымдармен қатар қоғамдық ұйымдар мен жергілікті бастамашыл топтардың рөлі айрықша болмақ.


ПІКІР ЖАЗУ