Ғылым министрі Дүниежүзілік экономикалық форум өкілдерімен кездесті

0
15

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Дүниежүзілік экономикалық форумның Өңірлер, сауда және геосаясат орталығының Еуропа және Еуразия бағытының басшысы Дитрих Джонмен және Еуропа және Еуразия бойынша серіктестік бағытының басшысы Марвен Гарбаамен кездесті.

Кездесуде адами капиталды дамыту, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа технологиялар трансферті және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері талқыланды.

Дүниежүзілік экономикалық форум өкілдері Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық, ғылыми және білім беру әлеуетіне қызығушылық білдіріп, адами капиталды дамыту мен цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы бастамаларға назар аударды. Тараптар еңбек нарығының өзгермелі талаптарына сай мамандар даярлау және азаматтардың цифрлық құзыреттерін арттыру мәселелерін қарастырды.

Министр Қазақстанның халықаралық білім беру орталығы ретінде қалыптасуы бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, әлемнің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және отандық жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды.

Кездесудің маңызды бағыттарының бірі – жасанды интеллектіні жоғары білім беру жүйесіне енгізу. Саясат Нұрбек AI-Sana бағдарламасының іске асырылу барысын таныстырып, оның студенттердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін қалыптастыруға, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және инновациялық жобаларды қолдауға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар OpenAI, Coursera, Google және NVIDIA компанияларымен бірлескен бастамалар туралы айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар білім беру бағдарламаларын жаңартуды, профессор-оқытушылар құрамының цифрлық құзыреттерін арттыруды және студенттер мен зерттеушілердің заманауи технологиялар мен есептеу ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуді қамтиды.

Тараптар Дүниежүзілік экономикалық форумның адами капиталды дамыту және болашақ еңбек нарығына қажетті дағдыларды қалыптастыру жөніндегі халықаралық бастамалары аясында ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстанның жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу тәжірибесін халықаралық алаңдарда таныстыру және тәжірибе алмасу мәселелеріне де назар аударылды.

Бұдан бөлек, жаңа технологияларды енгізу және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағытындағы өзара іс-қимыл перспективалары қарастырылды. Осы орайда Қазақстандағы Төртінші өнеркәсіптік революция орталығының қызметін жаңғырту және оның тұрақты жұмыс істеу тетіктерін қалыптастыру мәселесі талқыланды. Бастама халықаралық тәжірибені тартуға, технологиялар трансферін дамытуға және білім, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Кездесу барысында Дүниежүзілік экономикалық форум өкілдері Қазақстанның білім беру және технологиялық даму саласындағы тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстыруға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ министрді Форумның халықаралық іс-шараларына қатысуға шақырып, Қазақстанның озық тәжірибесін әлемдік сарапшылар қауымдастығымен бөлісу мүмкіндіктерін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар адами капиталды дамыту, жасанды интеллект және инновациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілік білдірді. Бірлескен бастамаларды іске асырудың перспективалық бағыттарын пысықтау жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.


ПІКІР ЖАЗУ