Қайта жүздескенше, Рудный!

«Астана Опера» театрының Рудныйға гастролі өз мәресіне жетті. 24 мамырда опера труппасы, оркестр мен миманс әртістері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group (ERG) жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қолдауымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында«Горняк» мәдениет сарайының сахнасында зор жетістікпен өнер көрсетті. «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» топтамасынан балаларға арналғанконцертте де, ересек аудитория үшін дайындалған Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» спектаклінде де көрермендердің қошеметі толастамады.
Мамырдың осынау жайма шуақ кешінде «Горняк» мәдениет сарайында ине шаншар жер болмады, мұнда ғажайыппен кездесуді тағатсыздана күткен рудныйлық асқақ өнер жанкүйерлері жиналды. Өнер көрсету алдындағы мүлгіген тыныштық әлдебір толқытарлық дүниенің болатынын сездіргендей еді. Театр дирижері, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин өзінің таяқшасын сермеп қалғандаКамералық оркестрдің үні жан-жаққа тарады.
Сахнада құштарлық, махаббат пен қызғаныш өріс алды. Көрермендер кейіпкерлермен бірге түрлі сезімдерді бастан кешіріп, жауапсыз махаббатының салдарынан ақылынан адасқан Орландоның уайымын бірге бөлісті. Италиялық суретші Манана Гунианың сценографиясы да көпшілікті тәнті етті. Ол нағыз алхимиктің әлемін жасаған еді, ал оның авторлығындағы костюмдер аудиторияны XVIII ғасырдың атмосферасына жетеледі.
Кейіпкерлердің бейнелерін «Астана Опера» опера труппасының жетекші солистері шебер таныстырды. Жауынгер Орландоның рөлін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Расул Жармағамбетов керемет орындады. Ал Брадамантенің партиясын танымал әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген кайраткері Салтанат Ахметоваұсынып, вокалдық өнердің жоғары деңгейін паш етті.Зұлым сиқыршы Альчинаның бейнесін Татьяна Вицинскаянанымды сомдады, ал Анжеликаның рөлін Әсем Сембинаойдағыдай жүзеге асырды. Медороның бейнесіндегі Артур Ғабдиев құштарлық пен өткір мінезді паш етсе, Руджероның партиясындағы Нарұл Тойкенов таусылмас қуат пен батырлықты көрсетті. Астольфоның рөліндегі Алтынбек Әбілданың актерлік шеберлігі және вокалдық мүмкіншілігі жарқын әсер қалдырды.
Рудныйлық көрермендер «Астана Операның» «Қаһарлы Орландо» операсын алып келгені өздері үшін нағыз мәдени жаңалық болғанын атап өтті, себебі бұл спектакльҚазақстанда тек елордалық театрдың сахнасында жүреді.
— Мұндай мәдени шараларға баруға күнде мүмкіндігіміз бола бермейді, сондықтан осынау өнер толқынын асқан қызығушылықпен және рақат сезіммен тамашаладық. Фойеде бізді ерекше фотоэкспозиция қарсы алды, бұл — нағыз жауһар! Өнер мен қауіпсіздікті кенепте қалай біріктіргендеріне таңғалдым: респиратор таққан балерина, арнайы киімдегі әртістер — барлығы зор әсер қалдырды. Біз өндірісте жұмыс істегеннен кейін өнерді көбінесе теледидардан ғана көреміз. Ал мұнда оған қол созым жерден куә болдық.
Концерттік залда өнерге бойлай түстік: жанды орындау, жанды эмоция. Музыканттардың саусақ қимылдарын, ым-ишараттарын бақылап отырдым, әрбір қимылда сезімді жеткізуге деген талпынысты көрдім. Оқиға желісі де, музыка да жүрек қылын қозғады, бірнеше ғасыр бұрынғы хикая бір жағынан сондай алыс, ал бір жағынан өте жақын. «Астана Операның» біздің Рудный секілді қалаларға жиі келіп отырғаны өте маңызды. Бұл — нағыз мәдени мереке. Зал лық толы болды, тіпті өздерін опера жанкүйері санамайтын жандар да келді, өйткені барлығы ғажайыпқа қол ұшын тигізгілері келеді. Мен рақат сезімге бөлендім, — деп алған әсерімен бөлісті ССКӨБ (Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі) жобасының бас инженеріЮрий Ведин.
