Медицинадағы жаңа дәуір: Бірыңғай цифрлық платформа – тиімді басқару мен сапалы қызмет кепілі

Фото:интернет желісінен алынды
Заманауи технологиялардың қарыштап дамуы адамзат өмірінің барлық саласына, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесіне түбегейлі өзгерістер әкелуде. Қазақстанның медицина саласын цифрлық трансформациялау аясында іске қосылған «Зияткерлік денсаулық сақтау платформасы» (Health Intelligence Platform) — осы бағыттағы ең ауқымды әрі маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бұл жүйе еліміздегі медициналық мекемелерді, кадрлық әлеуетті және техникалық базаны бір орталыққа біріктіріп, басқарудың жаңа деңгейіне жол ашты.
Бұған дейін медицина саласына қатысты мәліметтер әртүрлі ақпараттық жүйелерде шашыраңқы сақталып, оларды талдау мен жедел шешім қабылдау процесін баяулататын. Жаңа платформа бұл мәселені толығымен шешті. Енді әрбір емхана мен аурухананың дербес цифрлық паспорты қалыптастырылды. Бұл паспортта мекеменің лицензиялары, ғимараттары, палаталары, төсек-орын қоры мен жедел жәрдем көліктеріне дейінгі барлық инфракұрылымдық мәлімет нақты уақыт режимінде көрініп тұрады.
Жүйенің толыққанды жұмыс істеуі бірнеше ірі цифрлық тізілімдер арқылы қамтамасыз етіген:
Медициналық ұйымдар тізілімі: Ғимараттардың жай-күйі мен құрылымдық бөлімшелердің жұмысын қадағалайды.
Кадрлық ресурстар тізілімі: Штаттық кестені, мамандардың білімі мен еңбек қатынастарын, сондай-ақ дәрігерлердің кәсіби сертификаттарының жарамдылығын тексереді.
Медициналық техника тізілімі: Қымбат тұратын қондырғылардың сатып алынған сәтінен бастап, олардың тозу деңгейін, жөндеу жұмыстарын және есептен шығарылуын бақылайды.
Платформаның басты артықшылықтарының бірі — медициналық көмектің сапасын постлицензиялық цифрлық бақылау мүмкіндігі. Бұрын тиісті комитет мамандары заң бұзушылықтарды анықтау үшін емханаларды аралап, көптеген көшпелі тексерулер жүргізетін. Қазір бұл процесс толық автоматтандырылып, қашықтан жүзеге асырылады. Жүйе ереже бұзушылықтарды, мерзімі өткен сертификаттарды өздігінен анықтап, тәуекелдердің алдын алады.
Жүйені пилоттық режимде енгізудің өзі айтарлықтай нәтиже берді. Мысалы, лицензиялық талаптарға сәйкес келмейтін 38 медициналық ұйым анықталып, мерзімі өткен сертификатпен жұмыс істеп жүрген мамандар саны біршама қысқарды.
Цифрлық платформа Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлік басқармаларға нақты деректерге негізделген объективті шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Ол бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермейді, қай өңірге қандай дәрігерлер немесе медициналық техника қажет екенін дәл болжауға жағдай жасайды.
Қорыта айтқанда, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық платформасы — медицина саласындағы ашықтықты арттырып, халыққа көрсетілетін көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеретін заманауи және қуатты құрал. Ол болашақта қағазбастылықты азайтып, дәрігер мен пациент арасындағы байланысты барынша жеңілдетпек.







