Елімізде майдың жаңа баламасы ойлап табылды

0
18

Қазақстандық ғалымдар майдың жаңа баламасын ойлап тапты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, жаңа баламаны «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАК-тың еншілес ұйымы — Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жасаған. Олар сары май мен өсімдік майлары негізіндегі «W-баланс» функционалдық спредін өндіру технологиясы мен рецептурасын әзірледі.

Өнімнің ерекшелігі — Омега-3 пен Омега-6 полиқанықпаған май қышқылдарының арақатынасын 1:5 деңгейінде қамтамасыз ететін сүт майы, рапс және зығыр майларының үйлестірілуінде.

«W-баланстың» дәстүрлі майлы өнімдерден айырмашылығы — оның рецептурасы май қышқылдарының берілген құрамы ескеріле отырып, сары майға тән органолептикалық қасиеттерін сақтап қалатындай етіп әзірленген.

Ғалымдардың пікірінше, «W-баланс» 10-нан 30°C-қа дейінгі температурада жұмсақтығы мен жағылу қасиетін сақтайды. Әзірлеу барысында ғалымдар рецептураларды тәжірибелік тұрғыда пысықтап, эмульгирлеу мен кристалданудың температуралық және механикалық режимдерін зерттеген. Май қышқылдарының құрамына хроматографиялық талдау да жүргізілген. Рецептурада отандық шикізат — сүт майы, рапс және зығыр майларын пайдалану қарастырылған. Технологияны май-тоңмай өнеркәсібіндегі қолданыстағы өндірістік желілерге енгізуге болады.


ПІКІР ЖАЗУ