ҚҰҚЫҚТЫҚ BASQARU: ЕЛОРДАДА АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Астана қаласында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін түсіндіруге бағытталған «Құқықтық BasQaru» ауқымды әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен жүзеге асып жатқан «Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы елордадағы құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты қандай? Биыл астаналықтарды қандай ауқымды іс-шаралар күтіп тұр? Өткен жылғы тәжірибеден қандай нәтиже шығарылды? Осы және басқа да өзекті сұрақтар төңірегінде жоба координаторы, заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі Марғұлан Ермағанбетұлымен сұхбаттасқан едік.
І. БЫЛТЫРҒЫ ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ «ӘДІЛЕТ МЕКТЕП» ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ
— Марғұлан Ермағанбетұлы, қайырлы күн! Сұхбатымызды «Құқықтық BasQaru» жобасының негізгі идеясы мен тарихынан бастасақ. Елордада халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қаншалықты өзекті?
— Қайырлы күн! Бүгінгі таңда Қазақстан өзін құқықтық әрі әділетті мемлекет ретінде орнықтырып жатқан шақта, әрбір азаматтың өз құқығын білуі, заңды мүдделерін қорғай алуы — қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің басты кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында азаматтар мен билік арасындағы кері байланысты күшейту, заңнамалық нормаларды қарапайым тілмен түсіндіру негізгі міндетке айналды.
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қолға алынған бұл жоба ең алдымен халықтың құқықтық сауаттылығын көтеріп, заңсыздықтардың, алаяқтықтың, құқық бұзушылықтардың алдын алуды көздейді.
— Өткен жылдары да бұл бағытта біршама іс-шаралар атқарылғаны белгілі. Өткен жылғы жұмыстардың қандай нәтижесін және ең тиімді (эффектілі) бастамаларын бөліп айтар едіңіз?
— Иә, бұл бір күндік немесе науқандық жұмыс емес, бұл — жүйелі процесс. Былтыр біз қала тұрғындарының, жастар мен түрлі сала мамандарының қатысуымен бірнеше семинарлар, оқыту бағытындағы кездесулер мен сарапшылық тренингтер сериясын өткіздік. Онда біз азаматтардың күнделікті өмірде жиі кездесетін тұрғын үй, еңбек даулары, тұтынушылар құқығын қорғау және қаржылық алаяқтық мәселелерін талқыладық.
Дегенмен, өткен жылғы жұмыстың ең эффектиті нәтижесі — мектеп қабырғасында іске асырылған «Әділет Мектебі» пилоттық жобасы және түрлі сарапшылармен өткізілген сұхбаттар желісі болды.
— «Әділет Мектеп» жобасының ерекшелігі неде болды? Жасөспірімдермен және ата-аналармен жұмыс қалай жүргізілді?
— Мектеп — бұл азаматтың тұлға ретінде, қоғамның мүшесі ретінде қалыптасатын алғашқы әлеуметтік ортасы. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында буллинг, кибербуллинг, лудомания, вейптер мен синтетикалық заттардың таралуы, бұзақылық сияқты қауіптер өте өзекті. «Әділет Мектеп» жобасы аясында біз тек оқушылармен ғана емес, олардың ата-аналарымен және педагогтармен кешенді түрде жұмыс істедік.
Біз оқушыларға «Заң мен Тәртіп» түсінігін, кәмелетке толмағандардың қылмыстық және әкімшілік жауапкершілігін, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін қарапайым әрі интерактивті түрде жеткіздік. Ал ата-аналар арасында бала тәрбиелеудегі заңды міндеттер, бала құқығын қорғау тетіктері және отбасылық құндылықтар бойынша ағарту жұмыстары жүргізілді. Бұл пилоттық жоба мектептердегі заң бұзушылықтардың алдын алуға, оқушылар арасында «құқықтық иммунитет» қалыптастыруға зор ықпал еткенін көрдік. Сол себепті биылғы жобада осы жинақталған тәжірибені кеңейте отырып, жұмысты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз.
ІІ. БИЫЛҒЫ «ҚҰҚЫҚТЫҚ BASQARU» ЖОБА СЫНЫ МЕН АУҚЫМДЫ ІС-ШАРАЛАР КЕШЕНІ
— Бұл жоба биыл қандай жаңа форматымен және ауқымымен ерекшеленеді? Кешенді іс-шаралар жоспарында не қарастырылған?
— Биылғы «Құқықтық BasQaru» жобасы өзінің қамту аумағы, мазмұны және қолданылатын құралдары жағынан өте ауқымды. Жоба аясында халықпен тікелей жұмыс істеуден бастап, сараптамалық-талдамалық құжаттар әзірлеуге дейінгі нақты іс-шаралар кешені бекітілді.
— Білесіз бе, биыл біз жобаның мазмұны мен құралдарын барынша байытуға тырыстық. Ауқымы да, қамтитын бағыттары да өте кең. Егер біз атқаратын негізгі бағыттар мен міндеттерге рет-ретімен тоқтала кететін болсам:
Ең алдымен, жобаның ашылуы мен ақпараттық таныстырылымын қолға аламыз. Яғни, БАҚ пен әлеуметтік желілерде ауқымды науқан басталып, елорда тұрғындарына жобаның беретін мүмкіндіктері толық түсіндіріледі.