Рудный музыкалық колледжінің қызметкері әрі музыкант Наталья Саулина да керемет әсер алғанын айтты. — Осындай сый үшін көп рақмет, үлкен әсерде тұрмын. Бізге жанды музыка жетпейді, ал мұндай гастрольдер біз үшін айтулы оқиға. Күйеуім де тәнті болды, бұл біздің «Астана Операның» өнер көрсетуіне екінші мәрте келуіміз, өткен жолы Россинидің «Жібек сатысын» көрген едік. Сіздердің келетіндеріңізді естігеннен кейін бірден билет алуға асықтық. Бұл жолы көне операмен таныстық, музыкасы таңғаларлықтай әсем, ал әртістер тамаша. Орландо айрықша есімде қалды: оның тембрі әдемі, әртістік қабілеті зор, Вивальдидің мәнерін шебер жеткізе білді, солист дыбыспен ойнағандай болды. Оркестр де мінсіз. Бізге барлығы қатты ұнады.
Рудный тұрғыны Айман Калеева қалада мұндай спектакль бұрын-соңды болмағанын айтты: — Осыған дейін операға Алматыда, Мәскеуде болғанымда барғанмын. Ал елордамызда «Астана Операның» балеттік спектаклін ғана көрдім. Енді туған қаламызда осындай қойылымды тамашалаудың сәті түскеніне қатты қуаныштымын. Опера итальян тілінде болса да, аударманың және әртістердің мәнерлі ойынының көмегімен барлығы түсінікті болды. Солистерге шығармашылық өрлеу, зор денсаулық тілеймін. Аспанымыз әрдайым ашық болсын, өнерлері өрге жүзсін. Бүгін бізге сыйлаған жағымды эмоция өздеріне еселеп қайтсын.
Сондай-ақ «Астана Операның» гастролі оқу жылының аяқталуымен тұспа-тұс келіп, рудныйлық оқушыларға екі есе қуаныш сыйлады. Көптен күткен демалыстарының алғашқы күнінде балалар ұмытылмас шаттыққа кенелді, оларға «Астана Опера» опера солистерінің, камералық оркестр мен концертмейстерлер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Долорес Үмбетәлиева мен Раушан Бескембированың орындауындағы «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» топтамасынан концерт ұсынылды. Театрдың музыкатанушысы Сәуле Мәулетованың қызықты әңгімесінің арқасында балалар туындылары сахнада шырқалған композиторлардың өмірі мен шығармашылығы туралы көп мағлұмат алды. Бұдан бөлек, концертке музыкалық мектептердің оқушылары және Қиын өмірлік жағдайда қалған балаларды қолдау орталықтарының тәрбиеленушілері де келді.
— Өнер көрсету қатты ұнады, әсіресе А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» топтамасынан «Жазды» тыңдағанда ерекше қуандым. Бұрын бұл туындыны музыкалық әдебиет сабағында естуші едім, алайда оны жанды орындауда алғаш рет тыңдап, зор әсерде қалдым. Тұтас концерттен жарқын эмоция алдым. Мен өзім фортепиано мен аккордеонда ойнаймын, сондықтан маған аспаптық музыка ерекше жақын. Барлық туындылар таныс болғандықтан, бұл оларды тереңірек қабылдауға септігін тигізді. Осыған дейін «Астана Опера» әртістерін көрмеген едім, Астанаға бара қалсам, театрға міндетті түрде барғым келеді. Нағыз кәсіпқойлар өнер көрсетіп жатқаны байқалды, барлығы сондай әсерлі әрі жігерлі көрінді, — деп атап өтті №21 музыкалық гимназияның оқушысы Кирилл Коноплев.
