Қазақстан мен Қытай арасында жаңа әуе дәлізі ашылады

Қазақстан мен Қытай арасында үшінші жаңа әуе дәлізі пайда болмақ. Бейжіңде өткен ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті мен Қытайдың Азаматтық авиация басқармасының (CAAC) маңызды келіссөздерінде осы мәселе талқыланды. Бұл бастама екі ел арасындағы әуе жүктемесін азайтып, ұшу уақытын қысқартуға жағдай жасайды. Жаңа әуе жолы арқылы Қазақстан Қытайдың 11 қаласына қатынау мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар тараптар Астана мен Шанхай қалалары арасында тікелей әуе рейсін ашу мүмкіндігін де қарастырды.
Екі ел арасындағы визасыз режим мен іскерлік байланыстардың артуы аясында үшінші әуе дәлізінің ашылуы — туризмді дамытуға, сауда-саттықты ұлғайтуға және Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік әлеуетін нығайтуға жасалған үлкен қадам. Жаңа рейстер мен бағыттар алдағы уақытта билет бағасының қолжетімді болуына да септігін тигізбек.







