Ұлттық құндылықты ұлықтаған Жұмағали Арыстан

0
80

Қазақ халқы — өз тарихы мен әдет-ғұрпын ғасырдан ғасырға аманат еткен ұлы жұрт. Ұлттық болмысымыз бен қонақжайлық дәстүрімізді бүгінгі күнге дейін жаңғыртып, мұрат тұтып жүрген жандар да баршылық. Солардың бірі — ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында бірнеше бірегей жобаларды қолға алған Жұмағали Арыстан. Оның «Qazannan» жобасы тек отандастарымыздың ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де жоғары бағасына ие болды. Себебі Жұмағали ағамыздың қара қазанында дәммен бірге тарих та қайнайды. Өйткені бұл — жай қазан емес, 250 жылдық тарихы бар жәдігер.

Автор «Qazannan» жобасының қалай бастау алғаны туралы былай сыр шертеді:

«Алғаш 18 жасымда әскерге барғанда мен мүлде қазақша сөйлей алмайтын едім. Маған ана тілімді сол жердегі Семейдің жігіттері үйретті. Әскерден қайтқан соң диірмен өндірісін аштым. Кәсіпорнымызға Тараздан, Шымкенттен, тіпті Ресей қалаларынан қонақтар жиі келе бастады. Оларға қазақтың шынайы қонақжайлығын көрсету үшін ерекше қазан іздедім. Нәтижесінде 1775 жылы, яғни XVIII ғасырда құйылған көне қазанды таптым. 2017 жылы Астанада өткен халықаралық ЭКСПО көрмесінде қазақтың болмысы мен дүниетанымын бар әлем танысын деген мақсатпен осы қазанды жұртшылық назарына ұсындым. Көрмеге келушілердің үлкен қызығушылығы осы «Qazannan» жобасының тууына түрткі болды».

Жұмағали Арыстанның тағы бір ауқымды бастамасы — Астана қаласында жүзеге асырылған «Жүз батыр» жобасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты — елордамызда өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен құндылықтарды сіңіру.

Болашақта автордың «Жеті дана» және «Отау» жобалары да өз жұмысын бастамақ. Оның ішінде «Жеті дана» жобасының мақсаты — елдің түрлі өңірлерінен келген жастарға қолдау көрсету.

Өскелең ұрпаққа тарих пен дәстүрді дәріптейтін, мұра ететін азаматтар елімізде көп болсын! Осындай бірегей жобалар барда халқымыздың бай тарихы мен асыл әдет-ғұрпы ешқашан ұмытылмай, ғасырдан ғасырға жалғаса берері сөзсіз.

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы


ПІКІР ЖАЗУ