Ал Рудный музыкалық колледжінің 4-курс студенті Дильназ Байзақоваға әртістердің эмоционалдылығы қатты ұнады.
— Біз шынымен керемет орындауды тыңдадық: әрбір аспапшының музыкаға ғашық екені көрініп тұрды, мұны олардың қимылынан, ым-ишараты мен дыбыстың айқындылығынан түсінуге болатын еді. Қаламызға келіп, өзінің шығармашылығымен бөліскені үшін ұжымға ризашылығымды білдіремін. Оркестрдің үні мінсіз, таза теңгерім, бай динамика, шебер нюансировка. Мен колледжде классикалық гитарада ойнаймын, бізде үрлемелі аспаптар оркестрі бар, сондықтан дирижердің шеберлігін айрықша бағалаймын. Сіздердің дирижерлеріңіз тереңнен сезінетін кәсіби маман екен. Оркестрдің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілхановты да атап өтпеуге болмайды. Оның өнер көрсетуі шынымен теңдессіз болды. Мен И.С.Бахтың музыкасын ерекше жақсы көремін және оның шығармаларын өзім де бірнеше мәрте орындадым, сол себепті Бахты бүгін мұндай тамаша пайымдауда тыңдағаныма айрықша қуандым.
Сондай-ақ бұл күні «Горняк» мәдениет сарайында «Қауіпсіздік өнері» фотокөрмесі ұсынылып, ол қауіпсіздік техникасын сақтау қай салада да маңызды екенін атап көрсетті.
Гастроль аясында елордалық әртістер ағартушылық қызметке де уақыт тапты. Мәселен, театрдың опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев Рудный музыкалық колледжінің білім алушылары үшін шеберлік сабағын өткізді. Беделді сахналарда өнер көрсетіп жүрген танымал баритон, сахна шебері әрі жоғары кәсіби ұстаздан кеңес алу және жаңа білімді меңгеру студенттер үшін құнды тәжірибе болғанын айрықша атап өтуіміз керек.
Сонымен, шеберлік сабағынан кейін Талғат Мұсабаев театр солистерімен бірге орталық алаңға бет алып, мұнда ERG құрамына кіретін зауыт қызметкерлерімен кездесті және олармен бірге А.Зацепиннің музыкасына «Надо мной небо синее» әнін орындады. Ашық аспан астында шырқалған әйгілі шығарма сондай ерекше естіліп, кездесудің барлық қатысушылары үшін ұмытылмас сәтке айналды.
– Әртістерімізді осымен екінші мәрте қошеметпен қарсы алған Рудный тұрғындарына, сондай-ақ осы гастрольге қолдау көрсеткен ERG жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясына зор алғысымызды білдіреміз. Біздің шығармашылық ұжым Рудныйдан көптеген жағымды эмоция мен шабыт алды. «Астана Опера» талғампаз көрерменнің көңілінен шығу үшін қашанда дамып, жаңа шыңдарға көтеріле бермек, – деп атап өтті театр директоры Александр Совостьянов.
– Барлық мәдени оқиғалар өмірді жаңа эмоциялар менмағынаға толтырады. Өндірісті дамыту әрі жетілдіру туған қалалар мен олардың тұрғындарының дамуынсыз мүмкін емес екеніне шынайы сенеміз. Сондықтан рудныйлықтарды «Астана Опера» театрының гастролімен қуанту біз үшін ерекше бақыт. Асқақ өнермен болған кездесу көптеген жандардың шабытын оятып, үлкен мәдени оқиғадан ұмытылмас естелік пен жағымды әсер қалдырғанынасенімдімін, – деді Қазақстандағы Eurasian Resources Group бас директоры Серік Шахажанов.
Сонымен, Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы тағы бір жарқын өнер көрсету артта қалды. Елордалық әртістер:«Қайта жүздескенше, Рудный!» деп риза көңілмен қол бұлғады. Енді оларды алда павлодарлық көрермендермен кездесу күтеді.








