Бақтияр Адамжанның есімі барлық құрлықтағы жазғы афишаларда жарияланды

0
13

Жуырда ғана Австралиядағы «Дракула» балетінің қойылымдарында сәтті өнер көрсеткен «Астана Операның» жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Сидней мемлекеттік театры мен Мельбурндегі Hamer Hall концерт залы сахналарында 11-16 тамыз аралығында өтетін Ballet International Gala VII гала-концертіне қатысуға дайындалуда. Театр премьері әлемдік балет жұлдыздарымен бірге өнер көрсетеді.

Жаз басталысымен Бақтияр Адамжанның гастрольдік қызметі жылдан жылға қарқын ала түсуде. Сонымен, 12 шілдеде ол Грузия астанасы Тбилисиде Л.Минкустың «Дон Кихот» балетіндегі па-де-демен өнер көрсетті, одан кейін Италияға аттанып, онда 21 шілдеде әйгілі Арена ди Верона сахнасында, ал 26 шілдеде Кальяридегі беделді алаңда «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балеттерінен нөмірлерді ұсынды. Ал 28 шілдеден 2 тамызға дейін Австралияның Брисбен қаласындағы Квинсленд орындаушылық өнер орталығында BIG Live продюсерлік компаниясының «Дракула» спектакліне қатысты. Осы ретте Бақтияр Адамжанның жуырда ғана Лондон мен Эдинбургте «Дракула» балетінің премьералық көрсетілімдерінде басты партияны орындағанын, өзінің шебер техникасымен бүкіл Тұманды Альбион елінің көрермендерін таңғалдырғанын атап өтуіміз керек. Екі алаңда да қойылымдар қалың көрермен жинады.

Бір аптадан кейін Бақтияр Адамжан Сидней мемлекеттік театры мен Мельбурндегі Hamer Hall концерт залы сахналарын бағындыратын болады. BIG Live продюсерлік компаниясы ұйымдастыратын Ballet International Gala әлемдік балет өнеріндегі айтулы оқиғалардың бірі саналатынын атап өтуіміз керек. Осының дәлелі ретінде Australian Arts Review басылымы: «Шымылдық жабылғаннан кейін де ұзақ уақыт бойы есте қалатын ұмытылмас кеш» деп жазған еді. Жыл сайын гала-кештерде әлемдік балет өнерінің ең жарық жұлдыздары көрермен қауым көптен күткен классикалық әрі заманауи туындыларды ұсынады. «Астана Операның» жетекші солисі Бақтияр Адамжан Ballet International Gala-ға 2022 жылы өткен бірінші концертінен бастап тұрақты түрде қатысып келеді. Бүгінде ол BIG Live продюсерлік компаниясының шақырылған жетекші солисі атанған жалғыз қазақстандық балет әртісі болып табылады.

Бақтияр өзінің шет елдерде кеңінен сұранысқа ие болуын қазақстандық балеттің деңгейі өсуінің арқасында деп санайды.

– Отандық балет деңгейінің көтерілуіне «Астана Операның» ашылуы зор ықпал етті деп есептеймін. Театрымыздың қазақстандық балет өнеріне зор серпін әкелуі қазіргі таңда өз нәтижесін беруде. Әлемнің жетекші сахналарында өнер көрсетіп, сонымен қатар шетелдік театр басшыларымен, көркемдік жетекшілерімен, танымал бишілермен әріптестік, достық қарым-қатынас орнату арқылы жинаған тәжірибемді келешекте Қазақстанның балет өнерін дамытуға арнау жоспарымда бар. Осы ретте менің жолымды ешқашан кес-кестемей, өнерімді шыңдауға қолдау білдіріп отыратын театрымыздың басшылығына және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысымды айтамын, – деп пікірімен бөлісті жетекші солист.

Жасыл құрлықтағы көрермендердің алдында отандасымызбен бірге Берлин мемлекеттік балетінің прима-балеринасы Яна Саленко, Мариинский театрының бірінші солисі Мария Хорева, Үлкен театр солисі Макар Михалкин, Берлин мемлекеттік балетінің премьері Мариан Вальтер және тағы басқа балет майталмандары өнер көрсетеді. Бақтиярды олармен әріптестік қана емес, сонымен қатар ұзақ жылғы достық қарым-қатынас байланыстырады.

– Алдағы Ballet International Gala-да менің бидегі жұбым австралиялық балерина Эбби Хансен болады. Екеуіміз Цезарь Пунидің «Эсмеральда» балетінен «Диана және Актеон» па-де-десін, сондай-ақ Арам Хачатурянның атақты «Спартак» балетінен адажионы ұсынамыз. Бұл біздің дуэтте алғашқы өнер көрсетуіміз емес, осыған дейін де талай гала-балеттерде бірге билегенбіз. Біз бір-біріміздің техникамызды жақсы білетіндіктен, сахнаға шығу үшін бізге бір-екі дайындық жеткілікті, – деп атап өтті Б.Адамжан.

Қазақстандық №1 балет әртісінің гастрольдік өнер көрсетулері мұнымен аяқталмайды. Осы күзде, нақтысын айтқанда 23 қыркүйекте отандасымызды Сеулде (Корея), 6-17 қазан аралығында қайтадан Мельбурнде (Австралия), 4 қарашада Каирде (Египет) күтеді. Осылайша, Бақтияр Адамжанның халықаралық деңгейдегі ауқымды жобаларға тұрақты түрде шақыру алуы отандық балет өнерінің әлемдік мәдени кеңістіктегі ықпалын күшейте түспек. Оның әрбір сахналық қадамы – еліміздің халықаралық деңгейдегі мәдени дипломатиясын жаңа белеске көтеруге қосылған салмақты үлес.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