Заң ғылымдарының докторы, депутат: «Заңдардың қазақ тілінде жазылуына уәде беремін»

фото: сайт vesti semey
«Заңды қабылдаудың негізі — оны әдетке айналдыру», — дейді депутат Үнзила Шапақ «Уәде» телебағдарламасында берген сұқбатында. Депутат заң мен тәртіп қағидаты, ғылым саласындағы жаңалықтар мен ғалымдардың мәселесі және жаңа Конституцияға ұсынылған ұсыныстар туралы сұқбат берді.
Үнзила Шапақ жаңа заң жобасында Конституция преамбуласын жаңартуды ұсынды. Конституция преамбуласы — конституциялық заңдардың бастапқы бөлімі. Преамбулада құжаттың қабылдану мақсаты мен принципі, себебі туралы қысқаша түрде баяндалады. Преамбуланың мәні — мемлекеттің мақсаты мен міндетін, болашақтағы саяси тұғырын анықтауда маңызды рөл атқарады. Ұсынылған жаңа преамбуланың мақсаты — заң мен тәртіп қағидатын ұстана отырып, «Әділетті Қазақстан» құру идеясын жүзеге асыру дейді депутат.
Заң ғылымдарының докторы, ғылымның коммерциялануы жөніндегі сұраққа жауап берді. Оның сөзінше, ғылымның 27,4% коммерциялануы жалпы ғылым саласының емес, жасанды интеллект инновацияларының коммерциялануы. Депутаттың сөзінше, ғылым саласын коммерциялауды қолдау мақсатында жаңа «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның 3-бабы жұмыс жасайды. Аталған заңға сәйкес, ғылым мен білім стратегиялық бағыт ретінде бекітіледі. Ендігі кезекте ғалымдарды қолдау мақсатында жобаларға белгілі мерзімде бюджет бөлінетін болады. Аталған мерзім аяқталған соң жобаның іске асу мүмкіндіктері тексерілетін болады.
Ғалымдардың бюрократиялық тосқауылдарды еңсеріп, тек ғылыммен айналысуына жағдай жасау үшін елде «ғылым өндірісі» жұмыс жасауы тиіс дейді Үнзила Шапақ. Депутаттың сөзінше, ғалымдардың идеясын негізге ала отырып, оны іске асыратын методологиямен айналысатын механикалық буын қажет.
Елімізде жаңа заң жобасы қазақ тілінде жазылды. Бірақ Парламент пен Мәжілісте қазіргі уақытқа дейін заң мәтіні орыс тілінде жазылып, қазақшаға түсініксіз аударма ретінде аударылып келді. Бұл мәселе Конституциялық Кеңесте жаңа Конституция жасау негізінде талқыланды. Осы мәселеге қатысты депутаттар Үкіметпен бірлесе 4 заңды қазақ тілінде жазған. Оның ішінде Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң, Құқықтық актілер туралы заң және Архивтік іс туралы заңдар бар.
Телебағдарлама барысында «AMANAT» партиясының 5 жылдық сайлауалды бағдарламасы да назардан тыс қалмады. Үнзила Шапақ аталған бағдарламаның құқықтық блокқа жауапты депутаттарының бірі. «Халықпен кеңес» бағдарламасын заң нормасына айналдыру қаншалықты жүзеге асты деген сұраққа депутат былай жауап берді:
— Бағдарламаға сәйкес азаматтық қызметкерлердің жалақысы, кітапханашылар мен музей қызметкерлерінің және білім саласында жұмыс жасайтын бухгалтерлердің жалақысы бойынша тиісті заң нормаларын қабылдадық. Бұдан бөлек, шалғай өңірлердегі инфрақұрылым мәселелеріне байланысты бюджеттік заңнаманы қабылдадық, — дейді ол.
Бағдарлама соңында: «Алдағы уақытта адам капиталын дамыту мен адам капиталына жұмыс жасайтын жүйенің қалыптасуына, сол жүйеге қатысты заңдардың сапалылығына басты назар аударамын деп уәде бере аламын. Бұдан бөлек, заңның сапалы қазақ тілінде жазылуына басты назар аударатын боламын», — деп түйіндеді депутат.








