Халықтар достығы – халық қазынасы

Қазақстан – жүздеген ұлт пен ұлыстың ортақ шаңырағы, достық пен татулықтың мекені. Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап этностар арасындағы өзара сыйластық пен бірлікке ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы ел ішіндегі тұрақтылықтың, қоғамдық келісімнің және мәдени әралуандықтың басты кепіліне айналды. Әрбір ұлттың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тілін сақтап, оны дамыту – еліміздегі бейбіт өмірдің берік негізі. Осындай мақсатта еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, этнос өкілдерінің достығын паш ететін кездесулер мен концерттер өткізіліп келеді.
Осы игі дәстүрдің жалғасы ретінде Шымкент қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Халықтар достығы – халық қазынасы» тақырыбында мерекелік концерт өтті. Қалалық иран этномәдени бірлестігі ұйытқы болған іс-шараның мақсаты – этномәдени бірлестік өкілдерінің ұлттық мәдениеті мен өнерін жұртшылыққа көрсету арқылы ел бірлігін бекемдеу және этностар арасындағы достықты дәріптеу негізінде қоғамдық келісімді сақтау.
Мерекелік концертке қала тұрғындары, қалалық этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты. Шара барысында әртүрлі этностардың өкілдері сахнада өз мәдениеттерін таныстырып, көрерменге әсерлі өнер тарту етті.
Қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов өз сөзінде қатысушыларды құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін бекемдеу мен бейбітшілік пен қоғамдық келісім құндылықтарын сақтаудағы рөлі туралы айтты.
– Біздің басты құндылығымыз – бірлік пен өзара құрмет. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы қағидатты басшылыққа алып, түрлі этностарды ортақ мақсатқа біріктіріп келеді. Осындай мәдени іс-шаралар достық пен сыйластықты, өзара құрметті нығайтады, – деді.
Концерт барысында қалалық иран этномәдени бірлестігінің мүшелері ұлттық әндері мен билерін орындап, көрерменге өзіндік салт-дәстүрі мен мәдени байлығын таныстыратын көріністер ұсынды. Ал өзге де қалалық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары концертке белсене атсалысып, жиналған қауымға өз өнерлерін көрсетті.
Мерекелік іс-шара соңында концертке қатысушылар достық пен бейбітшілік символына айналған «Қазақстан – Отаным» әнін орындап, көпшіліктің алғысына бөленді. Бұл көрініс елдегі түрлі этностардың тату тіршілігі мен ортақ болашағына деген сенімді тағы бір мәрте айқындады. Мерекелік кеш көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, халықтар достығының мәңгілік құндылық екендігін дәлелдеді.








