Тұрар Саттарқызы,этнограф: Кимешек ананың сүтіндей аппақ түсті болатынын ұмытпайық!

0
128

Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлері – ұлттың рухани өзегі, тарихи жады мен ұлттық болмысының көрінісі. Дәстүр – атадан балаға мұра болып келе жатқан өмір салты болса, мәдениет – сол дәстүрлердің сан ғасырлық сабақтастығы мен өркендеуі. Бүгінде осы бай мұраны сақтап, жас ұрпаққа жеткізу – маңызды міндеттердің бірі.

Осы орайда біз ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрдің маңызы, қазіргі қоғамдағы орны туралы кеңінен әңгімелеу үшін тарихшы, этнограф әрі журналист Тұрар Саттарқызымен арнайы сұхбаттастық.

— Қазақ халқының салт-дәстүрі десе, ең алдымен ойыңызға не келеді және неге?

Ең алдымен ойыма «қонақжайлық» дәстүрі келеді. Себебі бұл — қазақтың ең басты ерекшеліктерінің бірі. Келген адамға төр ұсыну, дастарқан жайып, барымен бөлісу — халқымыздың кең пейіл, жомарт болмысының айғағы.

— Қазақ дәстүрлерінің басқа халықтардың дәстүрлерінен қандай ерекшелігі бар деп ойлайсыз?

-Қазақ дәстүрлері терең тәрбиелік мәнге, рухани мазмұнға толы. Әрбір салтта үлкенді сыйлау, туған-туысты қадірлеу, табиғатпен үндестік сынды ұлттық ерекшеліктер сақталған. Сонымен қатар, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берілуі – бұл үлкен айырмашылық.

-Қазіргі жастардың салт-дәстүрге деген көзқарасын қалай бағалайсыз?

-Қазіргі таңда жаһандану мен технологияның дамуы жастардың өмір салтына айтарлықтай әсер етуде. Көптеген жастар ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерден алыстап, батыс мәдениетіне еліктеуге бейім. Қазақтың бай мұрасы — тілі, дәстүрі, әдет-ғұрпы ұмыт бола бастағандай.Сондықтан жастар арасында рухани тәрбиені күшейтіп, салт-дәстүрді жаңғырту керек.

-Дәстүр мен діннің арасындағы байланысты сіз қалай түсіндіресіз?

-Дәстүр мен дін — бір-бірімен тығыз байланысты. Көптеген қазақ дәстүрлері ислам дінінің құндылықтарымен үйлеседі. Мысалы, үлкенге құрмет, қайырымдылық жасау, жетімге көмектесу – бұлар әрі дінге, әрі дәстүрге тән қасиеттер.

-«Жеті ата» мен «жүз» ұғымдарының маңызы туралы не айтар едіңіз?

-Қазақта “Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер”, “Жеті атасын білмеген жетесіз” деген ұғымдар бар. Халқымыз қашанда әр нәрсенің “арғы тегін”, “шыққан тегін” білуге қатты мән берген. “Текті жерден қыз ал” деген.

“Жеті ата”, “жүз” ұғымдары сол текті сақтауға арналған.

Халқымыз “Жеті ата” ұғымы арқылы өзінің өткені мен дәстүріне құрметпен қараған.  Әр қазақ аталары мен арғы аталарының есімдерін 7-ұрпаққа дейін есте сақтауға тиіс болған. Бұл дәстүр әлі күнге дейін сақталып келеді және оны жеті ата деп атайды.

Жеті атаны білу ұлттың денсаулығын және оның тазалығын сақтауға көмектескен. Бұл қан араласудан және ауыр генетикалық аурулардан сақтаған.

Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрған. Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз.  Ол қазақ қоғамының рулық-тайпалық бірлестіктерінің атауы. Жүздерден рулар тарайды.

-Қазақ халқының ырым-тыйымдарының астарында қандай тәрбиелік мән жатыр деп ойлайсыз?

Ырым-тыйым -қазақтың тәлім-тәрбие институты.Ұрпағын “ұят болады, жаман болады, обал болады” деп тәрбиелеген бабаларымыз, бізге ұлттық құндылықтар арқылы ұлттық тәлім-тәрбиеге үндейтін мол рухани қазына қалдырған.Оның қадірін қаншалықты біліп, мағынасын ұғынып жүрміз бе?!

