«Чемпиондық рух» – жастарды бірлікке және табиғатты қорғауға шақырады

0
70

Қазіргі таңда ел жастарының бойында отансүйгіштік рухты, салауатты өмір салтын және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру – мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі. Жастардың белсенді өмірлік ұстанымы мен денсаулығы мықты, рухы биік тұлға болып қалыптасуы қоғам дамуының маңызды шарты. Осы мақсатта түрлі спорттық және экологиялық жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ұйымдастырған «Чемпиондық Рух» республикалық жобасы.
Іс-шара республикалық Road-эстафета шеңберінде және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтті.
Жобаның мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу, ерік-жігерін шыңдау, әр күнді белсенді бастауға үйрету, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау да жобаның басты бөліктерінің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде экологиялық мәдениетті арттыру бағытында жүйелі іс-шаралар жүргізілуде. Сол бағытта «Жастар Рухы» қозғалысы спорттық және экологиялық мазмұнды біріктірген республикалық Road-эстафетаны ұйымдастырды. Эстафета 30 қыркүйек – 6 қазан аралығында Алматы – Қызылорда бағыты бойынша өтеді.
Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта өткен жоба жастар мен спорт сүйер қауым үшін ерекше серпіліс сыйлады.

Іс-шараға «AMANAT» партиясының белсенділері, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен қала жастары қатысты. Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы және аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов жастармен әңгіме жүргізіп, экологиялық мәдениетті насихаттады. Сондай-ақ, олармен бірге таңғы жаттығу жасап, салауатты өмірге үндеу жасалды.

Ұжымдық жаттығулар мен экологиялық акциялар қатысушылардың бірлігін нығайтып, командалық рухты, жеңіске деген сенімділікті арттырады. Эстафета қатысушылары Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды еңсереді.

Жоба тек қоқыс жинау емес, халықпен кездесулер, депутаттардың қабылдаулары, жастарға арналған ашық алаңдағы іс-шаралар мен таза ауадағы жаттығуларды қамтиды.

Бұл бастама ел жастары арасында экологиялық жауапкершілік пен белсенді өмір салты мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, ұлт болашағының рухани және физикалық дамуына серпін беріп отыр. «Чемпиондық Рух» жобасы жастарға өз әлеуетін танытуға, табиғатты қорғау мен денсаулықты нығайтудың мәнін ұғынуға мүмкіндік берді. Осындай ауқымды шаралар арқылы жас буынға «Таза табиғат – таза сана, мықты денсаулық – мықты ел» қағидатын сіңіру көзделуде.


ПІКІР ЖАЗУ