Шымкентте жастар арасында жалпыұлттық бірлікті арттыруға бағытталған кездесу өтті

Қазіргі қоғамда жас ұрпақтың тәрбиесі мен тұлғалық дамуы мемлекет үшін айрықша басымдыққа ие. Өскелең буынның саналы, білімді, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін болып қалыптасуы елдің ертеңіне тікелей әсер етеді. Сондықтан қазіргі таңда жастар арасында ұлттық рухты нығайту, елжандылықты арттыру, бейбітшілік пен татулықтың мәнін түсіндіру бағытындағы жұмыстар барлық өңірде жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл тұрғыда олардың бастамаларына қолдау көрсету, рухани-адамгершілік тәрбиені күшейту және қоғамдық белсенділігін арттыру – ортақ міндет.
Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында да кең көлемде жүзеге асуда. Қалада жастардың дамуына жағдай жасайтын көптеген жобалар мен тәрбие бағдарламалары қолданылып, білім беру мекемелерінде түрлі кездесулер мен түсіндіру шаралары ұйымдастырылып келеді. Шымкент жастары білім, мәдениет, спорт, еріктілік салаларында белсенділігімен танылып, қала өміріне серпін беріп отыр. Сол себепті олардың бойында ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге деген құрметті қалыптастыру – маңызды бағыттардың бірі.
Осы мақсатта ақпараттық-түсіндіру тобы Жеңілөнеркәсіп және сервис колледжі мен «Қазақстан» медициналық колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Шараның негізгі мақсаты – жастарға жалпыұлттық бірлік құндылықтарын түсіндіру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, ұлттық тәрбиенің рөлін күшейту және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру болды.
Кездесу барысында еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың әрбір азамат үшін маңыздылығы кеңінен талқыланды. Жастарға қоғамдық келісім мемлекет дамуының негізі екені түсіндіріліп, өз жауапкершілігін сезіне білу қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар топ мүшелері мемлекеттік тілге құрметпен қарау, салт-дәстүрді қастерлеу, ұлттық құндылықтарды сақтау – әрбір жастың парызы екенін атап өтті.
Жастарға теріс діни ағымдардың зияны түсіндіріліп, ақпараттық сауаттылықты арттырудың маңызы көрсетілді. Сондай-ақ азаматтық ұстаным, қоғам өміріне белсенді араласу және еріктілік қызметтің мәні туралы жан-жақты пікірлер ортаға салынды.
Мұндай мазмұнды кездесулер студенттердің дүниетанымын қалыптастырып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік сезімін күшейтеді. Аталған шара жас буынның саналы азамат болып қалыптасуына, ел келешегін бағалай білуіне және ұлттық бірлікті сақтау жолында белсенді болуына үлкен серпін береді.








