Қазақстандық жас мамандар әзірлеген Aleem қосымшасы App Store рейтингін жаңартты

Еліміздің бір топ жастары жасап шығарған «Aleem» қосымшасы қолданушылар арасында минут сайын танымалдылыққа ие болуда.
Қосымшаны жүзеге асырғандардың қатарында ағалы-інілі Асылжан мен Ален Алтай, Алидар Кучуков, Темірлан Аманжанов, Темірлан Темірбаев, Бердібек Сапарбеков, Дінмұхамед Асаинов, Айя Жумағалиева мен Амаль Садекова есімді жалынды жастарымыз бар, олар бұл жетістікке ешкімнің көмегінсіз, өз қаражаттары мен еңбек-жігері арқылы жеткенін айтады. Жобаны сыртқы инвестициясыз дамытып, қазірде қаншама сағатын сарп еткен еңбектің нәтижесін көруде.
Көш бастап келе жатқан Aleem қосымшасының қолданушылар саны белсенді түрде артып келеді, тіпті аудитория бойынша 107 елді қамтып отыр. Ал Қазақстан мен Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда «Білім» категориясында алдыңғы орындарды иеленіп, Ресей, Азербайджан мен Молдова елдерінің лидерлер қатарында тұр.
Aleem ағылшын тілін үйретуге арналған 4 -те 1 жүйесін ұсынады, оның ішінде жеке қызығушылығың мен өз деңгейіңе арналған сабақтар, әңгімелесу мен жазу жаттығулары, флеш-карталар бар. Болашақта бейнероликтерді көру мен кітап оқу мүмкіндігі де енгізілмек, басқа платформалардан айырмашылығы — қосымша әр пайдаланушыға жеке бейімделіп, нақты кері байланыс береді. Жобаның мақсаты — оқу процесін мүмкіндігінше оқушылардың бағдарламаға емес, бағдарламаның оқушыларға бейімделетіндей етіп ұйымдастыру.
Қазіргі уақытта Aleem тек iOS платформасында қолжетімді (Android нұсқасы әзірленуде) және Еуропадан тыс барлық аймақтарда қолданылады. Қосымша толығымен тегін, ешқандай шектеу жоқ. Бастапқы уақытта ағылшын тілі тек орыс тілінде сөйлейтіндерге ұсынылғанмен, жақын арада қазақша интерфейс пен басқа тілдер де қосылмақ. Кейін қосымша арқылы басқа тілдерді де үйрену мүмкіндігі қарастырылады: қазақ, неміс, қытай, испан, француз, корей және тағы да басқалары.
Aleem-ге АҚШ, Еуропа және Қазақстанның ірі инвестициялық қорлары қызығып отыр. Жоба 1,5 млн доллар инвестиция тартуды жоспарлап, құны 15 млн доллар деп бағалануда. Команда әлемнің 107 елінен қолдау алып, көптеген қолданушылардың жылы лебізіне бөленуде. Сонымен қатар, қосымшаны Қазақстан үкіметі де қолдады.
Жоба өз нәтижесін көрсете бастаған уақытта жастар еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жаслан Мадиев және Асет Абдуалиев секілді азаматтармен жолығып, кездесуден кейін шабыт пен мол сенімділікпен қайтқан болатын.
Aleem әлі де даму үстінде, бірақ қысқа мерзімде халықаралық деңгейде танымал болып, Қазақстанның EdTech саласында жаңа белеске шығуды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік деңгейдегі қолдау мен қолданушылардың ықыласы Aleem-нің әлеуетін одан әрі арттыра түсуде. Алдағы уақытта функционалы кеңейіп, бірнеше тілде жұмыс істей отырып, қосымша әлемдік білім беру нарығында өз орнын нығайтуға дайын.
Күннұр БОЛАТБЕК








