«Қыпшақ қызы Аппақ» сахнаға оралады: жаңа қырлары ашылып, жарқын дебюттер орын алады

3-4 қазанда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың «Қыпшақ қызы Аппақ» ұлттық операсы қайта ұсынылады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу аясында мамырда зор жетістікпен ұсынылған әлемдік премьерасынан кейін спектакль көрерменге оралады. Өткен айлар ішінде қойылым «аяққа тұрып», біршама өзгертілді. Бұл көпшіліктің жүрегінен орын алған туындыға жаңаша қарауға және оның басқа қырларын ашуға мүмкіндік береді.
Алдағы көрсетілімдерде басты назар дебюттерде болады. 4 қазанда Низамидің партиясын алғаш рет Рамзат Балакишиев орындайды. Дара Мұзаффарр әд-Диннің рөлінде Саргис Бажбеук-Меликян дебют жасайды. Мехбараның рөлін 4 қазанда алғаш рет Салтанат Мұратбекова, ал Шарафты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев таныстырады. Аппақтың партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ пен Ұлпан Әубәкірова жүзеге асырады. Низамиді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин де ұсынады. Даңғаз – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Расул Жармағамбетов, Талғат Ғалеев. Дара Мұзаффарр әд-Диннің рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников өнер көрсетеді. Мехбараның бейнесінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская сахнаға шығады. Шараф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев.
Оқиға желісінің негізінде қыпшақ сұлуы Аппақ пен Шығыстың ұлы ақыны Низами Гәнжауидің махаббат хикаясы жатыр. Тұтқынға түскен қыпшақ қызы ақынның жарына, шайырды әлемдік поэзияның асыл қазынасына енген ғажайып әйел бейнелерін жасауға шабыттандырған музасына айналады. Опера кейіпкердің жеке басының драмасы арқылы халықтың рухани беріктігі мен бейбітшіліктің қадір-қасиеті туралы сыр шертеді.
Бұл туындының түркі әлеміндегі маңыздылығы туралы музыка авторларының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Серікжан Әбдінұров әңгімеледі. – «Қыпшақ қызы Аппақ» XII ғасырдағы тарихи оқиға негізінде қыпшақтың Аппақ есімді қызы мен Шығыстың ұлы ақыны Низамидің махаббаты жайында баяндайтын түркі әлеміндегі жалғыз опера. Бұл кейіпкерлердің тағдыры қазақ пен әзірбайжан халықтарының салт-дәстүрімен, өнерімен, мәдениетімен байланысты қанат қақты туынды, мен оны түркі әлеміндегі түрлі ұлттардың тағдыры байланысқан тұңғыш опера деп отырғаным сондықтан. Түркі халықтарының тамыры, тілі мен ділі бір. Сол себепті түркітілдес елдер өзара ынтымақтастықты нығайтып жатқан тұста бұл операның сахналануы, меніңше, – заңды құбылыс. Бұл – «Астана Опера» театры мен қазақстандық композиторлық мектептің түркі әлемінің бірлігін арттыруға қосқан үлесі.
Композитордың айтуынша, музыкада екі көркем желі – қыпшақ даласы мен Кавказ таулары біріктірілген. – Осынау опера – Әліби екеуіміздің көп жылғы еңбегіміздің нәтижесі. Аппақтың бейнесінде біз түркі қыздарына тән инабаттылық, отансүйгіштік, ата-анаға деген махаббат, жан-жарына деген адалдық, батылдық секілді барлық ізгі қасиеттерді жинастыруға тырыстық. Операда қазақ халқының ән-күйі мен фольклорын кеңінен қамтуға күшімізді салдық. Мұнда домбыраның да, қобыздың да үні бар, зар заман жырлары, жоқтау өлеңдері де кездеседі. Әзірбайжан халқына қатысты айтатын болсақ, олардың мәдениетін ұлттық аспабы тардың үні арқылы жеткіздік. Операны жазу барысында әзірбайжандардың көптеген халық әнін, музыкасын, мұғамдарын зерттеп, олардың фольклоры мен ладтарына жүгіндік, – деп атап өтті Серікжан Әбдінұров.
Сондай-ақ композитор театрдың осы туындыға деген ықыласын ерекше бағалайтынын баса айтты. – Театр осы туындыны қабылдап, көрерменге таныстырғаны үшін «Астана Операға» шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл театрдың сахнасында кез келген опера қойыла бермейді: туынды тыңдалымнан өтеді, театрдың көркемдік кеңесі әрбір шығарманы сұрыптап, терең талдаудан өткізеді. Сондықтан шығармашылық ұжым осы операға айрықша назар аударып, оны өз сахналарында қою туралы шешім қабылдағанда қатты қуанған едік. Өйткені «Астана Опера» – әлемдік деңгейдегі театр, мұнда еңбек ететін дирижерлер, опера солистері, хор, оркестр, балет пен миманс әртістері – барлығы өз ісінің хас шеберлері. Олармен қоян-қолтық жұмыс істеу – біз үшін зор мәртебе әрі жауапкершілік. Опера сахнада өмір сүруін жалғастырып жатқаны көңілімізге айрықша қуаныш ұялатады. Спектакльдің көрерменге оралатыны, онда жаңа орындаушылар мен жаңа дебюттердің пайда болатыны – туындының көрерменнің жүрегінде орын алғанының үздік дәлелі.
«Қыпшақ қызы Аппақ» әлемнің көптеген театрлық алаңында таныстыруға болатын туындыға айналады деген үміттеміз. Біз Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Еркеғали Рахмадиев сынды қазақстандық композиторлық мектептің біртуар өкілдерінің дәстүрлерін жалғастырып, ұлттық опера жанрын дамытуға үлес қосып жүргенімізге қуаныштымыз, — деп қорытындылады композитор Серікжан Әбдінұров.
Қойылым бойынша үлкен шығармашылық топ жұмыс істегенін еске саламыз. Оның құрамында музыка авторлары — композиторлар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар, либреттошы Тілеуғазы Бейсембек, қоюшы режиссер Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Михаил Панджавидзе мен қойылымның музыкалық жетекшісі Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин, костюмдер мен декорациялар бойынша суретшілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов болды. «Астана Операның» бас хормейстері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, балалар студиясының хормейстері – Алтынғаным Ахметова. Бұл күндері театрдың симфониялық оркестрі қоюшы дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың басқаруымен өнер көрсетеді.
Қойылымды мамырда тамашалап үлгермеген көрермендер мен сүйікті операның жаңа қырларын ашқысы келетін жандар үшін 3-4 қазан тамаша мүмкіндік.
Спектакльдердің басталуы 17.00-де.