Ырым бұл — халқымыздың сенімі, өзіне психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуі.Яғни, ырымның астарында “солай болса екен, сондай болса екен” деген ізгі ой, тілек, сенім жатыр.

Ал тыйым бұл -тәрбие.Тыйымдар арқылы баланы жаман нәрседен тыйған, қауіп-қатердің алдын ескерткен. Жаманнан жиренуге шақырған.Табиғатпен үндес халқымыз, Табиғат ана берген игілікті қадірлеп, қасиетін білген.

Ғалым, академик болмаса да, экологиялық тәрбиені бала бойына бесіктен сіңдірген.Қоршаған ортаны, табиғатты қорғауға үйреткен.Көкті жұлма. Бір тал кессең, он тал ек. Құстың ұясын бұзба”,-деген тыйымдар соның дәлелі.

Бабаларымыз жайлаудан қыстауға көшерде де, орнын тазалап, жиып кеткен екен.Бүгінде табиғатқа шықтық деп, артын қоқсытып кетіп жатқандарға қарап, сол қазақтың бүгінгі ұрпағы осындай екеніне қынжыламын.

Ал дала академиктері болған дана бабаларымыз ырым-тыйымдармен, қисса-аңыздармен, ертегілермен-ақ есті, көкірек көзі ояу ұрпақ тәрбиелеген.Ұрпағымызға ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие берсек, адами қасиетті биік қоятын, қоршаған орта мен табиғатты қорғайтын, экологиялық сауатты азаматтар болады.

-Ұлттық киім мен әшекейлердің салт-дәстүрмен байланысы қандай деп ойлайсыз?

Ұлттық киімдер тек сән емес, әр ою-өрнек, түс, пішім — белгілі бір мағына береді. Мысалы, келіннің сәукелесі оның мәртебесін көрсетсе, белбеу – қорғаныш символы.

Кимешек тек ақ түсті болған. Әрі әр рудың өзіне тән кимешегі болған. Қызай кимешек, арғын кимешек, керей кимешек және т.с. Қазақтың киімінің әр руының өзіне тән ерекшеліктері болған. Сондай-ақ кимешекті әйелге қарап, қай рудың, қай елдің келіні, күйеуі бар ма, жесір ме екенін де білген.

Бүгінде кейбір әйелдер  сары, қызыл түсті кимешек киіп, оған жылтырақтар тағып алып жүргенін немесе қырғыздың эличегі сияқты “кәстрөл” тәріздес бас киімді кимешек деп жүргенін көріп жүрміз.Кимешек ананың сүтіндей аппақ түсті болатынын ұмытпайық!

Бәзбіреулердің бабалары шәркей киіп, енді біреулер шөл далада шаң-тозаңнан қорғану үшін, бет-аузын тұмшалап, етегімен жер сыпырып, қап-қара киініп жүрсе, біздің бабаларымыз алтын мен күміске малынып, табиғаттың сан алуан түсіндей, қызыл-жасыл киініп,  табиғатпен үйлесімде өмір сүрген. Өкініштісі, бүгінде төл құндылығымызды менсінбей, өзіміздікін танығымыз келмей, өзектен теуіп, біресе орыс, біресе арап боламыз деп адасып жүрміз. Өзгенің қаңсығына еліктемей, “Ең әдемі киім -ұлтыңның киімі” екенін ұмытпайықшы!

-Болашақ ұрпаққа қандай дәстүрді міндетті түрде жеткізу керек деп есептейсіз?

-Қазақтың барлық салт-дәстүрлері — ата-бабамыздан келе жатқан үлкен қазына.Біз шынын айтқанда қазына салынған үлкен сандықтың кілтін таба алмай отырған ұлтпыз.Сондықтан болашақ ұрпаққа дәстүрді міндетті түрде жеткізу керек.

Сұхбат барысында ұлттық мәдениет пен дәстүрдің маңыздылығы туралы маңызды ойлар айтылды. Тұрар Саттарқызының пікірлері салтымызды ұлықтап, ұрпақ санасына сіңірудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.


ПІКІР ЖАЗУ