Екіншіден, жобаның ең басты, жүрегі деуге болатын әлеуметтік бағыты — бұл азаматтар үшін ұйымдастырылатын көшпелі мобильді қоғамдық қабылдаулар. Біз қаланың түрлі аудандарында, ірі сауда орталықтарында, ХҚКО-ларда, тіпті шеткі мөлтек аудандарда кемінде 10 рет көшпелі мобильді топтардың жұмысын ұйымдастырамыз.
Үшіншіден, осы қабылдаулар мен арнайы алаңдарда азаматтарға жеке құқықтық консультациялар береміз. Кем дегенде 50-ден астам тұрғынға білікті адвокаттар мен заңгерлер еңбек, тұрғын үй, отбасы, алимент және алаяқтықтан қорғану сияқты өзекті мәселелер бойынша бетпе-бет тегін заңгерлік көмек көрсетеді.
Төртіншіден, халықтың құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында арнайы сауаттылық семинарларын өткіземіз. Әр саладағы маңызды тақырыптарды қамтитын кемінде 5 интерактивті оқыту семинары жоспарланған.
Бесіншіден, азаматтық сектордың да потенциалын арттыру ұмыт қалмайды. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) өкілдеріне арналған кемінде 5 құқық қорғау тренингін ұйымдастырамыз. Бұл жерде ҮЕҰ жетекшілері мен белсенділері өз құқықтарын қорғау тетіктерін үйренеді.
Алтыншыдан, БАҚ пен медиа-платформаларда құқық қорғаушылар, мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен кемінде 15 мазмұнды сұхбат дайындалып, жарияланады. Онда заңнамадағы ең өзекті мәселелер егжей-тегжейлі талданады.
Жетіншіден, ақпаратты азаматтарға түсінікті тілде жеткізу үшін 100-ден астам ақпараттық-түсіндіру материалын әзірлейміз. Оның ішінде көрнекі жадынамалар, инфографикалар, чек-листтер мен бейнероликтер дайындалып, әлеуметтік желілерде кеңінен таратылмақ.
Сегізіншіден, қоғам мен билік арасында ашық диалог пен кері байланыс орнату үшін мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор өкілдерінің қатысуымен кемінде 3 пікірталас алаңын өткіземіз.
Тоғызыншыдан, бұл жай ғана іс-шаралар емес, сараптамалық жұмыс. Тұрғындардан түскен өтініштер мен арыздар сарапталып, қаладағы жүйелі құқықтық проблемалар бойынша сараптамалық анықтама әзірленеді.
Осының негізінде, оныншыдан, уәкілетті органдарға арналған көлемі кемінде 50 беттен тұратын қорытынды талдамалық жинақ (50 дана көлемінде) басып шығарылады.
Соңында, атқарылған барлық ауқымды жұмыстардың нәтижесін баяндайтын қорытынды бейнеролик дайындалып, БАҚ-та таратылады. Және, әрине, соңғы қадам ретінде Тапсырыс берушіге барлық дәлелдемелік материалдар мен толық статистикалық есеп ұсынылады.
Көріп отырғаныңыздай, бұл — қала тұрғындарының құқықтық қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз етуге арналған ауқымды механизм.
ІІІ. МОБИЛЬДІ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖӘНЕ САРАПШЫЛАРМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ
— Жоспарда белгіленген 10 көшпелі мобильді қоғамдық қабылдаудың жұмысына толығырақ тоқталсаңыз. Азаматтар бұл қабылдаулардан қандай нақты көмек ала алады?
— Мобильді қабылдаудың басты артықшылығы — «кедергісіз және қолжетімді заң ортасы». Көптеген азаматтардың заңгерлерге немесе адвокаттарға барып, қымбат бағада консультация алуға қаржылық немесе уақытша мүмкіндігі бола бермейді. Ал кейбіреулер мемлекеттік органдарға қалай, қай жүйе арқылы (мысалы, e-Otynish порталы) арыздану керектігін білмейді.
Біздің мобильді топтар тұрғындар көп шоғырланатын орындарға — ірі сауда базарларына, ХҚКО-ларға, саябақтарға, студенттік қалашықтарға және қаланың шеткі мөлтек аудандарына арнайы жабдықталған ақпараттық бұрыштармен барады.
Бұл қабылдауларда:
• Азаматтар өздерінің жеке сұрақтары бойынша (алимент өндіру, пәтер кезегі, ОСИ/КСК даулары, заңсыз жұмыстан шығару, банкроттық рәсімі және т.б.) тегін заңгерлік кеңес алады;
• Уәкілетті органдарға шағым түсірудің қадамдық алгоритмдері жазылған дайын буклеттер мен жадынамаларға ие болады;
• Заңды құқықтары тапталған жағдайда сотқа дейінгі немесе сот арқылы реттеу жолдарын үйренеді.
— Бұл іс-шараларға қандай ұйымдар мен сарапшылар тартылады? Себебі халыққа сапалы кеңес беру үшін білікті мамандар ауадай қажет.
