Ата-баба аңсаған заманды құра алдық па?
Қазақ елі – өз мұңын өзі ойлап, өзі ізденіп,
тіршілік деген майданда сыналған ел.
Ғабит Мүсірепов
Халқымыздың тарих беттерін ақтарып отырсаң, көзің еріксіз ұлтымыздың басына түскен ауыр жағдайларға түседі. 3 рет үлкен жұтты басынан өткерген халқымызды, батыр халық десек те жарасары анық. Сонау жоңғарлар мекендеген кезден, кешегі Кеңес Одағына дейін халқымыз ауыр кезеңдері бастарынан өткерді. Бірде қуанды, бірде жылады, бірде халық саны көбейсе, бірде жойылудың аза қалпында қалды.
Бірінші жұт — 1723-1727 жылдар аралығында болды. Тарих беттерінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен мәңгілікке қалды. Халық «елім-ай» деп еңірей елінен қашты. Отанын, туыс-туғанын, ыстық естеліктерін артқа тастай, жан сауғалап, өзге елдерде паналаудан басқа амал қалмады. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет қасіретті зардабы өте зор зұлматқа тап болып, жер бетінен ұлт ретінде жоқ болу қаупіне ұшырады. Ғалымдардың есептеуіне сүйенсек, жалпы халық шығыны — кемі 1,5-2 млн адам болған. Ал босып кеткендер саны 300 мыңнан 1 млн-ға дейін еді.
Екінші жұт – 1920-1921 жылдар аралығында болған жұт еді. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді. 1921 жылдың жазында Еділ бойымен қатар, елдің көптеген өңірлерін жайлады. Аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар да қатар келді. Деректерге сенсек жұқпалы аурулармен ауырған адамдардың саны республиканың емдеу мекемелерінің мүмкіндіктерінен едәуір асып кетті. Аштық, эпидемия, ауруханалардың жетіспеуі, осының бәрі аурулар арасындағы өлімнің санын көбейтіп жіберді. Жалпы осы бір нәубетте қазақ елі 1 млн 700 мың қандасынан айырылды.
Соңғы, әрі ең ауыр жұттың бірі – 1932-1933 аштық еді. 1925 жылы Қазақстанның басшылығына Голощекин келді. Өзінің оңқай саясатына сүйенген ол, «Кіші Қазан» ұранымен, 1928 жылы қазақ халқын азаптау процесін бастап кетті.
Голощекиннің көзі ең алдымен байларға түсті. Бай-бағыландарымызды Кеңес Одағының әр жеріне жер аударып, мал-мүлкін өз қарамағына алды. Келесі кезек қара халық еді. Малын тартып алып, бермегенді өлтіріп те жатты. Малынан айырылған қазақ үлкен жұтқа душар болды. Қара нан таппай, қаншама жан нәр тата алмай, тіл тартпай кетіп жатты.
Деректерге сенсек, 1932-1933 жылдардағы жұт Кеңес Үкіметінің қазақ ұлтын жойып жіберу мақсатында ұйымдастырған ашаршылығы болған. Кеңес Одағының басшысы Сталин мен елдің тұтқасы болсын деп келген Голощекин елді гүлденідірудің орынына, халықтың жаппай қырылуына жол берді. 1929 жаздағы санақта тіркелген 41 млн-ға жуық малдан 1933 жылы жазда 4,5 млн бас қалған. Үкімет босқан халыққа көмек берудің орнына қырылуына жол берді, тіпті емдеуге тиым салды. Осы бір жұттың әсерінен қазақ халқының 60-80 пайызы жойылып кетті.
Ең қынжылтатыны 3 жұтты өткергеніміз емес, өскелең ұрпақтың бұны елеп-ескермегенінде. Мойындау керек еліміз жыл санап дамып келе жатқанымен өткеніміз, ұлтымыздың тарихы жеткілікті түрде қолға алынып жатқан жоқ. Мектептерде оқытылып, ұлттық біріңғай тестке енгізілгенімен, оқушылар, болашақ түлектер бұл сабаққа аса мән беріп қарамайды. Дегенменен ата-баба аңсаған заманды құра алдық па? Ойланып көріңізші. Осы сәтте Алаш арысы, біртуар ақын Міржақып Дулатұлының мына бір сөзі есімізге түседі.
«Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел — қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашығына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады».
Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев өзінің соңғы жолдауында «Бәріміз біріге жаңа Қазақстан құратымыз» деген сөзі көпшіліктің көңіліне үміт оғын жағып, халқымыз бір қуанып қалған-ды. Тамыры терең, қазығы берік қазағымның бар қиындықты еңсере білетіні маған аян.
Жалпы жоғарыда атап өткенімдей еліміз басынан кешірген дүрбелеңі мен сергелдеңі, куанышы мен қайғысы, қаны мен тері, селі мен шері араласып кеткен аласапыран ғасырлардың куәсі болған, әрі соған шыдай білген ұлы халықтардың бірі және солай болып қалады да! «Әрекет түбі берекет» демекші, еліміздің 3 жұтты еңсеріп, тарихын мойындатыи, жаңа кезеңге жаңа қадаммен аяқ басарына менің сенімім мол. Тек қол қусырып жатпай, жаңа Қазақстанды құруға ат салысайық дегім келеді!