Тіл саясатын насихаттайтын әдістемелік өнімдер таратылды
Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты дау көп. Бұған әлеуметтік желілерде мәселенің саясилануы дәлел бола алады. Осыған ұқсас жағдайлар аталған тақырып төңірегінде өрши түскен әлеуметтік шиеленіс барын айқын аңғартады.
Алғашқыда біздің елдегі тіл саясаты «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегеннің төңірегінде құрылды. Келесі онжылдықта шенеуніктер «қазақша әдебиет пен контент көбейсін» деген пікірде болды. Қазір қазақша аудиторияның үлесі көп. Соған сай баспа өнімдері, контент, аудио-визуалды өнім жетерлік. Тіл мәселесін құқықтық тұрғыдан, мемлекеттік тілде ақпарат алу құқығы аясынан қарастырғанымыз жөн.
Тілдің қолданыс аясы төңірегінде жүргізілген зерттеу нәтижелері көрсеткендей мемлекеттік тілдің құқын нақтылауға жанама түрде болса да әсер ететін жобалар көп. Солардың бірі Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Social project management орталығы іске асырып жатқан «Тіл – татулық тірегі» жобасы.
Бұл жоба аясында қалада әртүрлі форматтағы іс-шаралар атқарылды. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы мың жарымнан астам кәсіпкерлік нысанға мониторинг жүргізу жұмыстары болды. Жастардан құралған мониторингтік топ көшелерді жаяу аралап, нысандарды фотосуретке түсіріп, олардың иелеріне арнайы жадынама мен буклеттер таратты. Жадынамада Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» заңының үзінділері мен «Тұтынушылар құқы», «Жарнама» туралы заңдардың тілге қатысты тармақтары жазылған. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының көмегімен дайындалған буклетті әдістемелік құрал деп айтса да болады. Онда жоғарыда айтылған заңдардың тармақтары схема-сызба түрінді оңай түсіндірілген.