Кітап оқитын ұлт жобасы басталды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» атты ауқымды республикалық марафон бастау алды. Жаңа бастама Мемлекет басшысының ел ішінде кітап оқу мәдениетін көтеру және зиялы қоғам қалыптастыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынды. Кеше «Креативті индустрияларды дамыту қоры» мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая nation» қоғамдық қоры өзара стратегиялық ынтымақтастық меморандумына ресми түрде қол қойды.
Бұл жоба тек кітап оқуды насихаттап қоймай, елдің зияткерлік әлеуетін көтеруді көздейді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ауқымды марафонға биыл 1 миллионнан астам отандасымызды тарту жоспарланып отыр.
Сарапшылар тобы қатысушылар үшін қазақ және орыс тілдеріндегі 300-ден астам үздік кітаптың тізімін әзірледі. Бұл тізімге отандық классикалық шығармалармен қатар әлемдік бестселлерлер енген.
Қатысушылар 6 ай ішінде 15 кітапқа дейін оқып шығуы тиіс. Осы арқылы ұйымдастырушылар ел бойынша жалпы оқылым санын 15 миллионға жеткізуді мақсат етіп отыр.
Меморандум аясында тек оқырмандарды қолдау ғана емес, сонымен қатар отандық авторлар мен баспа үйлеріне жағдай жасау мәселесі де қаралған. Алдағы уақытта елімізде кітап көрмелері, авторлық форумдар мен ашық талқылау алаңдары жиі ұйымдастырылатын болады. Бұл қазақстандық креативті индустрияның, соның ішінде кітап бизнесі мен жазушылық шеберліктің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.







