ЖОҒАРЫ БІЛІМ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ «АЗАМАТ» БАҒДАРЛАМАСЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Хабар телеарнасының «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының кезекті шығарылымында «Жоғары білім жүйесін жетілдіру жолдары» тақырыбы талқыланды. Бағдарламада Назарбаев университеті мен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері өз білімдерін сынға салып, еліміздегі жоғары оқу орындары жүйесін дамыту бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді.
Атырау университетінің студенттері жоғары білім жүйесінің басты тұтынушылары – студенттер мен жұмыс берушілер екенін атап өтті. Егер жүйе реформаланбаса, еңбек нарығындағы дисбаланс күшейіп, түлектер арасындағы жұмыссыздық артады деген пікір білдірді. Олардың айтуынша, қазіргі таңда оқу бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына толық сәйкес келмейді. Соның салдарынан гуманитарлық бағыттағы түлектер арасында жұмыссыздық жиі кездеседі, ал инженерлік мамандардың тапшылығы он мыңнан асады.
Сондай-ақ студенттер аймақтық ерекшеліктерді ескеріп, арнайы білім жүйесін қалыптастыру қажеттігін ұсынды. Университеттер инфрақұрылымын дамытуда әр өңірдің табиғи, мәдени және экономикалық факторларын ескере отырып кампус салу білім беру сапасын арттырады. Сонымен қатар, университет кампустарын ғылыми зерттеулерге бейімдеу де маңызды. Калифорния технологиялық институтының (Caltech) NASA-мен серіктестігі мұның айқын дәлелі ретінде аталды.
Назарбаев университетінің студенттері білім жүйесінің тек дәрістер мен пәндермен шектелмеуі тиіс екенін айтты. Университет – бұл жаңа тәжірибе алаңы, ғылыми ізденіс пен ұрпақаралық байланыс орны. Студенттердің пікірінше, білім беру процесі үш бағытта дамуы қажет: дебат секциялары мен жобалық форматтағы сабақтар арқылы тәжірибе алмасу, ғылыми жаңалықтарға жол ашу және елдің дамуына үлес қосу,
студенттер арасындағы нетворкинг мәдениетін нығайту. Олардың айтуынша, CNBC журналының зерттеуіне сәйкес, жұмыс орындарының 85%-ы кәсіби байланыстар арқылы табылады. Сондықтан университеттерде коммуникация мен бірлескен жобаларға жағдай жасау білім сапасының жаңа өлшеміне айналуы тиіс.
Бағдарламаның қазылар алқасы құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов және «Qazaq Debate» қозғалысының құрылтайшысы Ерболат Мұхамеджан болды. Сарапшылардың ортақ шешімімен интеллектуалды сайыста Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің командасы 3:0 есебімен жеңімпаз деп танылды.