— Өте орынды сұрақ. Биылғы жоба аясында біз тек жекелеген заңгерлермен шектелмейміз. Жобаны жүзеге асыруға құқық қорғау органдарының (ІІМ, Прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Әділет департаменті), мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ осы бағыт аясында белсенді әрекет ететін ҮЕҰ өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен өкілдері, «Әкелер одағы» РҚБ, Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдары, кәсіби медиаторлар мен адвокаттар алқасының сарапшылары толық қатысады.
Сонымен қатар, жоба шеңберінде түрлі салалық сарапшылармен (киберзаңгерлер, ТҮКШ мамандары, қаржылық консультанттар) құқықтық ағарту бағытында мазмұнды сұхбаттар мен арнайы кездесулер ұйымдастырылатын болады.
ІV. БАҚ ПЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІҢ РӨЛІ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ТАРАТУ
— Қазіргі қоғамда ақпаратты жеткізудің ең жылдам құралы — әлеуметтік желілер мен цифрлық медиа. Жоба аясында әзірленетін 100-ден астам ақпараттық материалдар қандай мазмұнда болады?
— Біз қазіргі ақпарат тұтыну форматын жақсы түсінеміз. Адамдар ұзақ әрі күрделі заң заңнамалық мәтіндерді оқуға уақыт бөле бермейді. Соныдықтан «Құқықтық BasQaru» жобасының басты қағидасы — «Күрделі заңдарды қарапайым тілмен түсіндіру».
Дайындалатын 100-ден астам ақпараттық-түсіндіру материалдары мынадай форматтарда жасалады:
• Инфографикалар мен Чек-листтер: «Алаяқтарға қалай алданбау керек?», «Интернет арқылы тауар сатып алғанда құқығыңыз бұзылса не істеу керек?», «е-Otynish арқылы арыз жазудың 5 қадамы»;
• Сараптамалық мақалалар мен сұхбаттар: Республикалық және өңірлік БАҚ-та жарияланатын, сот практикасын, конституциялық реформаларды және заңнамадағы жаңалықтарды талдайтын сараптамалар.
Біздің мақсатымыз — азамат әлеуметтік желіні ашқан кезде өзіне қажетті құқықтық сұрақтың жауабын дайын әрі түсінікті түрде табуы тиіс.
V. ТАЛДАМАЛЫҚ АНЫҚТАМА ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ
— Жобаның қорытындысы бойынша 50 беттен тұратын талдамалық жинақ пен анықтама дайындалады екен. Бұл құжаттардың мемлекеттік органдар мен қоғам үшін пайдасы қандай болмақ?
— Бұл біздің жобаның тек ағартушылық емес, сонымен бірге қолданбалы-сараптамалық (практикалық) сипатқа ие екенін білдіреді. Көшпелі қабылдаулар, жеке консультациялар, семинарлар мен пікірталас алаңдары кезінде біз азаматтардан мыңдаған өтініштер мен шағымдарды жинаймыз.
Нәтижесінде:
1. Астана қаласы бойынша тұрғындарды ең көп мазалайтын заңнамалық тетіктер анықталады;
2. Қай мемлекеттік органның немесе саланың жұмысында созбалаңға салу немесе азаматтардың құқығын шектеу деректері жиі кездесетіні талданады;
3. Тұрғындардың ұсыныстары негізінде заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша нақты сарапшылық ұсынымдар (рекомендациялар) дайындалады.
Бұл 50 беттік қорытынды талдамалық жинақ уәкілетті мемлекеттік органдарға, Астана қаласының Әкімдігіне, Ішкі саясат басқармасына және Парламент депутаттарына ұсынылады. Талдау негізінде жергілікті деңгейдегі шешімдерді қабылдауға немесе нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге мүмкіндік туады.
VI. ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ ЖӘНЕ БОЛАШАҚҚА ЖОСПАР
— Марғұлан Ермағанбетұлы, қорытындылай келе, осы «Құқықтық BasQaru» жобасы аяқталғанда астаналықтар қандай басты нәтижені сезінуі тиіс?
— Ең басты нәтиже — азаматтардың өз құқығын қорғаудағы сенімділігінің артуы. Егер азамат өз құқығын білсе, ол алаяқтардың арбауына түспейді, еңбек шартынсыз жұмыс істемейді, шенеуніктердің заңсыз әрекетіне төзбейді және өз баласының қауіпсіздігін заң аясында қамтамасыз ете алады.
«Құқықтық BasQaru» жобасы — бұл тек ақпарат беру емес, бұл — азаматтық белсенділік пен құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтеру. Біз Астана қаласының әрбір тұрғынын, үкіметтік емес ұйымдарды, сарапшылар мен медиа өкілдерін осы жобаға белсенді қатысуға чақырамыз. Өйткені әділетті қоғамды құру — әрқайсысымыздың құқықтық сауаттылығымыздан басталады.
— Ауқымды әрі мазмұнды сұхбатыңызға көп рақмет! Жобаның жүзеге асуына сәттілік тілейміз!







