Шымкентте тұрғындармен келісімді арттыруға арналған қабылдау өтті

Шымкент қаласында қоғамдық тұрақтылықты нығайту, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу және халықпен ашық диалогты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Қала әкімдігі түрлі елді мекендерде мобильді топтармен кездесулер өткізіп, тұрғындардың талап-тілектерін тікелей тыңдау тәжірибесін тұрақты түрде қалыптастырып келеді. Бұл бастамалар қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді күшейтуді, халықтың әл-ауқатына әсер ететін түйткілдерді нақты талдауды мақсат етеді. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде бүгін Абай ауданына қарасты Қайнарбұлақ шағын ауданында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған «Бейбітшілік және келісім» жобасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанынан құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы тұрғындармен кезекті қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – өңірдегі этноәлеуметтік ахуалды жан-жақты саралап, жергілікті тұрғындар арасында туындауы мүмкін мәселелерді ерте кезеңде анықтау, оларды шешудің тиімді жолдарын белгілеу және қоғамдық тұрақтылықты одан әрі нығайту.
Қабылдау Қайнарбұлақтағы «Мәдениет үйі» ғимаратында өтініп, оған қалалық ішкі саясат, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, дін істері басқармаларының мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері және өзге де жауапты қызметкерлер қатысты.
Мамандар тұрғындардың талап-тілектері мен өтініштерін тыңдап, көтерілген әрбір мәселе бойынша нақты түсіндірме жүргізді. Жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды жақсарту, денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі, құқықтық кеңес беру сияқты бағыттар бойынша ұсыныстар қабылданып, олардың шешу жолдары анықталды. Әр ұсыныстың орындалуы тиісті бақылауға алынып, тұрғындармен кері байланыс орнатылды.

Осындай ашық диалог алаңдары тұрғындардың мәселелерін дер кезінде шешуге мүмкіндік беріп қана қоймай, көпұлтты Шымкент қаласында тұрақтылықты, өзара түсіністік пен ынтымақты нығайтуға елеулі үлес қосады.
Мұндай қоғамдық қабылдаулар қаладағы татулық пен бірлікті сақтау үшін маңызды құрал болып саналады. Сондықтан аталған кездесулердің арқасында тұрғындар мен билік өкілдері арасындағы байланыс күшейіп, көпұлтты ортада тұрақтылық пен тыныштық орнайтыны анық.








