Тараптардың басын қосқан дөңгелек үстел

0
23

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Social project management» орталығы 30-қазан күні «Бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың, қылмыстық атқару жүйесі департаментінің, пробация қызметінің, еңбек мобильділігі орталығының өкілдері, заңгерлер және т.б. қатысты.

Атап айтқанда психолог Гульбанум Мурадуллаева,  құқықтанушы Қалбуби Жанботаева, заңгер Мұхамеджан Әбдібеков, Алматы қаласы мансап орталығының маманы Назгүл Сарсебаева, Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі бөлімі полиция бөлімі бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Назгүл Джошова, Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасында тәрбиелік, әлеуметтік-психологиялық жұмыс тобының бас маманы, әділет подполковнигі Шынар Хусайнова сынды мамандар дөңгелек үстелде өз ойларын ортаға салды.

Құқықтанушы Қ.Жанботаеваның айтуынша, ол жоба кезінде 40-тан астам адамға құқықтық көмек көрсеткен. Өтініш жазу, мерзімінен бұрын босауға сұраныс қалдыру, сотқа шағым түсіру бойынша жұмыстар атқарылған.

Психолог Г.Мурадуллаева қаладағы үш түрмеде тренингтер жүргізген. Оған жазасын өтеп жатқан кісілер қатысып, оларға абақтыдан шыққан соң қоғамға бейімделудің әдістері түсіндіріліпті.

Мансап орталығынан келген Н.Сарсебаева ханым пробацияда тіркеуде тұрған азаматтар қоғамдық жұмыс бағдарламасы бойынша жұмысқа орналаса алатынын айтты. Сонымен қатар қала әкімдігімен бірге 80-нен астам компанияның тізімі жасалып, оларға түрмеден шыққан адамдарды жұмысқа алу бойынша квота бөлінген екен.

Қылмыстық атқару жүйесі департаментінен келген Ш.Хусайнова адамдар түрмеге түскеннен кейін де олардың еңбек ету құқы шектелмейтінін атап өтті. «Олар түрме қабырғасында жазасын өтеп жүріп те, еңбекақыға жұмыс істей алады» дейді ол.

Айта кетейік, дөңгелек үстелді Social project management орталығы ұйымдастырды. Ұйым аталған жобаны биыл екінші жыл қатарынан жүзеге асырып жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