Шымкентте әскери қызметшілер арасында мемлекеттік тіл байқауы өтті

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау өз мәресіне жетті.
Бұл дәстүрге айналған дода мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген әскери қызметшілер арасында өткізіліп, биыл еліміздің әр өңірінен іріктеліп келген 11 үміткер бас қосты. Қатысушылардың арасында әртүрлі этностардың өкілдері бар, олар қазақ тілін үйренудің және қадірлеудің жарқын үлгісін көрсетті.
Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау, қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін арттыру және мемлекеттік тілді сапалы меңгерген белсенді азаматтарды қолдау.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. «Таныстыру» бөлімінде қатысушылар «Мемлекеттік тілді дамыту үшін қандай еңбектер атқарып жүрміз?» деген тақырып аясында өздерінің кәсіби қызметі мен азаматтық ұстанымдарын таныстырды. «Сөздің көркі» кезеңінде білім, өнер, мәдениетке қатысты мақал-мәтелдерді жалғастырып, тілдік қорларын әрі шешендік қабілеттерін паш етті. «Ой ұшқыны» бөлімінде берілген тақырыптар бойынша еркін пікір білдіріп, тілдің қоғамдағы маңызына қатысты ой-тұжырымдарын ортаға салды. Ал «Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» кезеңі үміткерлердің жылдам ойлау және тапқырлық қабілетін сынады.

Іс-шараның ашылу рәсімінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек құттықтау тілегін арнап, қатысушыларға табыс тіледі.
– Мемлекеттік тіл – ел тұтастығы мен тәуелсіздіктің тірегі. Қазақ тілін меңгеру – әрбір азаматтың парызы. Әскер сапындағы бауырларымыздың мемлекеттік тілге деген ықыласы болашаққа деген сенімді нығайтады. Мұндай шаралар рухты, отансүйгіш ұрпақты қалыптастыруға үлкен ықпал етеді, – деді ол.
Байқауды филолог-ғалымдар, қоғам қайраткерлері және әскери сала мамандарынан құралған қазылар алқасы әділ бағалады. Нәтижесінде үздіктер арнайы дипломдармен, алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мемлекеттік тілдің абыройын арттыру жолында еңбек етуді жалғастыратынын жеткізді.

Мемлекеттік тіл – елдің рухани айнасы, ұлттық болмыстың өзегі. Тілді меңгеру – тек күнделікті қарым-қатынас құралы емес, Отанға деген сүйіспеншіліктің, ұлттық рух пен сананың көрінісі.
«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауы ел қорғаған ер тұлғалардың рухын асқақтатып, қазақ тілін қадірлеудің игі дәстүрін дамытуға үлес қосып келеді.








