«Ескі пластинка» аға буынның жанын жадыратты

Шымкент – мәдениет пен өнердің ордасы, түрлі этностар мен ұрпақтар достығы тоғысқан рухани шаһар. Мұнда халықтың бос уақытын мәнді өткізуге, өнер мен мәдениетті дәріптеуге бағытталған мазмұнды шаралар жиі ұйымдастырылады. Солардың бірі – Шымкенттің Орталық саябағында өткен «Ескі пластинка» атты ерекше концерт. Бұл концертті қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық славян этномәдени бірлестігі бірлесе ұйымдастырды.
Көпшіліктің көңілінен шыққан аталмыш музыкалық кештің басты мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарының назарына өткен ғасырдың танымал әуендерін ұсыну арқылы достық, сыйластық, махаббат сынды мәңгілік құндылықтарды жаңғырту, аға буынға рухани қуаныш сыйлау және ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталды.
Кеш барысында тыңдармандар уақыт керуенін артқа бұрып, жастық шақтарының естеліктерімен қайта қауышқандай әсер алды.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов концертке арнайы қатысып, сахна төрінен сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде:
– Қоғамдағы достық пен өзара сенім – ел бірлігінің тірегі. Осындай мәдени шаралар адамдардың жүрегінде жылылық пен сыйластықты арттырып, түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы ынтымақты нығайтады, – деп атап өтті.
Музыкалық кеш көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Сахнада шымкенттіктер сүйіп тыңдайтын «Южный город» тобы мен жергілікті өнер жұлдыздары – Людмила Наумова, Алексей Скибин, Нұрлан Жұбаниязов, Разия Гареева, Светлана Артёмова, София Карпец және Светлана Рашидова тамаша әндерді әуелете орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ал еліміздің үшінші мегаполисі тұрғындары арасында зор беделге ие «Фонограф» ретро-тобы болса, тыңдармандарға танымал әуендерді нақышына келтіре орындап, саябақтағы жұртшылықты тамаша естеліктерге жетеледі. Концерт барысында түрлі этнос өкілдері бірге ән шырқап, би билеп, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
«Ескі пластинка» кеші өнер мен сағынышты, ұлттар арасындағы достық пен мәдени көптүрлілікті ұштастырған рухани мерекеге айналды. Бұл шара Шымкенттің мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, аға буынның жүрегін жылытып, жас ұрпаққа ізгілік пен сыйластықтың мәнін терең ұғындырды.








